«Заң мен тәртіп» – қоғам өмірінің ажырамас бөлігі

Қысқаша

«Заң мен тәртіп» – қоғам өмірінің ажырамас бөлігі

Шымкент қаласы прокуратурасының отандық IT-әзірлеушілермен бірлесіп жасалған, есірткі қылмысына қарсы күреске арналған, екі инновациялық құрал – «Crypto Trace» және «ProkAi» Бас прокуратурада таныстырылды. 

image.png

Екі жоба да Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасын қоғамда ілгерілету шеңберінде өтеусіз негізде іске асырылды және прокуратураның теңгеріміне берілді. 

«Crypto Trace» – бұл жаңа буынның іздеу жүйесі, ол желідегі транзакцияларды талдауға және есірткі бизнесінің ақшасын анықтауға көмектеседі. Ал «ProkAi» – интернеттегі есірткі саудасын анықтауға қабілетті интеллектуалды платформа. Жасанды интеллект 24/7 жұмыс істейді және кәсіби маманға қарағанда ондаған, тіпті жүздеген есе көп іздеу операцияларын орындауға қабілетті. «ProkAi» чат-боты жұмыс істеген үш айдың ішінде 2 000-нан астам дропперлер шоты анықталды. Бағдарлама қылмыскерлерден алынған SimBox құрылғыларының көмегімен есірткі дүкендерінің жүздеген нөмірлеріне қосылады және қылмыстық шоттардың кең ауқымын қамтамасыз етеді. Жаңа құралдар ресурстарды оңтайландыруға және кадрларды басқа да басым міндеттерді шешу үшін босатуға мүмкіндік береді. Бағдарламалық өнім нақты тергеп-тексеруде – есірткі дүкеніне қатысты қылмыстық іс бойынша сыналды. Дропперлердің 15 мыңнан астам – оның ішінде 2 мыңға жуығы қазақстандық, 13 мыңнан астамы шетелдік және 620 криптовалюта шоттары анықталды. Жүзден астам дропперлер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Соңғы пайда табушылардың нақты крипто-әмияндарын тез арада анықтауға мүмкіндік туды, бұл тергеп-тексерудің тиімділігін едәуір арттырды. Бұл әмияндарда шамамен 5 млн USDT сомасына активтер бар, бұл есірткіні сатудан болатын заңсыз қаржылық ағындардың айтарлықтай көлемін көрсетеді. Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлері мен IT-компаниясының әзірлеушілеріне «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету ісінде «ақылды» шешімдер жасауға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс жарияланды. Әзірленген бағдарламалар бүкіл ел бойынша азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін енгізілетін болады. ЖИ құқықтық тәртіптің бір бөлігіне айналады – бұл тек тергеп-тексеруге ғана емес, сонымен қатар технологияны қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алуға да көмектеседі.

Zanmedia.kz хабарлауынша, дроппер дегеніміз – алаяқтар ұрлаған ақшаны өзінің банк картасы арқылы өткізетін адам. Көп жағдайда дропперлер өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсінбейді. Өйткені алаяқтар дроппердің сеніміне кіріп, өз әрекетінің заңды екенін түсіндіріп, банк картасы арқылы әртүрлі адамдардың шоттарынан ұрланған, заңсыз алынған ақшаны аудару үшін пайдаланады. Олар дропперлер арқылы өздеріне ақша аудартып немесе қолма-қол ақша шештіріп алғанымен, өздері тасада қалады. Дропперлердің мұндай аударым жасауға не үшін келісімін беретіні түсінікті. Өкінішке қарай, көп жағдайда алаяқтарға ақшаға мұқтаж студенттер, жұмыссыздар, егде жастағы зейнеткерлер алданады. Өйткені, алаяқтар ол азаматтарға банк картасын пайдаланғаны үшін ақшалай сыйақы береді. Осылайша дроппер өзінің алаяқтар ойластырған қылмысқа қатысушы екенін, өз банк картасы арқылы алданған адамның немесе ұрланған ақшаның аударылып жатқанын түсінбей де қалады. Бұл қазіргі уақыттағы алаяқтықтың жаңа заманауи әдісінің бірі. Заң бойынша банк картасын атына рәсімдеген адам өзінің есепшоты арқылы жасалған барлық банктік операциялар үшін, соның ішінде интернет немесе мобильдік банкинг арқылы логин, парольді қолданумен жасалған операциялар бойынша дербес жауапты болады. Сот тәжірибесі көрсеткендей қазіргі уақытта талап қоюшылар сотқа дропперден негізсіз иеленіп алған ақшаны өндіру талаптарымен жүгінуде. Талап қоюшылардың мұндай талабы Азаматтық кодекстің 953-бабына негізделген. Аталған заң нормасында заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi алдыңғысына қайтаруға мiндеттi екендігі көзделген.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары есірткінің таралуын болдырмау, осы мәселеге тап болғандарға салауатты және толыққанды өмірге оралуға көмектесу үшін алдын-алуға, оңалтуға және білім беруге назар аудару маңызды деп санайды. Нашақорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер болып табылады. Есірткі адамдардың денсаулығына, әлеуметтік байланыстарға және экономикаға жойқын әсер етеді. Нашақорлық – бұл есірткіні үнемі қолдану қажеттілігімен байланысты созылмалы психикалық және физикалық ауру. Нашақорлыққа әкелетін негізгі себептер мыналарды қамтуы мүмкін, мәселен генетикалық бейімділік немесе ми химиясының бұзылуы дейді дәрігерлер. Сондай-ақ олардың айтуынша, нашақорлыққа  құрдастардың қысымы, белгілі бір топқа енуге деген ұмтылыс, білім деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық әсер етуі мүмкін. Ол әлеуметтік факторға жатады. Стресс, мазасыздық, депрессия да адамды нашақорлыққа әкелуі ықтимал. Дәрігерлердің айтуынша, нашақорлықтың салдары өте ауыр болады. Ең біріншіден нашақорлық жеке адамның денсаулығына да, жалпы қоғамға да үлкен зиян келтіреді. Денсаулық жағына келсек физикалық және психикалық проблемалар туғыздырады. Есірткінің кесірінен жұқпалы аурулардың таралуы орын алады. Мысалы, оған АИТВ және гепатит аурулары кіреді. Одан бөлек нашақорлықтың әлеуметтік салдары қиын болады. Есірткіге берілу отбасылардың жойылуы, қылмыстың артуы, экономикалық жағдайдың нашарлауына әкеп соқтырады. Сондықтан нашақорлықпен күресу үшін қоғамның барлық деңгейлерінде кешенді шаралар маңызды екенін айтады құзырлы орган өкілдері. Оның бірден-бір жарқын үлгісі қалалық прокуратура ІТ мамандарымен бірлесіп әзірлеген жоғарыдағы электронды платформалар. Заң органы өкілдерінің мәлімдеуінше, жастар арасындағы ақпараттық жұмыс, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы есірткінің зияны туралы білім беру бағдарламалары да пайдасын беріп жатыр. Бұл тұрғыда тәртіп сақшылары оқушылармен, студенттермен кездесулер ұйымдастырып жүр. Осындай іс-шаралардың талайы осы күнге дейін Шымкент қаласында өткізілді. Онда тәртіп сақшылары прокуратура қызметкерлері жастарға заңның маңыздылығы мен оны бұзған азаматтарға көрілетін шаралар мен жауапкершіліктерді түсіндіреді. Сонымен бірге  нашақорларды оңалту орталықтарын құру, психологиялық қолдау және әлеуметтік бейімделудің де маңыздылығы жоғары. Заң шараларына тоқталсақ есірткіні заңсыз өндіргені және өткізгені үшін жазаны қатаңдату, есірткі айналымын бақылау қажеттігін айтады мамандар. Бұл мәселе осы күнде күштік құрылымдар тарапынан жан-жақты қолға алынып жатыр. Жасанды интеллектіні қолданып интернеттегі есірткі саудасын, қаржы аударымдарын бақылаудың өзі үлкен еңбектің атқарылып жатқандығының белгісі. Сондай-ақ нашақорларға, соның ішінде алмастыру терапиясына қолжетімді медициналық көмек көрсету де елімізде жолға қойылған. Мәселен, Шымкент қаласындағы әртүрлі писихотраптық заттарға тәуелді болған адамдарды емдейтін орталықта қосымша қызметтер қарастырылған. Ол жерде адамдар жасырын түрде тексеріліп, қажетті емін ала алады. Сонымен бірге есірткі, алкоголь немесе басқа да мас қылушы заттардың шырмауына түскен азаматтарға медициналық түрлі кеңестер беріледі. Қорыта айтқанда, нашақорлыққа қарсы күрес мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір адамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. 

Цифрлық жүйені пайдаланып, заңсыздықпен күресу мәселесі елімізде мықтап қолға алына бастағанын қалалық прокуратура жүзеге асырған бастамадан көруге болады. Осындай заманауи электронды қызметтер мегаполисте бүгінде көбірек қолданыла бастағанын статистика көрсетіп отыр. Мәселен, Шымкентте дәл осы күндері «Заң мен тәртіп» цифрлық сервисі арқылы құқық бұзушылар жауапқа тартылуда. Шымкент қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші «Заң мен тәртіп» цифрлық сервисі арқылы түскен арыз негізінде жауапкершілікке тартылды. Қала тұрғыны eGov Mobile қосымшасы арқылы көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай тудырғаны туралы полицияға хабарлап, жайттың бейнежазбасын жолдаған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оған қатысты әкімшілік шара қабылдады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тұрғындар полицияға құқық бұзушылықтар туралы хабарлауда жаңа сервисті белсенді пайдаланып келеді. «Заң мен тәртіп» сервисі тәулік бойы жұмыс істейді және оқиға туралы ақпаратты полицияға ыңғайлы жеткізуге мүмкіндік береді. Арыз беру үшін eGov Mobile қосымшасын немесе бұл сервис қолжетімді кез келген банк қосымшасын ашып, «Заң мен тәртіп» белгісін таңдап, қысқаша форманы толтыру жеткілікті. Онда құқық бұзушылық түрі мен оның орын алған жері көрсетіледі. Кейін ақпарат полиция органдарына түседі. Сервис іске қосылғалы Шымкент қаласының полициясына азаматтардан шамамен 1400 өтініш түскен. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу, жол-көлік оқиғалары және өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты.

Жалпы заңды күшейту адамды қанау емес, қоғамдық тәртіп орнату екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтып өткен болатын. «Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру»,– деген еді Президент. Яғни қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына байланысты. 

«Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанның басты ұстанымдарының бірі. Әр азамат заңды құрметтеп, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінген жағдайда ғана қоғамда тұрақтылық пен сенім орнайды. Мемлекет құқықтық саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар атқаруда. Полиция қызметін жаңғырту, сот жүйесінің ашықтығын арттыру және қоғамдық бақылауды дамыту – әділдікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктері. Заң үстемдігі бар жерде әділдік орнайды, ал тәртіп сақталған қоғамда бейбіт өмір мен өркендеу болады. Сондықтан әрбір азаматтың міндеті – өз елінің заңдарын сақтау және қоғамға үлгі болу.

Ә.ҚОНЫСБАЙ