Кадрлық іріктеудің жаңа стандарты: Тамыр-таныссыз жұмысқа тұру мүмкін бе?

Қысқаша

Кадрлық іріктеудің жаңа стандарты: Тамыр-таныссыз жұмысқа тұру мүмкін бе?

Қазіргі заманның басты талабы – ашықтық пен цифрландыру. Мемлекеттік қызметтің кез келген бағыты цифрлық жүйеге көшіп, халыққа барынша қолайлы болуға ұмтылып келеді.

image.png

Бұрын тек қағазбастылық пен ұзақ күтуге негізделген үрдістер енді бір батырмамен шешілетін деңгейге жетті. Елімізде Ішкі істер министрлігі іске қосқан жаңа «Qyzmet-Police.kz» платформасы да осы өзгерістердің бірі. Бұл жоба ішкі істер органдарына қызметке қабылдау процесін түбегейлі жаңартты.

Бұрын полиция қатарына қосылу жолы күрделі, тіпті кейде түсініксіз болатын. Кандидат бірнеше анықтама жинап, кадр бөлімдерін аралап, түрлі комиссиядан өтетін. Кейде бос орын туралы ақпарат дер кезінде жетпей, адамдар айлап күтуге мәжбүр еді. Ал енді бұл ескі жүйенің дәуірі аяқталды. «Qyzmet-Police.kz» платформасы арқылы еліміздің кез келген азаматы полиция қызметіне кезексіз, артық құжатсыз, онлайн форматта өтінім бере алады. Бұл жаңа жүйе бір қарағанда жай ғана сайт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде ІІМ-нің кадр саясатына жаңа көзқарас әкелген, жүйелі әрі терең трансформация. Ең бастысы ол барлығына тең мүмкіндік береді. Бұрын біреулер «жұмысқа тек таныс арқылы кіруге болады» деп ойлайтын болса, енді ондай түсінікке орын жоқ. Жаңа жүйеде адам тек өз еңбегімен, білімімен, дайындық деңгейімен бағаланады.

Платформа қалай жұмыс істейді? Барлығы өте қарапайым. Кез келген азамат «Qyzmet-Police.kz» сайтына кіріп, өз өңіріндегі немесе басқа облыстардағы вакансиялар тізімін қарай алады. Әрбір лауазымның сипаттамасы, жалақы мөлшері, тұрғын үй төлемдері және басқа да әлеуметтік жеңілдіктер автоматты түрде көрсетіледі. Үміткер өзіне ыңғайлы қызметті таңдап, өтінімін бірнеше минуттың ішінде жолдайды. Бар болғаны интернет пен жеке деректер қажет. Ең қызығы құжаттар бір рет қана жүктеледі. Бұрын әр кезеңде түрлі құжаттарды қайта тапсыру, түпнұсқасын көрсету талап етілетін. Енді барлығы цифрлық форматта сақталады. Бұл үміткердің уақытын үнемдеп қана қоймай, ІІМ кадр бөлімдерінің де жұмысын жеңілдетеді. Енді олар қағазбен емес, нақты мәліметпен жұмыс істейді.

Тағы бір үлкен артықшылығы – ашықтық. Әрбір қадам цифрлық із арқылы тіркеледі. Яғни өтінім берген сәттен бастап, сұхбатқа шақырылғанға дейінгі барлық кезең электронды түрде бақыланады. Бұл жүйе адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Бір сөзбен айтқанда, енді «кім өтінішті қарады», «неге менің өтінімім өтпеді» деген сұрақтар туындамайды. Барлығы жүйеде анық көрініп тұрады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменовтің айтуынша, «Qyzmet-Police.kz» платформасы тек ыңғайлы сервис емес, сонымен қатар министрліктің кадр саясатын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық жоба. Бұған дейін ішкі істер органдарына қабылдау процесі көбіне жабық өтетін. Үміткерлер өз өтінішінің не себепті қабылданбағанын немесе қандай кезеңнен өтпей қалғанын біле бермейтін. Ал жаңа жүйе бұл олқылықты толтырды. Енді әрбір үміткер жеке кабинетінде өзінің өтінім мәртебесін бақылай алады. Мысалы, өтінім қабылданды ма, құжаттар тексерілді ме, сұхбат уақыты қашан белгіленген, бәрі нақты көрсетіледі. Бұл ашықтық азаматтардың сенімін арттырып қана қоймай, ІІМ қызметін қоғамға жақындатады. Сонымен қатар, платформа өңірлік теңсіздікті де азайтады. Бұрын облыс орталығынан шалғайда тұратын жастар бос орын туралы ақпаратқа кеш қол жеткізетін немесе мүлде білмей қалатын. Енді елдің кез келген нүктесінен интернет арқылы полиция қызметіне өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұл нағыз тең мүмкіндік принципінің жүзеге асуы.

Құзырлы орган бұл жобаны іске қосу арқылы тек кадр іріктеу процесін жаңғыртып қойған жоқ, сонымен бірге қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген көзқарасын өзгертуді де мақсат тұтты. Бұрын «полиция тек жазалаушы орган» деген түсінік басым болатын. Енді олар жаңа буынды, заманауи ойлайтын, ашықтық пен әділдікті бағалайтын мамандарды тартқысы келеді. «Qyzmet-Police.kz»  дәл осы буынға арналған цифрлық есік. Платформа іске қосылған алғашқы апталардың өзінде-ақ үлкен қызығушылық тудырды. Әлеуметтік желілерде жүздеген үміткер өз тәжірибесін бөлісіп, «бәрі түсінікті, ешқандай кедергі болған жоқ» деп жазуда. Кейбірі бұрын мұндай мүмкіндіктің болмағанына өкініш білдірсе, енді бірі «цифрлық іріктеу әділ шешім» деп бағалады.

Қазір Ішкі істер министрлігі, Шымкент қаласы Полиция департаменті өз қатарына білікті, заңды жақсы білетін, ел қауіпсіздігіне адал қызмет ететін жас мамандарды тартуға мүдделі. «Qyzmet-Police.kz» жүйесі арқылы іріктелген кадрлардың сапасы да жоғары болатыны анық. Себебі мұнда ешкімнің жеке қатынасы немесе «таныстық факторы» әсер етпейді. Тек үміткердің білімі, тәжірибесі, моральдық және кәсіби дайындығы ғана есепке алынады.

Платформадағы тағы бір ыңғайлы тұс – әр қызмет бойынша барлық ақпарат нақты жазылған. Мысалы, патрульдік полицияның бос орнына өтініш берген адам ол қызметтің міндеттері мен талаптарын алдын ала көреді. Қай уақытта жұмыс істейтіні, қандай физикалық дайындық керек, қандай құжаттар қажет бәрі егжей-тегжейлі түсіндірілген. Бұл кандидаттарға нақты дайындалуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жүйе үміткерлерге жалақы көлемін, әлеуметтік пакеттер мен тұрғын үй төлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде көрсетеді. Бұрын мұндай деректерді білу үшін кадр бөліміне хабарласу немесе таныстардан сұрау қажет болатын. Енді бәрі ашық: адам өзіне қолайлы аймақ пен қызмет түрін таңдап, шешім қабылдай алады. Бұрынғы жүйеде адам факторына тәуелділік жоғары еді. Кейде өтінімдер қағаз күйінде жоғалып кетіп, кейбір құжаттар уақтылы тіркелмей қалатын. Ал жаңа платформада мұндай жағдай болмайды, өйткені әрбір өтінім автоматты түрде тіркеліп, арнайы базаға енгізіледі. Егер үміткер сұхбаттан өтпесе де, оның нәтижесі жүйеде сақталады. Бұл да әділдіктің нақты кепілі.

Платформа ІІМ кадр саясатын түбегейлі жаңартып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да бағытталған. Іріктеудің әр кезеңі электронды форматта тіркеліп отырғандықтан, қандай да бір субъективті шешім қабылдауға мүмкіндік жоқ. Мұның өзі ішкі істер органдарына қоғамның сенімін арттырады. ІІМ басшылығы бұл жобаны «заманауи полицияның бейнесін қалыптастырудың алғашқы қадамы» деп атап өтті. Себебі цифрлық жүйе тек үміткерлер үшін емес, министрліктің өз қызметкерлері үшін де тиімді. Олар енді қағаз құжаттарды емес, нақты деректерді талдай алады, кадр резервін қалыптастыруда уақытты үнемдейді.

Болашақта «Qyzmet-Police.kz» платформасы тек қабылдау процесімен шектелмейді. Министрліктің жоспары бойынша, келешекте бұл жүйе арқылы қызметкерлердің мансаптық өсуі, оқыту курстарына жазылуы, біліктілікті арттыру бағытындағы шаралар да автоматтандырылады. Яғни бұл жоба  Ішкі істер министрлігінің кадрлық экожүйесіне айналуы ықтимал. Платформаның тағы бір маңызды әсері – жастардың қызығушылығын арттыру. Қазір полиция қызметін таңдаушылардың көбі – жаңа буын өкілдері. Олар үшін әділдік пен ашықтық бәрінен маңызды. «Qyzmet-Police.kz» осындай талаптарға толық сай келеді. Бұл ІІМ-нің заманауи қоғаммен үндесіп отырғанын көрсетеді.

Кейбір сарапшылар бұл жобаны «цифрлық әділдік алаңы» деп атады. Өйткені мұнда ешкімнің құқығы шектелмейді, ешкім артықшылыққа ие емес. Барлық үміткер тең дәрежеде бағаланады. Мұндай тәсіл қоғамда «полицияға кіру тек таныстық арқылы мүмкін» деген ескі көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Сондай-ақ, платформа азаматтардың құқық қорғау саласына деген сенімін нығайтуға бағытталған. Ашық іріктеу процесі полицияның беделін көтеріп, халық алдында оның бейнесін жақсартады. Бұл ұзақ мерзімде елдегі құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздік мәдениетіне де оң әсерін тигізбек.

«Qyzmet-Police.kz» бүкіл мемлекеттік қызмет жүйесі үшін үлгі боларлық тәжірибе. Мұндай платформалар арқылы еліміздегі кадрлық іріктеудің жаңа стандарты қалыптасып келеді. Бұрынғы дәстүрлі тәсілдердің орнына сенім мен әділдікке негізделген жаңа қағидаттар келеді. Қазір қоғам ашықтықты талап етеді. Әр азаматтың «менің өтінішім әділ қаралды ма?» деп сұрауға құқығы бар. Сол сұраққа нақты жауап беретін жүйе осы. Бұл мемлекеттік басқарудағы мәдени өзгеріс болса керек. Егер бұрын полиция қызметіне қабылдану үрдісі қорқынышты әрі күрделі көрінсе, енді бәрі айқын және қолжетімді. Кез келген азамат өз смартфоны арқылы бірнеше минут ішінде өтінім беріп, оның нәтижесін онлайн бақылай алады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкері Ерғали Сүлейменов атап өткендей, «Qyzmet-Police.kz»  жай ғана сайт емес, ол қоғам мен полиция арасындағы сенім көпірі. Мұндай бастамалар арқылы ішкі істер органдары халыққа жақындай түседі. Азаматтар полицияны тек тәртіп орнатушы емес, әділ әрі ашық мемлекеттік институт ретінде қабылдай бастайды. Қорыта айтқанда, «Qyzmet-Police.kz» платформасы уақыт талабына сай туған шешім. Ол ішкі істер органдарының кадрлық саясатын жаңа деңгейге көтеріп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтады. Бұл қағазсыз, кедергісіз, парасыз іріктеу дәуірінің бастауы.

Енді Қазақстанда полицияға қызметке тұру бұрынғыдай қиын емес. Ешқандай таныс іздеудің, қағаз жинаудың, кабинеттер жағалаудың қажеті жоқ. Бар болғаны интернетке қосылып, өз мүмкіндігіңе сену жеткілікті. Әр азаматқа тең мүмкіндік беретін жүйе – міне, нағыз әділ қоғамның көрінісі. «Qyzmet-Police.kz» бұл жаңа заманның полициясына апарар жол. Цифрлы форматтағы әділдік, ашықтық және сенім  Ішкі істер министрлігінің жаңа бет-бейнесін қалыптастырып отыр. 

Аида ӨТЕП