Қазақ үшін төрт түлік тіршіліктің өзегі, дастарқанның ырысы, ауылдың абыройы. Сол себепті мал ұрлығы мен сапасыз ет өнімі елдің тыныштығына да, халықтың денсаулығына да үлкен қауіп.

Соңғы жылдары бұл мәселе өзекті болып отыр. Кейде ұрланған мал сойылып, бақылаусыз ет ретінде базарға түсіп жатады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін Шымкент қаласында полиция қызметкерлері кең ауқымды тексеріс жүргізіп жатыр.
Бұл бастама Ішкі істер министрлігінің және Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылығының нақты нұсқауына сәйкес қолға алынған іс. Негізгі мақсат – мал ұрлығына қарсы іс-қимылды күшейтіп, мал мен ет өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою. Ірі қалалар мен ауылдық аймақтарда жиі орын алатын мал ұрлығын тек іздеумен емес, оның түп-тамырын жою арқылы тоқтату көзделіп отыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, арнайы құрылған жұмыс топтары қала аумағындағы барлық ет сататын орындарды, мал тасымалдауға арналған автокөліктерді және мал сою цехтарын тексеруге кіріскен. Бұл топтардың құрамында полиция қызметкерлерімен бірге ветеринария саласының мамандары да бар. Олар ет өнімдерінің сапасын, тиісті рұқсат құжаттарының болуын, санитарлық талаптардың сақталуын мұқият қадағалайды.
Тексерулердің басты бағыты – заңсыз тасымалданған немесе күмәнді жолмен алынған мал өнімдерінің сатылымға түсуін болдырмау. Кейде ұрланған мал көрші облысқа немесе ауданға жеткізіліп, заңды мал ретінде сойылып, базарға шығарылады. Мұндай тізбекті үзу үшін бақылау жүйелі және ауқымды түрде жүргізілуде. Қала ішінде және қала маңындағы базарларда, ет дүкендерінде, шағын қасапханаларда тексеру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Арнайы топтардың өкілдері әр дүкенге кіріп, сатылып жатқан еттің қайдан келгенін, малдың иесі туралы құжат бар-жоғын сұрап, тексеріс жүргізеді. Кейбір сатушылардың қолында ветеринарлық анықтама болмаса, өнім бірден тәркіленеді. Бұл шаралар, бір жағынан, кәсіпкерлерді тәртіпке шақырса, екінші жағынан тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мал ұрлығы жай ғана қылмыс емес, ол ауылдағы адамдардың еңбегіне, күнкөрісіне соққы. Бір сиырын, бір жылқысын бағып, отбасының нәпақасын айырып отырған адамның малы ұрланса, ол тек экономикалық емес, моральдық соққы алады. Сондықтан мұндай әрекеттерге «ұсақ қылмыс» деп қарауға болмайды. Осыны түсінген Шымкент полицейлері мал ұрлығының алдын алу бойынша жан-жақты жоспар жасап, соны іс жүзінде жүзеге асыруда. Жоспар аясында тексерістермен қатар, түсіндіру жұмыстары да жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері шаруа қожалықтарына, мал базарларына барып, азаматтармен әңгімелесіп, өз малын есепке қоюдың, сәйкестендіру нөмірін (бирка) орнатудың маңыздылығын түсіндіруде. Себебі кейде ұрланған малды іздегенде, иесінің қолында ешқандай тіркеу құжаты болмай, істің нәтижесі қиындап кетеді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары технологияның көмегімен мал ұрлығының жолын кесу жеңілдеп келеді. Қазір малдың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін заманауи әдістер бар. Бірақ бұл тәсілдер баршаға қолжетімді емес, ал кей шаруа қожалықтары әлі күнге дейін ескі әдіспен жұмыс істейді. Сондықтан профилактика шаралары тексерумен қатар жүріп жатыр. Тексеру жұмыстары кезінде полиция қызметкерлері мен ветеринарлар мал сою орындарының санитарлық талаптарға сәйкестігін де қадағалауда. Көптеген шағын қасапханаларда ет сақтау бөлмелерінің температурасы тиісті нормаға сай келмейтіні, тазалық шаралары дұрыс жүргізілмейтіні анықталуда. Мұндай кемшіліктердің барлығы актіге тіркеліп, кәсіп иелеріне ескерту жасалуда.
Бұған қоса, жол үстінде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер де назардан тыс қалмайды. Көп жағдайда ет өнімдері тиісті сертификатсыз, тіпті салқындатқыш құрылғысыз тасымалданатыны анықталған. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді. Полиция қызметкерлері мұндай заңсыз тасымалдаушыларды бірден тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырады. Шымкент қаласы ПД басшылығының айтуынша, арнайы топтардың жұмысы уақытша емес бұл тұрақты бақылау жүйесіне айналады. Себебі мал ұрлығы мен заңсыз ет саудасы тек күзгі не қысқы маусымда емес, жыл бойы кездесіп тұратын мәселе. Осыған байланысты қалада жыл он екі ай бойы мониторинг жүргізілетін болады.
Қазірдің өзінде бірнеше базарда заңсыз өнім сатумен айналысқан жеке кәсіпкерлер анықталды. Олардың кейбірі еттің шыққан жерін дәлелдей алмай, тексеру кезінде құжатсыз өнім ұсынған. Мұндай жағдайда ет өнімдері тәркіленіп, зертханаға жіберіледі. Егер оның сапасы мен шығу тегі күмән тудырса, тауар толықтай жойылады. Бұл қатаң шаралар халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Бір қызығы, бұл тексеріс тек сатушылар мен тасымалдаушыларға емес, тұтынушыларға да пайдалы болып отыр. Көптеген қала тұрғындары ет сатып аларда оның шыққан жеріне аса мән бермейді. Ал енді полиция мен ветеринариялық қызмет бірлесіп, ақпараттық науқандар өткізіп, тұрғындарға етті тек құжатпен, мөрмен расталған жерден сатып алу қажеттігін түсіндіруде.
Шымкент қаласы ПД мал ұрлығының алдын алуда ауыл тұрғындарының белсенділігін арттыруға да көңіл бөліп келеді. Әрбір ауылдық округте учаскелік полиция инспекторлары халықпен тығыз байланыс орнатып, «Қырағы көрші» қағидасын енгізуде. Яғни, ауылда бір-бірінің малын қорғау, күдікті көліктер мен бейтаныс адамдарды бақылау жүйесі жолға қойылып келеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай қоғамдық бақылау ұрыларға психологиялық тосқауыл жасайды. Себебі бұрын кей ұрлықтар дәл тұрғындардың өздерінің бейқамдығынан туындайтын. Ал қазір халықтың жауапкершілігі артқан сайын, қылмыс жасау мүмкіндігі азайып келеді.
Мал ұрлығымен қатар, оның екінші жағы – заңсыз ет айналымы да күрделі мәселе. Кейбір кәсіпкерлер арзан баға ұсыну үшін құжатсыз, күмәнді етті сатып алып, оны нарыққа шығарады. Бірақ мұндай әрекет бір ғана заң бұзушылық емес, ол тұтас азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сол себепті ветеринарлық қызметтің рөлі де ерекше. Тексеріс кезінде ветеринар мамандар әр ет үлгісін зертханалық тексеруге алып, оның сапасын анықтайды. Егер өнімде ауру белгілері немесе сапасыздық көрсеткіштері табылса, ол бірден айналымнан алынады. Кейде тіпті мұндай тексерістердің арқасында қауіпті аурулардың таралуының алдын алу мүмкін болып отыр.
Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар Ішкі істер министрлігі қолға алған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Республика көлемінде мал ұрлығына қарсы жүйелі саясат жүргізіліп келеді. Министрлік мал мен ет өнімдерінің қозғалысын бақылау үшін бірыңғай ақпараттық база қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл база арқылы әрбір малдың иесі, шығу тегі, тасымалданған жолы нақты көрсетіледі. Осындай жаңа тәсілдер мен ашық бақылау жүйесінің нәтижесінде болашақта заңсыз мал айналымы айтарлықтай азаяды деп күтілуде. Себебі бүгінгі тексерістер тек жазалау емес, тәртіп орнатудың бір бөлігі. Полицияның мақсаты – қылмысты анықтау ғана емес, оның қайталануына жол бермеу.
Мал ұрлығына қарсы күресте технологиямен қатар адам факторына да үлкен мән беріледі. Әрбір мал иесі өз жауапкершілігін түсініп, малды қараусыз қалдырмауы, түнгі уақытта бақташы жалдауы, жарық шамдары мен бейнебақылау орнатуы керек. Бұл полицияның талап етіп отырған ең қарапайым, бірақ тиімді қауіпсіздік шаралары.
Шымкент қаласының Полиция департаменті қазір «Заң мен тәртіп – ел амандығының кепілі» ұранымен жұмыс жүргізіп отыр. Бұл тек ұран емес, нақты іс-әрекетке айналған қағида. Әр қызметкердің басты мақсаты – азаматтардың тыныштығын, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қалалық полиция басшылығы алдағы уақытта мұндай тексерістердің жиілігін арттыруды жоспарлап отыр. Себебі нәтижелер көрсетіп отырғандай, бұл шаралар тиімділігін дәлелдеп келеді. Тәртіп күшейген сайын, заңсыз ет айналымы азайып, мал ұрлығының көрсеткіші төмендеп отыр.
Тексерістер барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша бірқатар іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді. Кейбір кәсіп иелеріне айыппұл салынса, басқаларының қызметі уақытша тоқтатылды. Бірақ полиция өкілдері бұл шаралар жазалау үшін емес, тәртіп орнату үшін қажет екенін айтады. Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында ет сататын орындарға жүргізіліп жатқан тексерістер – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бұл жұмыстар мал ұрлығының алдын алу, заңсыз өнім айналымын тоқтату, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мал мен ет қазақ тұрмысының ажырамас бөлігі. Сондықтан бұл саладағы тәртіп пен әділдік – ел берекесінің кепілі. Шымкент полициясы мен ветеринария қызметінің бірлескен жұмысы осы мақсатқа қызмет етуде. Енді азаматтар өз қаласында сатылып жатқан еттің қауіпсіздігіне сенімді бола алады. Бір сөзбен айтқанда, Шымкентте заңсыздыққа жол жоқ. Әр малдың иесі белгілі, әр еттің құжаты бар, әр сатқан адам өз ісіне жауапты. Осындай жүйелі тәртіптің нәтижесінде қала тұрғындары үшін ең бастысы тыныш өмір мен қауіпсіз ас дастарқаны қамтамасыз етіледі.
Аида ӨТЕП




