Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру мақсатындағы кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу барысында жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, алаяқтық және құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттар беріліп, тәжірибелі мамандар нақты мысалдар арқылы құқықтық жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді.
Іс-шараға Абай ауданы прокуратурасының прокуроры Асқар Сатыбалды, Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау әзірлемелері басқармасының аға жедел уәкілі Жасұлан Құттыбек және Тұран ауданы полициясының майоры Минур Саятов қатысты. Іс-шараға қатысушылар құқық қорғау органдарының өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кеңестер алды.
Жалпы айтқанда заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды дейді құзырлы орган өкілдері. Студент жастардың арасында кең тараған құқық бұзушылық пен қылмыстың түрі – ол есірткі. Қазіргі таңда кейбір жастар есірткіні тек қолданғаны үшін емес, тіпті жәй ғана жеткізіп бергені үшін де ауыр жазаға тартылатынын түсіне бермейді. Сондықтан осы бағыттағы құқықтық нормаларды нақты мысалдармен түсіндірген қылмыстың алдын-алу болып саналады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Заң мен тәртіп – еліміздің тұтастығы мен дамуының берік негізі» деген ұстанымы ерекше мәнге ие. Президент белгілеп берген бұл қағидат қоғамдағы тәртіп пен әділдікті қамтамасыз етудің басты бағдарына айналуы тиіс. Қала жастарына арнап өткен кездесу – ел жастарының құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, Мемлекет басшысы ұстанған қағидаттардың өмірде нақты іске асып жатқанын көрсететін жарқын мысалдардың бірі. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бұл тұрғыда бала үшін отбасындағы тәрбиемен қатар университет, тіпті, мектеп қабырғасындағы құқықтық тәрбиенің де мәні зор. Осыған орай бүгінгі таңда Шымкенттің мектептерінде күнделікті ең қарапайым нормалар мен қоғамдық жерде өзін-өзі ұстау мәселелеріне арналған түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Педагогтер берген білім мен тәрбиенің нәтижесінде балалар алғаш рет заң, құқықтық нормалар мен талаптар деген бастапқы ұғымдармен танысуда. Бұл ретте оқушылар құқықтық тәрбие мен білімді уақытында алғандықтан әділдік, әділеттік, жауапкершілік, жеке адам құқықтары деген ұғымдарды терең түсінеді. Сондықтан заң мен тәртіп қағидатын түсіндіру арқылы жастарды өз құқықтарын жіті білетін, сауаты мол, көзі ашық, тәрбиелі қоғам мүшесі ретінде қалыптастыруға болады.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында мегаполис жаңа технологияларға арқа сүйей бастады. Яғни қалада алғаш рет дрондар инфрақұрылымы қолға алынды. Бұл орайда Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі «Smart Shymkent» жобасы аясында қаланы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Нәтижесінде қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылау үшін 5 дроннан тұратын бірыңғай инфрақұрылым пилоттық режимде іске қосылып отыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын жоба қала аумағында туындайтын мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Дрондардың негізгі артықшылығы сол ол заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты түрде анықтау, қоқыс алаңдарына жедел мониторинг жасау, құрылыс барысын фото-бейне бақылау, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету секілді жұмыстарды жылдам атқарады. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау халыққа түсіндіру бағытында Шымқалада құзырлы органдардың қатысуымен көптеген іс-шара ұйымдастырылып келеді. Соның бір мысалы ретінде қалалық прокуратураның бастамасын атап өтуге болады. Ол жастар тұтынатын вейпке қатысты мәселе. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, электрондық тұтыну жүйелерін (вэйптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз сақтау, тасымалдау, сату және тарату үшін қылмыстық жауаптылық (ҚК-нің 301-1-бабы) көзделген. Осыған байланысты және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының прокуратурасы 2025 жылдың 3-5 қараша аралығында электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды ерікті түрде тапсыру жөніндегі профилактикалық акция өткізеді. Қабылдау пункттері қаланың барлық аудандарында жұмыс істейді. Әрбір азамат вэйптер мен сұйықтықтарды ешқандай салдарсыз және жауапкершіліксіз ерікті түрде тапсыра алады. Акцияға қатысушыларға естелік сыйлықтар мен тәттілер табысталады. Шымкент қаласының прокуратурасы қала тұрғындарын, әсіресе, жастар мен ата-аналарды, вэйп қолданудан бас тартуға және жас ұрпақтың денсаулығын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады.
Электрондық темекі (вейп) қазіргі уақытта, әсіресе, жасөспірімдер арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Осыған байланысты әртүрлі елдердің ғалымдары электронды темекінің балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына әсерін зерттей бастады. Көптеген жасөспірімдер электронды темекі шегуге тырысады. Жиналған статистикаға сәйкес, 14 жастан асқан балалардың 40%-ы осы құрылғыны пайдалануға жүгінеді. Электрондық темекінің ағзаға қандай зияны бар? Егер сіз электрондық сигареттер зиянды ма, жоқпа деп ойлансаңыз, ескере кететін жағдай, жану процессі тек булануға ауыстырылды, бірақ құрамы іс жүзінде өзгерген жоқ. Никотин екі жағдайда да кездеседі, айырмашылық тек оны жеткізу әдісі мен қарқындылығында. Вейп сұйықтықтарының құрамына кіретін никотин тұрақты физикалық және психикалық тәуелділікті қалыптастыратын нейротоксиндер мен алкалоидтарға жатады, бұл никотинге тәуелділікпен күресте электронды темекінің пайдасы туралы барлық дәлелдерді жоққа шығарады. Никотин тамырларды бұзады, жүрек-тамыр, тыныс алу жүйесінің жағдайын нашарлатады. Никотинді үнемі қолдану, тіпті аз мөлшерде болса да, ауыр ауруларға әкеледі, бұл вейптің жасөспірімдерге тигізетін зиянын тағы бір рет растайды. Жоғарыда аталған аурулардан басқа: гастрит, асқазан жарасы, жүрек проблемаларын туғызады. Көптеген адамдар никотинсіз электронды темекінің зияны бар-жоғына қызығушылық танытады, сұйықтықта негізгі зиянды элемент жоқ болғандықтан. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, вейпнг қоспасының тағы екі компоненті-глицерин мен пропиленгликоль тыныс алу жүйесі мен асқазан-ішек жолдарының патологиялық бұзылыстарын тудыруы мүмкін, тістердің жағдайына теріс әсер етеді (будың тұрақты әсеріне байланысты), аллергиялық реакцияның себебі болуы мүмкін, сонымен қатар электронды темекіге бір реттік саптамаларды қолданудан бас тарту, бір саптаманы бірнеше адам қолданғандықтан герпес және басқа жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Будың өкпеге әсері ешқандай пайда әкелмейді, бірақ никотинге ұқсас нақты тәуелділікті тудыруы мүмкін. Жасөспірім кезінде электронды темекіні қолданудан бас тартқан дұрыс. Сонымен қатар, электронды темекі – бұл қауіпті құрылғылар, егер олар дұрыс пайдаланылмаса, жарылуы немесе тұтануы мүмкін. Мұндай қиындықтарды болдырмау үшін баланың өзі вейптің ағзаға тигізетін зияны туралы біліп, электронды темекіні пайдалануды тоқтатуы керек. Ол темекі шегу жасөспірімді өзіне өзін жау ететінін түсінуі, ең дұрысы оларды мүлдем шекпеу керек.
Заң мен тәртіп тек қоғамдық тәртіпті бұзбау үшін емес, барлық салада да керек. Осыған байланысты Шымкент қаласында тұрмыстық қауіпсіздік талаптарын сақтау және газбен уланудың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Қала тұрғындарына көмірқышқыл газының адам денсаулығына қауіптілігі және оның алдын алу шаралары туралы ескерту жасалып жатыр. Мамандардың айтуынша, көмірқышқыл газы (СО2) иіссіз және түссіз болғандықтан, оның бөлмеде жиналуы адам ағзасына ауыр әсер етеді. Газдың шамадан тыс мөлшерде жиналуы бас айналу, әлсіздік, естен тану және тыныс алудың тоқтауына дейін әкелуі мүмкін. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға тұрмыстық газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, желдету жүйесін үнемі тексеріп отыру және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қауіпсіздік –әр азаматтың басты міндеті. Газбен жұмыс істеу кезінде мұқият болу, өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығын сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Абай ауданының Ынтымақ шағын ауданында «Шымкент қаласының газ техникалық қызметі» мамандары мен қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп, тұрғындар арасында газбен байланысты қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында мамандар газбен жабдықтау жүйелерін дұрыс пайдалану ережелерін түсіндіріп, тұрмыстық газдан уланудың алдын алуға қатысты кеңес берді. Сондай-ақ, әрбір тұрғынның газ жабдықтарының техникалық жағдайына ұқыпты қарауының маңыздылығы атап өтілді. Мамандардың ескертуінше, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін төмендегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. «Тұрғындар газ жабдығын уақтылы тексертіп, газ тұтыну жүйесінің иелері оның техникалық жарамдылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Арнайы техникалық қызмет көрсету туралы шартсыз газ жабдығын пайдалануға болмайды», дейді олар. Сондай-ақ тұрғындарға жарамды құрал-жабдықты қолдануға, пеш пен мұржа сызатсыз әрі бітелмеген болуы керектігі де айтылды. Бұл апатты жағдайлардың алдын алудың негізгі шарты екенін де естен шығармау қажеттігі ескертілді. «Жақсы желдетуді қамтамасыз ету мен газ плитасын жылыту құралы ретінде пайдалану қауіпті» деп отыр мамандар. Себебі бұл газдан улануға әкелуі мүмкін. Ал газ иісі сезілсе, дереу «104» нөміріне хабарласу қажет. Мамандардың айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы газдан улану мен қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, газды пайдалану және газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабына сәйкес 7 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны да құлағдар етілді. Сондықтан қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды газ қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өйткені, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау әр адамның өзі мен жақындарының амандығын сақтаудың ең тиімді жолы.
Ә.ҚОНЫСБАЙ




