Қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Халық заңгері» атты республикалық әлеуметтік акция биыл да өз жалғасын тапты.

Шымкент қаласында бұл бастама ерекше деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ауқымды іс-шара өтті.
Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында өткен акция қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Кешкі уақытта ұйымдастырылған кездесу халыққа да қолайлы болды. Себебі жұмыс уақыты біткеннен кейін азаматтардың көбі заңгерлерге келіп, өздерін мазалап жүрген сұрақтарын еркін қоюға мүмкіндік алды. Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету. Кез келген тұрғын еліміздің заң қоғамдастығындағы ең білікті өкілдерден кеңес алып, маңызы бар мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік алды. Шара барысында қатысушыларға заңның әр саласы бойынша нақты, практикалық кеңестер берілді.
Іс-шараға қала прокуроры, оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау және жергілікті өкілетті органдардың басшылары қатысты. Бұдан бөлек, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар, сот орындаушылары және мемлекеттік қызметкерлер халықпен жүздесті. Бұл өз кезегінде азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңын қалыптастырды. Шымкент қаласының прокуроры өз сөзінде мұндай әлеуметтік акциялардың қоғамдағы әділдік пен сенімнің нығаюына ықпал ететінін айрықша атап өтті.
– «Халық заңгері» азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған іс-шара. Біздің басты мақсатымыз да, міндетіміз де әрбір азаматтың өз құқығын қорғап, заң шеңберінде әрекет етуіне мүмкіндік жасау. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі әділдік пен ашықтық. Бүгінгі акция осы қағидаттардың дәлелі болды. Құқық бұзушылықты азайту үшін ең алдымен құқықтық сауаттылықты арттыруымыз керек. Сондықтан, бұл акция алдағы уақытта да жалғаса береді. Кез келген сұрақтарыңызға мамандардан жауап ала аласыздар. Біз әрдайым сіздерге қызмет көрсетуге әзірміз, – деді қала прокуроры.
Акция барысында келушілер арасында жер дауы, тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік төлемдер, еңбек құқығы, неке мен отбасы қатынастары, бизнес пен кәсіпкерлікке қатысты сұрақтар жиі қойылды. Сондай-ақ, алимент өндіру, мүлікті бөлу, қарыз даулары және зейнетақы рәсімдеу секілді өзекті тақырыптар да кеңінен талқыланды. Мысалы, жергілікті тұрғындардың бірі, Гүлнар есімді азаматша біраз уақыттан бері жер учаскесінің құжатын рәсімдей алмай жүргенін айтты. «Бүгін осы акция туралы әлеуметтік желіден оқып, арнайы келдім. Заңгерлер бәрін түсіндіріп, қайда, қандай құжатпен жүгіну керегін нақтылап берді. Ең бастысы бәрі тегін. Мұндай мүмкіндік көп бола бермейді. Шынын айту керек, құқықтық сауаттылығымыз айтарлықтай жақсы емес. Сондықтан өзім сияқты қала тұрғындарына жақсы мүмкіндік болды», – дейді ол.
Иә, көптеген азаматтар үшін бұл акция тек құқықтық кеңес алу мүмкіндігі емес, сонымен қатар билік өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп, өз мәселесін жеткізудің тиімді алаңы болды. Қала тұрғындарына кеңес берген мамандардың қатарында Шымкент қаласы прокуратурасының, Әділет департаментінің, Полиция департаментінің, Мемлекеттік кірістер басқармасының, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының, сондай-ақ жеке адвокаттар мен нотариустар палатасының өкілдері болды. Барлығы бір алаңда жиналып, халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетті.
Адвокаттар палатасының мүшесі, тәжірибелі заңгер Ерлан Әбілдаев «Халық заңгері» акциясының маңызын былай түсіндірді: «Көп жағдайда адамдар өз құқықтарын білмегендіктен қиындыққа ұшырайды. Кейде қарапайым арызды дұрыс жазбағандықтан немесе қандай органға жүгіну керегін білмегендіктен уақыт жоғалтады. Осындай акцияларда біз азаматтарға заң тілімен емес, қарапайым, түсінікті тілде кеңес береміз. Бұл құқықтық мәдениетті елге айналудың маңызды қадамы». Акцияның ерекшелігі мұнда әрбір азамат тікелей практик мамандармен кездесіп, өз сұрағын жан-жақты талқылай алды. Тіпті кейбір даулы жағдайлар сол жерде шешімін тапты. Мысалы, еңбек дауына қатысты кеңес алған тұрғынға заңгер мен медиатор көмегімен тараптар келісімге келудің нақты жолдары көрсетілді.
«Халық заңгері» жобасы алғаш рет бірнеше жыл бұрын Әділет министрлігі мен «Заң» медиа-корпорациясының бастамасымен қолға алынған болатын. Бүгінге дейін бұл бастама халық арасында үлкен қолдау тауып, жыл сайын жүздеген мың азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетіп келеді. Шымкент қаласында өткен биылғы шара да сол игі дәстүрдің жалғасы болды. Қала тұрғындарының белсенділігі де жоғары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға 1000-нан астам адам қатысып, түрлі бағыттар бойынша 2000-нан аса кеңес берілген.
Мұндай іс-шаралар тек қала орталығында ғана емес, аудандарда да ұйымдастырылуда. Бұл туралы шара соңында сөз алған Әділет департаментінің өкілі: «Халыққа жақын болу біздің басты қағидамыз. Сондықтан осындай кездесулерді шалғай аудандарда да өткізу жоспарланған. Әрбір азаматтың құқықтық көмекке тең қолжетімділігі болуы тиіс. Қалада да, ауылда да біздің елдің тұрғындары. Сондықтан, барлық жерде құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын қолға алғанбыз», – деді. Шынында да, құқықтық сауаттылық қоғам дамуының басты көрсеткіші. Өйткені заңды білетін және оны құрметтейтін азамат өз құқығын қорғап, өзгенің құқығын бұзбайтын тұлға. Сондықтан «Халық заңгері» сынды акциялар азаматтық сана мен заңға деген құрметті арттыруға зор ықпал етеді.
Іс-шара аясында жастар да белсенділік танытты. Құқық мамандығында оқып жүрген студенттер, еріктілер мен жас заңгерлер акцияның ұйымдастырушыларына көмек беріп, халыққа бағыт-бағдар көрсетуге атсалысты. Бұл өз кезегінде болашақ заңгерлер үшін тәжірибелік алаңға айналды. Мұндай бастамалар қоғамның барлық тобына арналған. Әсіресе әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтар үшін бұл акция ерекше мүмкіндік. Зейнеткерлер, көпбалалы аналар, жұмыссыздар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздеріне қажетті құқықтық ақпаратты еш қиындықсыз алды.
Кеш бойы заңгерлердің қабылдау бөлмесінде тұрғындардың толассыз ағылған легі үзілген жоқ. Әркімнің өз уайымы, өз мәселесі бар. Біреу жер дауына байланысты сұрақ қойса, енді бірі алимент өндіру жолдарын білгісі келеді. Тіпті кейбір тұрғындар ұрпаққа мұра қалдыру мәселесі жөнінде нотариустардан кеңес алды. Қалалық сот орындаушылары борышкерлер мен алимент төлемей жүрген азаматтар туралы сұрақтарға жауап беріп, заң аясындағы жаңа өзгерістерді түсіндірді. Ал прокурорлар тұрғындарға қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық тәртіпті сақтау, өтініш жазу мәдениеті жөнінде кеңес берді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар осындай форматтағы кездесулердің жүйелі түрде өткізіліп тұратынын айтты. Себебі халықпен ашық сөйлесу, нақты көмек беру мемлекеттің беделін арттыратын, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтатын маңызды фактор. Қала тұрғындарының пікірінше, «Халық заңгері» секілді акциялар жылына бір рет емес, жиі өткізілсе, халықтың құқықтық сауаттылығы әлдеқайда жоғары болар еді. Себебі заң саласында ақпарат пен түсініктің аздығы кейде үлкен мәселелерге алып келеді. Акция соңында қала прокуроры тұрғындарға алғыс айтып, мұндай кездесулердің алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын жеткізді. «Біздің басты міндетіміз – халыққа қызмет ету. Заң бәрімізге ортақ, ал оны түсіндіру біздің парызымыз. Әр азамат өз құқығын біліп, заң алдында тең болуға тиіс. Осы жолда баршаңызға ашықпыз», – деді ол.
Соңғы жылдары елімізде заң саласына қатысты реформалар қарқынды жүріп жатыр. Әділет министрлігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен сот органдары цифрландыру, ашықтық және қолжетімділік қағидаттарын енгізуде. Осы тұрғыда «Халық заңгері» жобасы да сол мемлекеттік саясаттың бір бөлшегі саналады. Азаматтардың құқықтық санасы артқан сайын, қоғамдағы құқық бұзушылықтар азаяды. Ал заңды түсінетін, заңды құрметтейтін халық мемлекеттің үлкен тірегі. Сондықтан мұндай акциялар әр өңірде жалғасып, құқықтық мемлекет идеясын нақты іске айналдырып келеді.
Сонымен «Халық заңгері» республикалық акциясы халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, сенімнің және құқықтық мәдениеттің айқын көрінісіне айналды. Бұл мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігінің, ал азаматтың өз құқығына деген құрметінің символы. Акция аясында өткен шара қоғамның дамуы жолындағы тағы бір нақты қадам болса керек. Заң үстемдігі сақталған жерде әділдік орнайды. Ал әділдік бар жерде тұрақтылық пен сенім қалыптасады.
Аида ӨТЕП




