Шымкент қаласының Орталық саябағында өткен ерекше шара бұл жолы балалар мен ата-аналардың ғана емес, тұтас қоғамның назарын аударды. Күн шуақты сенбі күні ашық аспан астында 500-ден астам бала жиналып, полицейлер ұсынған жаңа анимациялық фильмнің тұсаукесерін тамашалады.

«BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» деп аталған мультфильм құқықтық тәрбие мен балалардың қауіпсіздігін түсіндірудің жаңа тәсілі.
Қаланың әр аумағынан келген балалар орындықтарға жайғасып, үлкен LED-экраннан көрсетілген мультфильмді қызыға тамашалады. Бірі күлді, бірі ойланды, енді бірі фильм біткен соң «тағы көреміз бе?» деп сұрап жатты. Бұл шараның мақсаты да осы еді – заңды ауыр сөзбен емес, жеңіл әрі баланың тілімен жеткізу. Осылайша заңды үйретудің жаңа форматы қолға алынды. Қазір балалардың көбі ертегі мен мультфильм арқылы ой түйеді. Оны жақсы түсінген Шымкент қаласы полиция департаментінің мамандары соңғы айларда үлкен еңбек атқарған. Нәтижесінде отандық анимацияға негізделген, балаларға арналған құқықтық жоба дүниеге келді.
«BalaZan» жобасы аясында түсірілген алғашқы бөлім бала өмірінде кездесетін күнделікті жағдайлар туралы. Мысалы, жолдан өту ережесі, бөтен адаммен сөйлеспеу, интернеттегі қауіпсіздік және ең бастысы – өз құқығын білу. Мұның бәрі мультфильм кейіпкерлері арқылы жеңіл, қызықты формада берілген.
Шараны ашқан Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері балаларға: «Біздің мақсат балаларға заңды жаттатқызу емес, оның мағынасын өмірмен байланыстыра үйрету. Әр бала өз құқығын, өз қауіпсіздігін қорғай білуі керек. Мемлекетіміздің азаматтары көп жағдайда құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігінен құқық бұзушылыққа жол беріп қояды. Осының алдын-алу үшін еліміздің ертеңгі болашағы, балаларымызды сауатты етіп өсіруіміз керек. Бұл біз үшін ең маңызды жұмыс», – деді.
Мультфильм кейіпкерлері өмірден алыныпты. Яғни, анимациялық фильмнің басты кейіпкері БалаЗан әділдік пен тәртіпті бейнелейтін кішкентай батыр. Ол өз достарымен бірге түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға тырысады. Бір эпизодта ол жолда достарын көлік астына түсуден сақтаса, енді бір көріністе мектептегі буллинг мәселесін шешуге көмектеседі.
Фильмнің тағы бір ерекшелігі – әр оқиға соңында полиция қызметкері немесе заңгердің шағын түсіндірмесі беріледі. Мәселен, буллинг туралы эпизодтан кейін «егер саған біреу қысым көрсетсе, үндемей қалма, ата-анаңа немесе ұстазыңа айт» деген қарапайым, бірақ маңызды кеңес айтылады.
Жобаның шығармашылық тобы балалардың жас ерекшелігі мен психологиясын ескере отырып, сценарийді қысқа әрі әсерлі етіп дайындаған. «Бала заңды түсінуі үшін ол оны көріп, сезінуі тиіс. Сондықтан біз құқықтық тақырыпты ойын, оқиға және эмоция арқылы бердік», – дейді мультфильмнің сценаристі.
Премьерадан кейін балалар мен ата-аналар өз әсерлерімен бөлісті. Анасымен бірге арнайы келген 10 жасар Аяулым: «Маған БалаЗан қатты ұнады. Ол ешкімге жамандық жасамайды, бірақ әділдікті қорғайды. Мен де сондай болғым келеді», – деді қуана. Ал анасы Ләззат: «Бұрын балама заң туралы айтсам, түсінбей, тез жалығып кететін. Ал қазір мультфильм арқылы бәрі жеңіл жеткізілді. Бұл өте дұрыс бастама. Келе жатқанда соңына дейін көре алар ма мекен деп едім. Соңына дейін тапжылмай қызыға қарап отырды», – деді ризашылығын білдіріп. Кейбір ата-аналар тіпті фильмнің жалғасы шықса екен деген тілек айтты. Себебі балалар арасында құқықтық сауаттылық мәселесі өте өзекті тақырып.
Полиция қызметкерлері балалармен кездесіп қана қоймай, олардың сұрақтарына да жауап берді. Көптеген бала «егер біреу маза бермесе не істеймін?», «интернетте бөтен адам жазса ше?» деген сұрақтар қойды. Осындай сәттерде полицейлер сабырмен түсіндіріп, әр баланың ойын мұқият тыңдады. Шымкент қалалық ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Мәулен Исаев өз сөзінде: «Заңды тек бұзбау үшін емес, өмірді жеңілдету үшін, құқықты сауатты болу үшін білу керек. Бала өз құқығын түсінсе, ол болашақта жауапкершілікті азамат болып өседі. Бұл мультфильм сондай мақсаттарды алға тартып көрсетілді», – деді. Сондай-ақ ол жоба тек Шымкентпен шектелмейтінін айтты. Алдағы уақытта Түркістан облысының өзге аудандарында да көрсетілімдер ұйымдастырылып, фильм мектеп бағдарламасындағы құқық сабағында көмекші құрал ретінде пайдаланылмақ.
Фильмде «құқық», «міндет», «жауапкершілік» сияқты күрделі ұғымдар баланың санасына ауыр тимейтіндей етіп берілген. Мысалы, кейіпкерлердің бірі үйінің алдындағы қоқысты тастай салып, жауапкершіліктен қашады. Сол сәтте БалаЗан оған: «Тәртіп өзіңнен басталады. Үйіңді таза ұстасаң қалаң да таза болады» деп түсіндіреді. Осындай қарапайым диалогтар арқылы мультфильм балаларды қоғамдық тәртіпке, мәдениетке және заңға құрметпен қарауға үйретеді.
Шымкенттік полицейлер мен шығармашылық топтың айтуынша, бұл мультфильм үлкен жобаның бастамасы ғана. Алдағы уақытта бірнеше жаңа бөлім түсірілмек. Келесі бөлімде балаларды интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен таныстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жол қозғалысы, кибербуллинг, жануарларды қорғау сияқты тақырыптар қамтылмақ. Полиция департаментінің басшылығы бұл жобаны қолдап, оны республикалық деңгейге шығаруды көздеп отыр. Себебі мұндай форматтағы құқықтық мультфильмдер елімізде сирек кездеседі. «Біз балалардың жүрегіне жол табу үшін олардың тілімен сөйлесуіміз керек. Мультфильм сол көпірдің бірі. Бұл полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттырудың да тиімді тәсілі. Балаларға лекция оқып немесе түсіндірме жұмыстарын жүргізсек жалықтырып аламыз да, заң деген тақырыпты олардың ең сүйкімсіз тақырыбына айналдырып алуымыз мүмкін. Сондықтан ең дұрыс шешім мультфильм арқылы жеткізу», – дейді ұйымдастырушылар.
Жобаға қала әкімдігі, білім басқармасы және жергілікті демеушілер де қолдау көрсеткен. Қаладағы мектептерде арнайы көрсетілімдер өткізіліп, құқық сабағында талқыланатын болды. Ал мәдениет және білім саласының мамандары мұндай бастаманың тәрбиелік мәні жоғары екенін атап өтті. Педагог-психологтар мультфильм балалардың құқықтық ойлау қабілетін дамытуға көмектесетінін айтады. Себебі визуалды ақпарат баланың есте сақтау қабілетіне оң әсер етеді. «БалаЗан» арқылы құқықтық мәдениет тек түсінік емес, эмоция мен әрекетке айналып отыр.
Рас, құқықтық сана бір күнде қалыптаспайды. Ол бала кезден сіңеді. Дәл осы ой «BalaZan» жобасының өзегінде жатыр. Мектепке дейінгі жастағы балалардың өзіне заңды түсіндіру, олардың бойына әділдік пен жауапкершілік дәнін себу болашаққа салынған ең мықты іргетас болса керек. Қала тұрғыны әрі мұғалім Гүлмира Қасымова бұл туралы: «Балалар мультфильмді көріп қана қоймай, кейін сабақта сол көріністерді талқылайды. Бірі өз тәжірибесін айтады, бірі ойланып қалады. Демек, бұл нәтижелі жұмыс болмақ. Алдағы уақытта да жалғаса берсе қуанып қалар едік», – дейді.
Шара соңында балаларға естелік кітапшалар мен «BalaZan» кейіпкерлері бейнеленген дәптерлер таратылды. Бұл да кішкентай көрерменнің қызығушылығын арттырды. Мультфильмнің тұсаукесері жыл сайын дәстүрге айналмақ. Полиция қызметкерлері әр маусым сайын балаларға арналған жаңа тақырыптағы фильмдер мен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Келесі жылы осы жоба аясында «BalaZan фестивалі» ұйымдастырылып, үздік балалар суреттері мен бейнероликтері байқауы жарияланбақ.
Бұл бастама тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналып келеді. Себебі заңды түсіндіру тек ересектердің емес, әр баланың да құқығы. Шымкенттегі бұл бастама құқықтық тәрбиенің жаңа кезеңіндей көрінді. Мұнда заңды қорқыныш емес, қорғау мен сенім құралы ретінде танытудың нақты үлгісі көрініс тапты. «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» жобасы қоғамға бір маңызды ойды ұқтырды: заң үйрету үшін лекция емес, жүрекке жететін мысал қажет. Ал сол мысал бүгін мультфильм кейіпкерлерінің бейнесінде өмірге келді. Балалар күліп отырып үйренді. Ата-аналар ойланды. Ал полицейлер қоғаммен жаңа деңгейде байланыс орнатты. Міне, шынайы серіктестік деген осы. Бүгінгі «BalaZan» – ертеңгі әділ қоғамның алғашқы іргетасы. Себебі әділдік пен тәртіп балалық шақтан басталады.
Аида ӨТЕП




