Қауіпсіз қоғам – болашаққа қамқорлық

Қысқаша

Қауіпсіз қоғам – болашаққа қамқорлық

Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның басты мәселелерінің бірі болып отыр. Ғылыми-техникалық прогрестің дамуы, интернеттің қолжетімділігі мен әлеуметтік желілердің ықпалы есірткі бизнесінің жаңа, жасырын әрі күрделі формаларының пайда болуына жол ашты. 

image.png

Бұрын тек көше деңгейінде таралған бұл зиянды заттар енді виртуалды кеңістікте еркін айналымға түсіп, әсіресе, жастар мен жасөспірімдерге тікелей бағытталған қауіпке айналды. 

Осы орайда елімізде қолға алынған «Қауіпсіз қоғам» ұлттық жобасы азаматтардың, әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қорғанысын күшейтуге бағытталған ауқымды бастама ретінде ерекше мәнге ие. Өйткені қауіпсіз қоғам тек қылмыстың азаюымен емес, әр адамның өз болашағына жауапкершілікпен қарауымен, заңды құрметтеу мәдениетінің қалыптасуымен өлшенеді. Жастар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың санасын улайтын, өмір жолын бұзатын кез келген қауіпке, мейлі ол сыртқы немесе ішкі болсын, қарсы тұру бүгінгі күннің ең маңызды міндетіне айналып отыр. Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, оқу орындарында жастармен ашық сұхбат құру арқылы нашақорлықтың алдын алуға, жастар арасында есірткіге, ішімдікке тәуелділіктің таралуына жол бермеуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударып келеді. Басқарма қызметкерлері оқу жылы басталғалы бері бірқатар білім беру мекемелерінде жастармен кездесіп, нашақорлықтың зияны мен заңсыз есірткі айналымына қатысты түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.

Осыған орай кезекті ақпараттық-түсіндірме іс-шара Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде ұйымдастырылды. Бұл кездесу жастарға тек теориялық мәлімет беріп қана қоймай, олардың құқықтық әрі әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды, сондай-ақ есірткі мәселесіне қатысты ашық диалог алаңын құруды мақсат етті. Полиция қызметкерлері студенттерге нашақорлықтың қалыптасу кезеңдері, психобелсенді заттардың адам ағзасына тигізер зияны мен оларды пайдалану салдарынан болатын әлеуметтік және психологиялық проблемалар туралы кеңінен мәлімет берді. Сонымен қатар, қазіргі таңда кеңінен таралып жатқан жаңа синтетикалық есірткі түрлерінің ерекшелігі, олардың интернет арқылы сатыла бастауы және «жеңіл жолмен табыс табу» уәделерімен жастарды қылмысқа тарту тәсілдері нақты мысалдармен түсіндірілді. Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік желіде есірткі саудасының, оны сатушыларды қабылдау туралы жарнамалар желдей есуде. Бұл ретте жастарға сақ болу қажеттілігін түсіндіру өте маңызды.

Кездесу барысында оқушыларға және студенттерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, сату, сондай-ақ оларды жарнамалау мен насихаттау үшін қандай жауапкершілік көзделгені егжей-тегжейлі баяндалды. Әсіресе соңғы уақытта интернет-дүкендердің әкімшісі болу, «курьер» қызметін атқару немесе есірткі жасыратын адам ретінде қолданылу фактілері жиілеп кеткені айтылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай әрекеттерге барған адам, тіпті кәмелетке толмаса да, заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Заңда белгіленген әр тармаққа жеке-жеке тоқталып, жауапкершілік жүгі ауыр екені айтылды.

Мұндай түсіндіру жұмыстары «Қауіпсіз қоғам» жобасының негізгі міндеттерінің бірі есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастырумен үндеседі. Бұл тек жеке адамның, бір азаматтың ғана емес тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Сол себепті жастардың құқықтық сауатын арттыру, оларды ақпараттандыру және адами құндылықтарға негізделген өмір салтын таңдауға бағыттау басты басымдықтардың бірі болып отыр.

Іс-шара соңында студенттер полиция қызметкерлеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, есірткіге қатысты құқықтық нормалар мен өмірлік қауіпсіздік мәселелері туралы жан-жақты жауаптар алды. Еркін форматтағы диалог барысында жастар өз пікірлерімен бөлісіп, қоғамдағы өз рөлін қайта қарауға мүмкіндік алды. Кейбір студенттер мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы қажет екенін де атап өтті.

Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай іс-шаралар тек бір реттік акция емес, жүйелі түрде қаладағы барлық оқу орындарын қамтитын жоспарлы жұмыс, маңызды міндет. Құқық қорғау органдары қоғаммен ашық әрі сенімді диалог орнатып, жастарды ерте жастан заңға қайшы әрекеттерден қорғауды, оларды қауіп-қатерден сақтандыруды көздейді. «Бүгінгі таңда жастар арасында есірткіге қатысты қылмыстар мен тәуелділік фактілерінің алдын алу біздің басқарманың басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тек жекелеген рейдтермен немесе жазалау шараларымен шектеліп қалмауы керек. Біз «Қауіпсіз қоғам» жобасының аясында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқықтық түсіндірме жұмыстары мен алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуге ерекше назар аударып отырмыз. Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінде өткен кездесу соның нақты бір көрінісі. Біздің мақсатымыз – жастарға тыйым салудан бұрын, оларды ақпараттандыру, санасына әсер ету, дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын жеткізу. Қазір есірткі бизнесінің түрі де, тәсілі де өзгеріп отыр. Есірткі сатушылар ашықтан-ашық көшеде емес, интернет арқылы әрекет етеді. Олар көбіне кәмелетке толмағандарды өздеріне "жасырын тасымалдаушы", "жасырын салушы", "онлайн дүкен әкімшісі" етіп тартуға тырысады. Жастар ондай қызметтің шын мәнінде не екенін түсінбей тұрып, заң алдында жауапкершілікке тартылып жатады. Сондықтан біз әр кездесуде нақты мысалдар келтіріп, қандай әрекет үшін қандай жаза қарастырылғанын ашық айтып отырамыз. Бүгінгі кездесуде де әдеттегідей студенттер көптеген сұрақ қойды. Бұл олардың бейжай еместігін, өз ортасында болып жатқан құбылыстарға алаңдайтынын білдіреді. Біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені салауатты, қауіпсіз қоғам дегеніміз – тек полицияның жұмысы ғана емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жастар өз ортасында заңсыздыққа жол бермеуі, достарын, бауырларын, сыныптастарын сақтандыруы керек. Есірткі тек денсаулыққа зиян емес, болашақты жалмайтын індет. Ол бір адамның ғана емес, бүтін отбасының, тіпті тұтас ұлттың трагедиясына айналуы мүмкін. Сондықтан біз жастармен кездескенде әрдайым айтып отырамыз, өз таңдауыңыз өз болашағыңызды анықтайды. Заң алдында жауап беру қиын, ал өкініш кеш болады. Сол себепті әрбір студент, оқушы есірткіден бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстанып, білім мен еңбекті алдыңғы орынға қойғаны жөн. Қазірден бастап өз өміріңіз үшін жауапкершілікті сезініп үйренсеңіз ертең қауіпсіз де табысты қоғамның нағыз мүшесі боласыз. Біздің мақсат – жастарға осындай ой салу, бағыт беру, дұрыс бағдар көрсету. Ал олардың саналы түрде дұрыс жолды таңдауы біздің жұмысымыздың ең үлкен нәтижесі. Қорыта айтқанда, жастармен есірткіге қарсы бағыттағы осындай ашық кездесулер жай ғана бір күндік шара емес, болашақтың қауіпсіздігіне жасалған нақты қадам. Есірткіге тәуелділік тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Ол денсаулықты ғана емес, ар-намысты, отбасылық құндылықтарды, болашаққа деген сенімді де жояды. Сондықтан мұндай түсіндіру жұмыстарының маңызы ерекше: олар жасөспірімдер мен студенттердің санасына алдын ала ой салып, оларды ерте жастан дұрыс жолға бағыттайды. «Қауіпсіз қоғам» жобасының негізгі өзегі де құқық бұзушылықтың салдарын жою емес, оның алдын алу, яғни қоғам мүшелерінің әрқайсысына қауіпсіздік мәдениетін сіңіру. Бұл тек полиция мен ұстаздардың емес, ата-ананың, тәрбиешінің, әрбір ересек адамның, жалпы азаматтық қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жастарға бағыт-бағдар беру, олардың ертеңі үшін алаңдау ұлт алдындағы баршамызға ортақ парыз. Салауатты өмір салтын ұстанатын, заңға бағынатын, тәртіппен жүретін, рухани бай ұрпақ қана Қазақстанды қауіпсіз әрі дамыған елге айналдыра алады. Сондықтан мұндай кездесулер, ашық әңгімелер мен құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың сергек санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқара береді. Ең бастысы әр жасөспірім өзінің өмірі мен болашағы үшін жауапкершілікті бүгіннен бастап сезіне білсе, қоғамда есірткіге орын болмайтыны анық»,¬¬ –деді Полиция департаментінің қызметкері, полиция полковнигі Әлібек Молдабеков.

Жалпы, аталған іс-шара «Қауіпсіз қоғам» жобасының шеңберінде жүргізіліп жатқан нақты әрі нәтижеге бағытталған жұмыстың бір бөлігі. Себебі қоғамның қауіпсіздігі тек қатаң заңмен емес, саналы азаматтармен, салауатты өмір салтын ұстанатын жастармен қалыптасады. Сондықтан құқық қорғау органдары жастармен жұмыс жүргізу барысында тек жазалау емес, алдын алу мен тәрбиелеу бағытын басымдыққа алып отыр. Полиция полковнигі айтып өткендей, салауатты жастарды қалыптастырып, оларға дұрыс тәлім-тәрбие беру, дұрыс жол көрсету, зиянды әдеттерден аулақ болуын қадағалау баршамыздың ортақ міндетіміз. 

Аида ӨТЕП