Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын орындау мақсатында қала прокуратурасы, жергілікті атқарушы органдар, «Shymkent Invest» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы» ЖШС-ы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмысқа орналастыру туралы» меморандумға қол қойды.
Құжатта меморандумға қатысушылардың кезең-кезеңімен атқаратын іс-шаралары көзделген. Бұл бастамаларды іске асыру олардың қоғамға қиындықсыз бейімделуіне және болашаққа үмітпен қарауына мүмкіндік береді.
Қалалық прокуратура өкілдерінің айтуынша, заң мен тәртіп қағидатын іске асыру нәтижесінде жұмыспен қамту шарасында әлеуметтік осал топқа жататын жетім мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі тумақ. Тәртіп бұзылған жерде, сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Соның салдарынан адамдар өз құқықтарынан айырылады. Әсіресе қоғамның әлсіз жандары – жетім балалар бұдан көп қиындық көреді. Оларды өмірге бейімдеп, көмек беру үшін заң әділ болу керек. Оны қамтамасыз ететін заң органдары, яғни прокуратура.
Президент өз сөзінде заңдылықты сақтау тұжырымдамасының мән-маңызы әлдеқайда тереңде екенін атап өткен болатын. Яғни Мемлекет басшысының пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған тұжырым деп қабылдау дұрыс емес. «Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. Заң мен тәртіпке бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру»,– деді Президент.
Ал Шымкент қаласының жұмыспен қамту шарасына әлеуметтік саласына жауапты басқарманың берген мәліметіне сәйкес 2025 жылы елу мыңға жуық адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделсе, бүгінге дейін 15 мыңнан астам адам тұрақты еңбекпен қамтылды. Бұл ретте қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар, даму бағдарламасы және азаматтардың жеке бастамасымен құрылған жаңа жұмыс орындарына жұмысқа тұрғызады. Осының аясында азаматтар субсидияланатын жұмыс орындарына, кәсіптік оқытуға жолданады. Концепциялар мен Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары және жеке бастамалар бойынша биылға 21 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылатын болады. Осы күнде 3 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылып, жоспар 13,1% орындалып отыр. Жеке бастамаларға кәсіпкерлер есебінен іске қосылатын жекеменшік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да қызмет көрсететін ұйымдар кіреді. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау шарасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Статистикалық дерек бойынша мегаполисте зейнеткерлер саны – 98 874, оның ішінде ҰОС ардагерлер саны – 1, тыл еңбеккерлері – 1 520, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер – 2 139 адамды құрайды. Көпбалалы аналар саны – 68 688, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 14 437. Шаһарда 4-5 бала асырап отырған 54 251 ана өмір сүреді. Әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 15 ақпан Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Карабах, Ирак ұрыс қимылдарына қатысқан 1 272 ардагерге 250,1 млн теңге, 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күніне» орай 13 550 көпбалалы аналарға – 266,4 млн теңге, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған 193 адамға – 34,1 млн теңге, 7 мамыр Отан қорғаушыла күніне орай 198 адамға – 35 млн теңге, 9 мамыр Жеңіс күніне орай ҰОС қатысқан 2 ардагерге 10 млн теңге, 9 мамыр ҰОС жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін марапатталған 1 536 адамға – 15 90,6 млн теңге, 9 мамыр Жеңіс күніне орай қаза тапқан 163 әскери қызметшілердің отбасыларына 9,6 млн теңге, Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар 68 адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 4 млн теңге, 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еск алу күніне орай 1 040 адамға 20,4 млн теңге, 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай мүгедектік алған және тікелей қатысқан 483 адамға 85,4 млн теңге, 30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне мүгедектігі бар 7 289 балаға 143,3 млн теңге, 720 жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 56,6 млн теңге,1 қазан – қарттар күніне орай 35 973 қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 424,3 млн теңге әлеуметтік көмек қаражаты төленді. Мұндай әлуметтік демеу қаражаттары Желтоқсан оқиғасында ақталған азаматтарға, 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға, В-20 ауруы бар, туберкулез ауруымен ауыратын адамдарға, Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде диспансерлік есепте тұратын қатерлі ісігі бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған 1-2 топтағы мүгедектігі бар ересектер мен балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге, өрт салдарынан зардап шеккен отбасылар мен азаматтарға қарастырылған.
Уәкілетті орган жұмыспен қамту шарасына байланысты басқа да бастамалар мен іс-шараларға ұйытқы болуда. Мәселен, қалалық прокуратура және «Aманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен шаһардағы Денросаябақта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке «Job Fair» мазмұнында ұйымдастырылды. Жауапты сала мамандарының айтуынша, іс-шараның мақсаты – қала әкімдігі мен «Еңбек мобильді орталығы» жүзеге асырып жатқан жұмыспен қамту шаралары жөнінде халыққа ақпарат тарату, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп келгендерді бір-бірімен байланыстыру. Жәрмеңкеге Павлодар облысынан арнайы өкілдер қатысты. Олар солтүстік өңірлерге қоныс аударуға арналған бағдарламаны таныстырды. Іс-шарада кәсіпорын мен мекемелер өздеріне қажетті мамандықтар ұсынып, бос жұмыс орындарына тікелей жолдама берді. Жұмыс іздеп келгендер ішінде жастар, үлкен кісілер, әлеуметтік осал топтағы азаматтар болды. Оларға жұмыспен қамту шарасына арналған мемлекеттік бағдарламалар таныстырылды. «Еңбек мобильдігі орталығының» директоры Бағдат Арқабаевтың айтуынша, жұмыспен қамту шарасының алты бағыты бар. Ол – қоғамдық жұмыс, «Жастар практикасы», алғашқы жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орындары, күміс жас және ұрпақтар келісімшарты. Әр бағыт әр жастағы азаматтарға арналған. Мәселен, «Жастар практикасы» 35 жасқа дейінгі адамдарды қамтиды. Дипломмен 12 айға жұмысқа жолданады. Еңбекақысын мемлекет төлейді. Күміс жас 50 жастан асқан зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға арналған. 3 жылға жұмыспен қамтылады. Алғашқы жылы айлық жалақының 75%-ын мемлекет субсидиялайды. Екінші жылы – 70%, үшінші жылы 65% мемлекет төлейді. Қалған 25-35% айлық жалақыны мекеме береді. Алғашқы жұмыс орны өмірінде жұмыс істемеген, зейнетақы қорына жарна аударылмаған азаматтарға арналған бағдарлама бағыты. 18 ай мемлекет жалақысына жұмыс істейді. Ұрпақтар келісімшартында зейнеткерлікке шығуға 6 ай қалған маманға 35 жасқа дейінгі жас қасына жұмысқа жолданады. Маман 6 айда оған бар тәжірибесін үйретеді. Зейнеткерлік демалысқа кеткен соң орнын жас маман басады. 6 айда мемлекеттен 30 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы алып отырады. Бағдат Мақсұтұлының мәлімдеуінше, жәрмеңкеге 20 жұмыс беруші шақырылған. 1687 тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Екі мыңнан астам уақытша жұмыс орындары азаматтар таңдауына берілді. Ол жұмыспен қамту шарасының 6 бағытын қамтиды. «Еңбек мобильдігі орталығында» бүгінгі таңда 20 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 4 мыңнан астамы бағдарламаның 6 бағытына қатысушылар, 5 мыңнан жоғары азамат жұмысынан айырылып қалғандар. Оларға мемлекет 6 ай айлық жалақысын 45% төлеп отырады. Қалғаны жұмыссыз ретінде тіркелгендер.
Прокуратура өкілдерінің пікірінше, қоғам тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі тірегі – заң мен тәртіп. Бұл ұғымдар әрбір азаматтың күнделікті өмірінде ерекше орын алуы тиіс. Заңды сақтау – тек қорқыныштан емес, саналы түрде орындалуы қажет әрекет. Ал тәртіп – адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Заң мен тәртіпке бағыну – азаматтық ұстанымның, парасат пен пайымның белгісі. Шымкент қаласының тұрғындары бұл қағидатты дұрыс түсініп, өз өмірінде ұстануға тырысып келеді. Олардың пікірінше, заң – қоғамдағы әділдік пен қауіпсіздіктің кепілі. Тәртіпке бағыну – өзіңді де, айналаңды да құрметтеу деген сөз. Азаматтардың жолда жүру ережесін сақтау, қоғамдық орында тәртіпті бұзбау, тазалықты ұстану сынды күнделікті әрекеттердің өзі қоғамға деген құрметтің айқын көрінісі. Сондай-ақ, бұл ұстаным бала тәрбиесінен басталуы керек. Отбасында берілген тәрбие болашақта елдің заңға деген көзқарасын қалыптастырады. Көпшіліктің ортақ пікірі – құқықтық мәдениет тек құқық қорғау органдарының жұмысына тәуелді емес, ол бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігімен тікелей байланысты. Қоғамда әділдік пен тыныштық орнауы үшін әр адам өз орнында заңды құрметтеп, тәртіпті ұстануы қажет. Әр азамат өз ісіне адал болса, заңды құрметтеп, тәртіпті сақтаса, еліміз нағыз құқықты мемлекетке айналады. Қорыта айтқанда, заң мен тәртіп – жай ұран емес, ол – тұрақты және берекелі өмірдің қайнар бұлағы.
Ә.ҚОНЫСБАЙ