«Заң мен тәртіп» қағидаты – кез келген дамыған қоғамның негізі, тұрақтылықтың тірегі. Біздің елімізде бұл ұстаным, қоғамды тәртіпке келтіретін қағида күннен-күнге күшейіп, құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған жүйелі әрі нақты шаралар атқарылып келеді.
Соның бір айғағы ретінде жуырда Шымкент қаласында орын алған ірі интернет-алаяқтық схемасын әшкерелеу бойынша жүргізілген арнайы операцияны атауға болады. Бұл құқықтық тәртіп пен цифрлық қауіпсіздік бағытында атқарылып жатқан жұмыстың айқын көрінісі болса керек. Шымкент қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесі ұзақ уақыт бойы жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Бұл топ тек Шымкент қаласында ғана емес, Алматы қаласы мен Алматы облысында да интернет-алаяқтықпен айналысып келген. Тергеу барысында олардың 9 түрлі қылмыстық іске қатысы бары анықталып, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 141 миллион теңгеден асатыны белгілі болды. Бұл кездейсоқ бір алаяқтың емес, жоспарлы, ұйымдасқан қылмыстық әрекеттің нәтижесі.
Қылмыстық топтың құрылымы мен әрекет ету тәсілі де аса мұқият ұйымдастырылған. Топтың басында бүкіл схеманы үйлестіріп отырған ұйымдастырушы тұрған. Ол өзінің маңына сенімді адамдарды жинап, әрқайсысына нақты міндет жүктеген. Екі дроповод – яғни, дропперлерді тартушы адамдар өз міндеті бойынша басқа азаматтарды банк шоттарын ашуға үгіттеп, оларды интернет-алаяқтық әрекеттерде пайдалану үшін ақпараттарын алған. Дропперлер дегеніміз – қылмыстық топтың тапсырмасымен жеке деректерін, банк шоттарын немесе төлем құралдарын уақытша пайдалануға беретін адамдар. Бұл тұлғалар кейде өз еркімен, кейде алдану арқылы мұндай әрекетке барады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, дропперлердің көбі «жұмыс» ұсынамыз, «оңай ақша табасың» деген желеумен тартылған. Қылмыстық топ бұл адамдардың атына банк карталарын ашқызып, кейін оларды алаяқтық схемаларда қолданған.
Алаяқтар тарапынан құрылған схемадағы тағы бір маңызды буын – тасымалдаушы. Бұл адам алаяқтық жолмен алынған қаражатты банкоматтар арқылы шешіп алып, оны ұйымдастырушыға немесе топтың басқа мүшелеріне жеткізіп отырған. Осылайша, әрқайсысы өз міндетін нақты орындап отырған жүйелі, тұрақты түрде жұмыс істейтін қылмыстық құрылым қалыптасқан. Қазіргі уақытта аталған 4 күдікті – ұйымдастырушы, екі дроповод және тасымалдаушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда, тергеу барысында олардың бұған дейін жасалған өзге де интернет-алаяқтық деректеріне қатысы бары тексерілуде. Бұл операция Шымкент қаласының прокуратурасымен тығыз үйлестікте жүзеге асқан. Құқық қорғау органдарының мәлім етуінше, мұндай схемаларды әшкерелеу оңай шаруа емес. Өйткені интернет-алаяқтар көбінесе цифрлық технологияларды терең меңгерген, өз істерін жасыру үшін VPN, анонимдік аккаунттар, фейк сайттар секілді түрлі тәсілдерді қолданатын адамдардан тұрады. Сондықтан олардың әрекетін ашу үшін кәсіби даярлығы жоғары мамандар, заманауи техникалық құралдар мен жан-жақты жедел жұмыс қажет.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тұрапбайқызы бұл қылмыстық істің ашылуын құқық қорғау органдарының күнделікті және жүйелі түрде жүргізіп отырған кешенді жедел-іздестіру шараларының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың жаңа, күрделенген формалары пайда болып, қылмыскерлердің әрекеті барған сайын ұйымдасқан сипатқа ие болуда. Олар қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың жетіспеушілігін, азаматтардың аңғалдығы мен қаржылық бейқамдығын өз мақсаттарына тиімді пайдаланып келеді. Соның салдарынан көптеген адам опық жеп, өз қаражатынан айырылып қана қоймай, кейде өзі де қылмыстық әрекетке байқаусызда араласып кетіп жатады. «Бұл жолғы іс соның жарқын мысалы. Ұсталғандардың әрқайсысы нақты рөлдерді атқарған: біреуі ұйымдастырып, басқарса, екіншілері дропперлерді іздеп тауып, оларды үгіттеу арқылы шоттарын пайдалануға көндірген. Тағы бірі ақшаны қолма-қол шешіп, қаражатты ұйымдастырушыға жеткізіп отырған. Мұндай схема бір күнде жоспарлана салатын, жасалатын іс емес. Бұл ұзақ уақыт бойы жолға қойылған, белгілі бір тәртіппен жұмыс істейтін ұйымдасқан қылмыстық құрылым. Полиция қызметкерлері бірнеше ай бойы бұл топтың ізіне түсіп, барлық деректерді мұқият жинақтап, дәлел базасын қалыптастырған соң барып арнайы операцияны іске асырды», – деді департаменттің ресми өкілі.
Ол сондай-ақ тергеу барысында күдіктілердің бұған дейін де өзге қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігі анықталып жатқанын, бұл бағытта тергеу амалдары жалғасатынын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, баспасөз хатшысы азаматтарды заңды бұзбауға, әсіресе, интернеттегі «оңай олжа» мен күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырды. «Көп жағдайда азаматтар банк картасын немесе жеке деректерін беріп қояды да, кейін ол заңсыз әрекетте пайдаланылғанын естіген кезде аң-таң болады. Бірақ заң алдында мұндай әрекеттер үшін де жауапкершілік бар екенін ұмытпаған жөн. 16-қыркүйектен бастап қолданысқа енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, енді тек алаяқтар ғана емес, олардың жұмысын жеңілдетіп, деректерін берген дропперлер де жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін нақты біліп, интернет кеңістігінде барынша сақ болғаны абзал. Заң бәрімізге ортақ. Біз азаматтармен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, бірақ ең алдымен әркім өзінің қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін естен шығармауы керек», – деді ол.
Айта кету керек, 2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде қаржылық қылмыстарға қатысты заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Енді банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе пайдалану, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру бәрі қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл заң дропперлерге, яғни өз атына немесе басқа адамдардың атына шот ашып, оны қылмыстық мақсатта пайдалануға берген тұлғаларға да тікелей қатысты. Бұдан былай «мен тек шотымды бердім», «мен не үшін пайдаланғанын білмедім» деген сылтаулар заң алдында жауапкершіліктен құтқармайды. Бұл заң алдындағы жауапкершіліктің нақты әрі айқын көрсеткіші.
Осы жағдайдан шығатын басты, негізгі қорытынды интернетте ұсынылатын әртүрлі «оңай ақша табу» тәсілдерінен сақ болу керек. Соңғы уақытта елімізде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы күмәнді ұсыныстар көбейіп кетті. «Жұмыс ұсынамыз», «банк картасын берсең, айына ақша түсіп отырады», «саған ешқандай қауіп жоқ» деген мазмұндағы хабарламалар көбіне алаяқтардың арбауына түсіру үшін қолданылатын құралдар, ең тиімді тәсілдер. Азаматтар өз жеке деректерін ешкімге бермеуі, банк карталарын бөгде адамға сеніп тапсырмауы керек. Бұл әрекет тек қаржылық қауіпке ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де алып келетінін есте ұстаған жөн.
«Заң мен тәртіп» тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, ол әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы, қағидаты болуы тиіс. Қоғамның қауіпсіздігі, әділеттілігі мен тұрақтылығы бәрімізге ортақ жауапкершілік. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін әр адам өзінен бастауы керек. Заңды құрметтеу, өз құқығын білу, өзгелердің құқығын бұзбау – міне, шынайы құқықтық мемлекетке бастар жол. Қазіргі таңда мемлекет цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараларды іске асырып жатыр. Бірақ заң қанша қатал болса да, ең басты қорған ¬¬– әр азаматтың өзі. Алаяқтарға алданбау үшін заңды біліп, сақтық шараларын қатаң ұстану қажет.
Еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласында орын алған бұл оқиға елімізде киберқылмысқа қарсы нақты күрестің жүріп жатқанын дәлелдесе керек. Құқық қорғау органдары тарапынан мұндай істердің ашылуы қоғамда сенімділіктің артуына, құқықтың салтанат құруына жол ашады. Заң үстемдігі сақталған жерде әділет пен қауіпсіздік бірге орнайтыны сөзсіз. Бұл оқиға интернет-алаяқтықтың енді жай ұсақ қылмыс емес, нақты ұйымдасқан және қауіпті схемаларға айналғанын көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдары тарапынан мұндай әрекеттерге қарсы күрес күшейіп келеді және бұл бағыттағы жұмыс тек заң бұзғандарды ұстаумен шектелмейді. Сонымен қатар алдын алу, халықты ақпараттандыру және құқықтық сауаттылықты арттыру шараларымен қатар жүруі тиіс. Әр азамат өзінің банк шотына, жеке деректеріне, онлайн қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені киберқылмыскерлер тек әлсіз қорғалған жүйелерді емес, бейқам адамдарды да нысанаға алатынын ескеруіміз керек. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек мемлекеттің ғана емес, әрбір адамның ішкі ұстанымына айналғанда ғана қоғамда шынайы қауіпсіздік орнайды.
Аида ӨТЕП