Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру

Қысқаша

Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру

Еліміздің үшінші мегаполисі, қарқынды дамып келе жатқан Шымкентте халық санының артуы мен көлік ағынының көбеюі қоғамдық тәртіпке қатысты талаптарды күшейтті. 

image.png

Соңғы жылдары шаһарда құқық бұзушылыққа қарсы «нөлдік төзімділік» саясатын енгізу басты басымдыққа айналды. Бұл  кез келген заңсыздыққа, оның ішінде ұсақ құқық бұзушылықтарға да бейжай қарамай, жедел шара қолдануды көздейтін саясат. Негізгі мақсат-міндет –қылмыстың алдын алу, қала мәдениетін сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр шаһарда 180 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде көлік қозғалысы ережелерін бұзу – 110 мыңнан астам, қоғамдық орындарда тазалық сақтамау – 5 мыңнан астам, тыныштықты бұзу – 8 мыңнан астам фактіге жеткен. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тұрапбайқызы бұл деректерді түсіндіре отырып: «Кейбір адамдар ұсақ құқық бұзушылықты елемеуге болады деп ойлайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, дәл осындай «ұсақ-түйектерге» мән бермеу қоғамды үлкен проблемаларға әкеледі. Мәселен, көлігін дұрыс қоймаған жүргізуші біреудің өмірін қатерге тігеді, көшеге қоқыс тастаған адам қала мәдениетіне нұқсан келтіреді, ал түнде айқайлап, тыныштық бұзған тұрғын өз көршісінің құқығын аяққа таптайды. Біздің міндет – осындай әрекеттерге жол бермеу. Сондықтан «нөлдік төзімділік» саясаты тек жазалау, жауапқа тарту шарасы ғана емес, қоғамға тәртіптің бәріне ортақ екенін түсіндірудің жолы. Қаладағы автотұрақ мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Былтыр көлігін дұрыс қоймағаны үшін 30 мыңға жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Жалпы, жасыратыны жоқ, көліктердің қалай болса солай қойылатынын күнделікті көріп жүрміз. Әсіресе, таңертең және кешкісін адамдар жаяу жүргіншілер жолына шығып кетуге мәжбүр болады. Бұл тек ыңғайсыздық қана емес, қауіп. Себебі бір сәтте бала немесе қарт адам көліктің астында қалуы мүмкін. Біз өзіміздің ыңғайымыз үшін біреудің өмірін қауіпке тігетін жағдайға бармауымыз керек. Сондықтан полиция мұндай құқық бұзушылыққа қатаң шара қолданады. Жүргізушілердің бәрі заң алдында тең екенін түсінуі қажет. Қаладағы рұқсатсыз сауда орындары да үлкен мәселе. Былтыр 2 мыңнан астам бейберекет сауда нүктесі жабылып, айыппұлдар салынған. Әкімдік тұрғындарға сауда жасауға арналған заңды орындар ұсынады, базарлар мен жәрмеңкелер бар. Бірақ соған қарамастан, кейбір азаматтар жол бойына шығып, үстел қойып, тауарын сатады. Бұл да заң бұзушылық қана емес, қала мәдениетіне нұқсан. Тәртіп орнату бәрімізге ортақ мүдде. Бейберекет сауданы тоқтату арқылы біз тек заңды ғана қорғамаймыз, сонымен бірге қала көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Тротуарға шыққан саудагерлер жаяу жүргіншілердің жолын бөгейді, кейде жол апатына себеп болады. Сондықтан мұндай әрекеттерге мүлдем төзбеуіміз керек. Тазалық та  тәртіптің негізгі көрсеткіші. Қоқыс тастау ұсақ құқық бұзушылық болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол мәдениеттің айнасы. Қаланың әрбір бұрышында қоқыс жәшігі тұрғанда, пластик бөтелке немесе қағазды жерге тастай салу өз ортаңа деген құрметсіздік. Одан кейін адамдар «қала лас» дейді. Шындығында, қаланы лас қылатын өзіміз. Егер біз қоқыс тастаған әрбір адамға төзімділік таныта берсек, онда Шымкенттің көшелері ешқашан таза болмайды. Сондықтан «нөлдік төзімділік» дәл осы салада аса қажет қадам. Әсіресе туристер көп келетін Арбат, Қошқар ата жағалауы сияқты орындарда тәртіп қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелері бойынша да жағдай алаңдатады. Бейнебақылау камераларының арқасында бір жыл шінде, былтыр 500 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Бұл көрсеткіштің өзі жүргізушілердің тәртіпке бейжай қарайтынын айғақтайды. Екі жыл бұрын Қонаев даңғылында болған апатты қала тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан екі адамды бағдаршамның қызылына өткен көлік қағып, салдарынан біреуі қаза тапты. Бұл жағдайдан кейін қалада жол қозғалысына қатысты бақылау күшейтілді. Бір адамның салғырттығы бүтін бір отбасының тағдырын өзгертті. Біз жол қозғалысындағы тәртіпке төзімсіздік танытпасақ, мұндай қасіреттер қайталана береді. Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші өз әрекетінің салдарын сезінуі керек», – деді. 

Сондай-ақ департаменттің баспасөз бөлімі басшысы «нөлдік төзімділік» саясатының әлеуметтік әсеріне де тоқталып өтті. Бұл туралы: «Айыппұл салу уақытша шешім ғана. Бірақ ол қоғамға «заң бәріне ортақ» деген белгі береді. Әрине, біз бәрін бір күнде өзгертпейміз. Бірақ біртіндеп тұрғындардың ойы өзгереді. Балалар көшеде тәртіп сақтап жүрген полицейді көріп өссе, оларда заңға құрмет қалыптасады. Әлеуметтік мәдениет дегеніміз ұсақ әрекеттерден құралады. Қоқыс тастамау, көлікті дұрыс қою, көршінің тыныштығын бұзбау – осы қарапайым қағидаларды сақтасақ, қала мүлдем басқаша сипат алады», – дейді.

Иә, халықаралық тәжірибе де осыны дәлелдейді. Нью-Йорк қаласында «нөлдік төзімділік» саясаты енгізілгенде бастапқыда сынға ұшыраған. Кейбіреулер «ұсақ-түйек үшін жазалау әділетсіз» деген. Бірақ уақыт өте келе қаладағы қылмыс деңгейі екі есе төмендеп, Нью-Йорк әлемдегі ең қауіпсіз мегаполистердің біріне айналды. Шымкенттің де бүгінгі таңда жасап отырған қадамдары осы жолды еске салады.

Жалпы, «нөлдік төзімділік» жай ғана әкімшілік айыппұл емес. Ол  мәдениет пен жауапкершіліктің көрсеткіші. Департамент маманы айтқандай, Шымкенттің болашағы жарқын болсын десек, әрбір тұрғын заңға құрметпен қарап, қарапайым ережелерді күнделікті өміріне енгізуі тиіс. Сонда ғана Шымкент шын мәнінде қауіпсіз, өркениетті мегаполиске айналады. Қаладағы құқық бұзушылыққа қарсы «нөлдік төзімділік» саясаты  уақыттың өзі талап етіп отырған қадау шешім. Қала халқының саны миллионнан асып, көлік, сауда, қызмет көрсету салалары күрт ұлғайған сайын қоғамдық тәртіптің өздігінен сақталмайтыны анық. Мұндай жағдайда әрбір құқық бұзушылыққа бейжай қарау, әлбетте үлкен қателік. Ұсақ тәртіпсіздіктің өзі ертең ірі қылмыстың бастауы болуы мүмкін. Сондықтан бұл саясат тек полицияның емес, бүкіл қоғамның болашағына бағытталған ұзақ мерзімді стратегия болса керек. Әрине, «нөлдік төзімділікті» енгізу бір сәттік нәтиже бермейді. Ол жүйелі түрде, жылдар бойы жүргізілетін жұмыс. Мұнда ең алдымен құқық қорғау органдарының кәсібилігі, әкімдіктің инфрақұрылымдық қолдауы және қоғамның өз ішіндегі мәдениеті қатар дамуы тиіс. Полицияның қатаң шаралары тәртіп орнатуға алғашқы серпін береді, бірақ тек айыппұлмен шектелу жеткіліксіз. Егер тұрғындар өздері заңға құрметпен қарамаса, кез келген бастама жарты жолда қалады. Сондықтан мұндай саясаттың ең басты мақсаты тек жазалау, жауапқа тарту емес, азаматтардың санасын өзгерту, олардың құқықтық мәдениетін көтеру.

Шымкент – тарихы терең, болашағы зор қала. Мұнда жастардың үлесі басым, жаңа мүмкіндіктер көп. Осындай қалада мәдениеттілік пен тәртіпке деген көзқарас жоғары болуы заңды. Қаланың әр бұрышындағы қоқыс жәшігіне қағаз тастау, көлікті дұрыс қою, көршінің тыныштығын сақтау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі өркениетті қоғамның айнасы. Бұл болмашы ұсақ-түйек емес, бүтін бір қаланың, еліміздегі үшінші мегаполистің бет-бейнесін анықтайтын фактор. Бүгінгі таңда «нөлдік төзімділік» саясатының нәтижелері байқала бастады. Қоғамдық орындардағы бейнебақылау камералары көбейіп, құқық бұзушылық деректері азайып келеді. Қала әкімдігі мен полицияның бірлескен «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула», «Таза қала» жобалары тұрғындардың қолдауына ие болып отыр. Алайда, бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта осы саясаттың толыққанды жемісін көру үшін тұрғындардың да белсенділігі қажет. Әрбір адам «тәртіпті полиция орнатады» деп ойламай, «тәртіпті мен де сақтаймын» деген ұстанымға көшуі тиіс.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, құқық бұзушылыққа төзбеу мәдениеті қалыптасқан қалада қылмыс деңгейі төмендейді, адамдардың өмір сүру сапасы артады, инвестиция тарту мүмкіндігі күшейеді, ең бастысы  тұрғындардың өз қаласына деген мақтанышы артады. Шымкенттің де болашағы осындай. Егер әрбір азамат өзінің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосса, бұл саясат нақты нәтижесін береді.

Шымкент Оңтүстіктің жүрегі ғана емес, бүкіл елдің назарындағы қала. Сондықтан мұнда енгізілген кез келген бастама еліміздегі басқа өңірлерге де үлгі болуы мүмкін. «Нөлдік төзімділік» саясаты  Шымкентті нағыз қауіпсіз, мәдениетті, өркениетті мегаполиске айналдырудың басты кілті. Ал, бұл кілт  тұрғындардың қолында. Тәртіпке бағыну тек заң талабы емес, ол болашаққа жасалған қадам, ұрпаққа қалдыратын мәдени мұра.

Аида ӨТЕП