Темекі мен ішімдіксіз болашақ: Мәселенің негізінде терең психологиялық, әлеуметтік факторлар жатыр

Қысқаша

Темекі мен ішімдіксіз болашақ: Мәселенің негізінде терең психологиялық, әлеуметтік факторлар жатыр

Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – темекі мен ішімдікке тәуелділік. Бұл бір қарағанда жеке адамның таңдауы болып көрінгенімен, шын мәнінде ұлт денсаулығына, ел болашағына төнген үлкен қауіп. 

image.png

Жастардың арасында зиянды әдеттердің таралуы, мектеп жасындағы балалардың да ерте темекіге әуестене бастауы, тұрмыстық мәдениеттің әлсіреуі  бұл дерттің қоғам өміріне дендеп еніп кеткенін дәлелдейді. Осындай күрделі жағдайда мемлекет қана емес, әр азамат, әр мекеме, әрбір отбасы бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. 

Соңғы жылдары елімізде темекі мен алкогольге қарсы заңнамалық қатаң талаптар енгізіліп, жүйелі шаралар қолға алынуда. Бұл үрдіс Шымкент қаласында да қарқын алып келеді. Миллионнан астам тұрғыны бар, еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкент өзінің жастық әлеуетімен ерекшеленеді. Халқының жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі азаматтар. Демек, салауатты өмір салтын насихаттау бұл қалада тек әлеуметтік бастама емес, стратегиялық міндет болуы керек-ақ. Қалалық билік зиянды әдеттермен күресті бірнеше бағытта жүргізіп отыр. Біріншіден, заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына тосқауыл қою басты назарда. Соңғы бір жылдың ішінде Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қолдан жасалған, сертификатсыз алкоголь өнімдерін дайындап, сатумен айналысқан бірнеше жасырын цехты анықтап, олардың жұмысына тосқауыл қойды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылды. Бұл әрекеттер халық денсаулығын қорғау мақсатындағы нақты шаралар ретінде бағаланады. Себебі, сапасыз ішімдік денсаулыққа ғана емес, адамның өміріне тікелей қауіп төндіреді. Жасанды спиртті ішіп уланып қалған бірнеше азаматтың оқиғасы соның айғағы болса керек.

Темекі мәселесіне келсек, бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар да айтарлықтай нәтиже көрсетуде. Қалалық білім басқармасы мен денсаулық сақтау мекемелері бірігіп, мектептер мен колледждерде арнайы профилактикалық сабақтар өткізуді дәстүрге айналдырған. «Темекі мен ішімдіксіз болашақ», «Салауатты өмір – сәнді өмір», «Мен өмірді таңдаймын» сынды акциялар оқушылар мен студенттер арасында жиі өткізіліп тұрады. Бұл тек формальды шара емес, жастардың санасына нақты ықпал ететін кешенді жұмыс. Шараларға психологтер, нарколог-дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысып, зиянды әдеттердің физикалық, психологиялық, құқықтық салдарын жан-жақты түсіндіреді. Әсіресе, баланың ерте жастан зиянды заттарға үйір болуы болашағына балта шабумен тең. Сондықтан бұл профилактикалық жұмыстар тек жастарға емес, ата-аналарға да бағытталып отыр.

Соңғы жылдары елімізде заңнамалық өзгерістер арқылы темекі және алкоголь өнімдеріне шектеулер күшейді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген жаңа нормалар бойынша, қоғамдық орындарда темекі мен вейп шегуге толық тыйым салынды. Электронды темекілер, никотинді сұйықтықтар, дәмқосылған өнімдер  барлығы заңмен шектелді. Бұл ретте Шымкент қаласының тәртіп сақшылары да бақылауды күшейтіп отыр. Кәмелетке толмағандарға темекі мен ішімдік сату, қоғамдық орында темекі шегу, заңсыз жарнама тарату, мұның бәрі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке апаратын әрекеттер. Дегенмен, заңмен тыйым салу мәселені толық шешпейді. Ең бастысы санаға әсер ету, көзқарасты өзгерту. Бұл ретте Шымкенттегі қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдардың да белсенділігі байқалады. Қаланың ірі мешіттерінде имамдар жастармен арнайы насихат кездесулерін өткізеді. Дін қызметкерлері арақ пен темекінің адам рухына, отбасына, қоғамға тигізетін кері әсерін айтып, жастарды ізгілікке, еңбекке, тәртіпке үндейді. Сонымен қатар, мешіттерде «Сенің денең – аманат», «Жастық – жауапкершілік» сынды тақырыптарда уағыз-насихат сабақтары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Осы тақырып төңірегінде пікір білдірген Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының маманы, қоғамдық белсенді Жанар Ержанқызы былай дейді: «Біз жастармен күнделікті жұмыс істейміз. Көзіміз жетіп отырған бір ақиқат темекі мен ішімдіктен бас тарту туралы айтқан сайын, жастардың ішінде бұл әдеттерге қарсы тұруға ниеттілер қатары көбейіп келеді. Бірақ тек тыйым салумен бұл мәселе шешілмейді. Жастарды ұялтып немесе қорқытып емес, сендірумен, санасына әсер етумен тәрбиелеу керек. Қазір біз мектептер мен колледждерде семинарлар өткізіп жатырмыз. Сол кезде көзіміз жетті: көптеген жасөспірім темекі мен алкогольді қызығушылықпен емес, ішкі жан арпалысы немесе ортаның қысымы салдарынан тұтынатынын айтады. Яғни, мәселенің түбінде терең психологиялық, әлеуметтік факторлар жатыр. Сондықтан біз оларға тек «болмайды» деп емес, «неге болмайтынын» түсіндіруіміз керек. Шымкент жастардың қаласы, болашағы жарқын қала. Біз сол болашақты құрып жатқан ұрпақтың дені сау, ойы сергек болғанын қалаймыз. Салауатты өмір сән емес, тіршіліктің формасы. Сол өмірге бағыт беретін ең үлкен күш ақпарат, қолдау және орта. Біз осы үш бағытта жұмыс істеп келеміз және оның нәтижесі бар. Жастар өзгеріп жатыр. Олар ізденіп жатыр. Бастысы, біз соны көріп отырмыз және тоқтамаймыз».

Мұндай пікір қоғамдық пікірдің көрінісі ғана емес, күнделікті нақты жұмысқа негізделген көзқарас. Өйткені зиянды әдеттермен күрес бір күндік науқан емес, үздіксіз жүйелі тәрбие жұмысы. Жастар ұйымдары да бұл мәселеден тыс қалмай, «Жастар – темекіге қарсы», «Арақсыз өмір арлы өмір» деген атаулармен челлендждер, мотивациялық видеолар, арнайы түсіндірме контенттер жасап, әлеуметтік желі арқылы ауқымды аудиторияға жетіп отыр.

Бүгінде Шымкент қаласындағы әрбір қолға алынған нақты іс келешекке салынған берік іргетас. Әр рейд, әр кездесудің, әр насихат сабағының артында жүздеген жас ұрпақтың тағдыры, таңдауы, болашағы тұр. Ендеше зиянды әдеттерге қарсы күрес  мемлекет пен қоғамның біріккен миссиясына айналуы тиіс. Бұл тек заңдық немесе медициналық мәселе емес. Бұл ұлттық қауіпсіздік, демографиялық тұрақтылық, экономикалық даму, мәдени жаңғыру, ең бастысы  адам өмірі мәселесі. Санасы азат, өмірі салауатты ұрпақ еліміздің ең үлкен капиталы. Ал ол капиталды бүгіннен бастап тәрбиелеу баршамыздың ортақ міндетіміз.

Шымкенттегі белсенді жастар ұйымдары да бұл мәселеден тыс қалып отырған жоқ. «Еріктілер қозғалысы», «Шымкент жастары» сынды ұйымдар қала мектептері мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер, тренингтер, мотивациялық кездесулер ұйымдастырып келеді. Жас кәсіпкерлер мен өнер иелері де жастармен бетпе-бет кездесіп, өз өмір жолдарын мысал ете отырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыруда. Мұндай кездесулер қағаз жүзіндегі насихаттан гөрі әлдеқайда әсерлі әрі сенімді. Жастар өз замандасынан, өз ағасынан естіген ақыл-кеңесті жүрекпен қабылдайды.

Қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясаттың үндесуі зиянды әдеттерге қарсы күресте шешуші фактор. Шымкент қаласындағы соңғы деректерге сүйенсек, құқық қорғау органдары соңғы екі жылда заңсыз алкоголь айналымына байланысты 90-нан астам құқық бұзушылықты тіркеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 300 мыңнан астам адам алкогольге тәуелді. Бұл тек ресми тіркелгендер. Ал темекіге келсек, әрбір бесінші жасөспірім оны кемінде бір рет шегіп көрген. Бұл дабыл қағарлық көрсеткіш. Зиянды әдеттермен күрес тек билік пен тәртіп сақшыларының емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне айналуы тиіс. Баланың болашағына алаңдайтын ата-ана, жастың тәрбиесіне жауапты ұстаз, қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті азамат, бәрі бір мүддеде бірігуі қажет. Темекі мен ішімдікке қарсы күрес  бұл науқан емес, ұлтты сақтау жолындағы ұзақ әрі табанды күрес. Әр жас өскіннің тағдыры – ел тағдыры. Сондықтан мемлекет те, қоғам да бұл мәселеде бейтарап қала алмайды.

Шымкент қаласында атқарылып жатқан істер оң өзгерістердің бастауы. Заң күшейді, бақылау артты, насихат жүйеленді. Бірақ нағыз нәтижеге тек сана өзгергенде ғана қол жеткізуге болады. Егер әр адам зиянды әдеттерге «жоқ» деп айтуға ерік таба білсе, егер әр отбасы өз баласының өміріне шын жанашырлықпен қараса, егер қоғам ұятты сөзбен емес, нақты іспен тәрбиелеуге көшсе сонда ғана шын мәнінде темекі мен ішімдіктен азат, дені сау, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыра аламыз. Бұл күрес жалғасуы тиіс. Өйткені ертеңгі күн бүгінгі әрекетке байланысты.

Аида ӨТЕП