Заң мен тәртіп – басты ұстаным

Қысқаша

Заң мен тәртіп – басты ұстаным

Заң мен тәртіп мемлекеттілік пен тұрақтылықтың алтын діңгегі. Бұл қос ұғымның тамыры тереңде екені даусыз. Тәуелсіздіктің баянды болуына да, қоғамда тыныштық пен әділеттің орнауына да алдымен заң үстемдігі мен азаматтың тәртіпке деген құрметі себеп. 

image.png

Қай елдің де өркениеттік жолы осы қос негізге сүйеніп қаланатыны тарихтан мәлім. Қазақстан да өз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап құқықтық мемлекет құруды басты мұрат етіп қойды. Бұл жолда еңселі елдің ең бірінші бетбұрысы әлбетте, Ата заңды қабылдау болды.

1995 жылдың 30-тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы заң мен тәртіп қағидатын өмірдің әр саласына енгізіп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтқан тарихи құжат болды. Ол тек заңдар жиынтығы емес, ұлттың еркін таңдауымен қабылданған ортақ келісім, елдің бүгіні мен болашағын айқындайтын басты бағдаршам.

Мемлекеттіліктің берік іргетасы саналатын Конституциямыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толды. Осыған орай Шымкент қаласында өткен «Айбары мықты – Ата Заң» атты дөңгелек үстел отыз жылдық меженің мәніне үңіліп қана қоймай, құқықтық мәдениетті жаңғырту, «заң мен тәртіп» қағидатын қоғам санасына терең сіңіру жолдарын ортақ талқыға салған тағылымды басқосу болды. Ел ішінде, әсіресе, мемлекеттік сана биік, құқықтық мәдениет орныққан ортада мұндай шаралар ұлттың болашағын айқындайтын негізгі ұстанымдарға қайта бір үңіліп, өткенге көз жүгіртіп, келешекке жаңа серпінмен қарауға жол ашады.

Іс-шараны ұйымдастырған – Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы. Ал жиынды мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жүргізді. Бұл кісінің өмірлік тәжірибесі мен тағылымды сөзі шараның шынайы рухани биігін белгілеп берді десек артық айтпаймыз. Қатысушылар қатарында қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен этносаралық қатынастарда беделді тұлғалар, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері мен мүшелері, құқық саласының мамандары, ғалымдар, журналистер мен блогерлер клубының мүшелері болды. Демек, пікір көп, бірақ бағыт бір – ол Конституцияның ел тағдырындағы тарихи маңызын зерделеу. Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің саяси, құқықтық және қоғамдық құрылымын белгілейтін басты құжат. Ол әрбір азаматтың өміріне, құқығы мен бостандығына, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа негіз болатын заңнамалық тірек. Ата заңды құрметтеу дегеніміз мемлекетті, оның тәуелсіздігін, елдігін құрметтеу деген сөз. Өйткені Конституция жай ғана заңдар жинағы емес, ұлттың тарихи таңдауы, ортақ құндылықтарға негізделген әлеуметтік келісім.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, қалалық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Сәкен Мәжінбеков Конституцияның саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі орнына тоқталып, демократия ұғымын тек сайлау немесе пікір білдіру құқығымен шектемей, оның терең заңдық астарын аша білді. Оның пікірінше, құқықтық мемлекет құрудың ең басты шарты – Ата заңға адалдық пен сенім. Осы сенім ғана мемлекетке деген құрметті оятады, азамат пен билік арасындағы байланысты нығайтады.

Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Ж.Тәшенев университетінің құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Бижан да өз сөзінде Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы тарихи рөліне терең талдау жасады. Ол «Заң мен тәртіп» ұғымын тек құқық қорғау органдарына теліп қою қателік екенін айтты. Оның айтуынша, бұл ұғым бүкіл қоғамға ортақ. Тәртіп әрбір мектеп оқушысының бойынан басталып, әрбір министрдің ісіне дейін жетуі тиіс. Заң басшылық етер құндылық болса, тәртіп соны орындау мәдениеті. Бірі жоқ жерде екіншісі салмақсыз. Бұл мемлекет ретінде ұлт болып қалыптасудың басты формуласы. Ал Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы, қалалық Ассамблея жанындағы этномедиация кеңесінің мүшесі Еркен Отарбаев өз сөзінде осы тұжырымды тереңдетіп, адам құқығының Ата заңда бекітілуінің маңызына тоқталды. «Конституциядағы әрбір бап адам мен қоғам арасындағы келісімнің көрінісі. Ол адамның еркіндігі мен ар-намысына кепілдік береді. Алайда құқық берілген жерде жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Бұл заңдылықты терең ұғыну өркениетті қоғамның белгісі», – деді Е.Отарбаев.

Жиын барысында Конституцияның тек құқықтық құжат ретінде емес, ұлттық бірлікті сақтаудың, этносаралық келісімді нығайтудың тірегі екені де ерекше айтылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағыттағы қызметі, оның заңнамалық процестерге қатысуы әлемде сирек кездесетін мысалдардың бірі. Қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев бұл жайында: «Қазақстан Парламентінде этнос өкілдерінен сайланған депутаттардың заң шығару процесіне ресми түрде қатысуы  еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ерекше тәжірибе. Бұл елдің ішкі тұрақтылығы мен сенімге негізделген демократиясының айғағы», – деді.

Мұндай кездесулердің тағы бір маңызы – құқықтық сананы жаңғырту. Ата заңды құрметтеу тек бір күндік мерекемен шектелмеуі керек. Ол ұрпақ тәрбиесіне сіңірілуі тиіс құндылық. Әрбір ата-ана баласына заңды сыйлауды үйретсе, әрбір мұғалім шәкіртінің бойына құқықтық мәдениетті сіңірсе, қоғамдағы көптеген түйткілдер өздігінен шешілер еді. Тәртіптің бастауы – отбасында, жалғасы – мектепте, биігі – мемлекетте.

Іс-шара соңында қатысушылар Конституцияда бекітілген негізгі қағидаттарды, адам құқығының үстемдігін, заң алдындағы теңдікті, мемлекеттің құқықтық сипатын сақтау әрбір қазақстандықтың борышы екенін атап өтті. Мемлекетке сенім заңға сенімнен басталады. Ал заңға сенім тәртіп пен әділеттілікті сезінуден туындайды. «Айбары мықты – Ата Заң» атты бұл дөңгелек үстел мемлекеттілікке, құқықтық мәдениетке, бірлік пен бейбітшілікке бағытталған терең мәнді іс-шара ретінде есте қалды. Ол қатысушылардың ғана емес, ел ертеңіне алаңдайтын әрбір азаматтың ойына ой қосып, жүрегіне жылу ұялатты. Конституция біздің айбарымыз ғана емес, ар-ожданымыз, ұлт ретіндегі ұстанымымыз. Оған адал болу  өз болашағына адал болу. Қазақ халқы ертеден-ақ «Ел болам десең заңыңды түзе» деп бекер айтпаған. Себебі заң бар жерде тәртіп бар, тәртіп бар жерде әділет бар, ал әділет бар жерде тұрақтылық пен өркендеу болады. Қазақстан Республикасының Конституциясы осы қағидаттардың тірегіне айналды. Ол елдігіміздің, егемендігіміздің, демократиялық даму жолының ең басты бағдары болды.

Осылайша, Конституция күніне арналған бұл тағылымды іс-шара ел азаматтарының Ата заңға деген құрметін арттырып қана қоймай, құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтық белсенділікті оятуға бағытталды. Қатысушылардың белсенділігі, мазмұнды пікірлері мен шынайы патриоттық көзқарастары еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың берік негізін сезіндірді. Әсіресе жас буын өкілдерінің іс-шараға қызығушылықпен қатысуы келешекке деген сенімді нығайтты. Конституция – Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, қоғамдық келісім мен заң үстемдігінің кепілі. Ата заңды құрметтеу өз еліңе, тіліңе, мәдениетіңе деген құрметтің айқын көрінісі. Сондықтан мұндай іс-шаралар ұрпақ тәрбиесінде, құқықтық сана қалыптастыруда және елдік мүддені дәріптеуде үлкен рөл атқарады. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан елде ғана тұрақтылық пен даму болады. Ал сол бірліктің бастауы ортақ заңға деген құрметте жатыр. Конституция күні халқымыздың еркіндігі мен егемендігінің символы, болашаққа бағдар беретін берік бағдаршам. Бұл мереке барша қазақстандықтарды ортақ мақсат пен ортақ жауапкершілікке біріктіретін маңызды күн.

Ата заң әрбір азаматтың жүрегінде орнығатын, құрметпен қарайтын тірек болуы тиіс. Заңға бағыну әлсіздіктің емес, парасаттылықтың нышаны. Тәртіпке мойынсұну қорқыныштан емес, ішкі мәдениет пен жауапкершіліктен туындайтын қасиет. Сондықтан құқықтық мемлекет құру жолындағы басты ұстаным әрбір азаматтың заң мен тәртіпке деген шынайы сенімі мен құрметі болуы керек. Бүгінгі қоғам үшін Конституция елдің ар-намысы, ұрпақ аманаты. Сол аманатқа адал болу баршамыздың ортақ парызымыз.

Аида ӨТЕП