Ваучерлік жүйе прокуратура қадағалауында

Қысқаша

Ваучерлік жүйе прокуратура қадағалауында

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында білім салалық кеңесінің отырысы өтті. Палата директоры Сабира Адамбекованың модераторлығымен өткен жиынға Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев, қалалық әкімдік басқармаларының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

image.png

Кеңес отырысында көрсетілетін білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба талқыланды. «Балалар мен жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында қосымша білім беру саласындағы пилоттық ваучерлік жүйе енгізілуде. Бұл жүйе ата-аналарға үйірмелер мен секцияларды таңдауға мүмкіндік береді, ал мемлекет тарапынан бұл қызметтерге балаға берілген ваучер арқылы ақы төленеді. Мұндағы мақсат – ата-аналар өз баласын спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге қатыстыру құқығын растайтын ваучер алады. Осы жүйенің жұмысын талқылау үшін бас қосып отырмыз», – деді Сабира Адамбекова.

Қазіргі таңда бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жүйесіндегі пилоттық жүйе Астана және Шымкент қалаларында енгізіліп отыр, осыған орай жергілікті атқарушы орган өкілдері жаңа жүйенің тетіктерін толығырақ түсіндіріп берді. «Шымкентте бұл жүйенің операторы болып қалалық білім басқармасы белгіленді. Қазіргі таңда қала әкімінің қаулысына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұған дейін қызмет жеткізушілермен бірнеше кездесу өтіп, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде өнім берушілердің барлығының тізбесі бекітілген. Олардың жұмысына комиссияның құрамына сәйкес мониторинг жүргізіліп, аяқталып келеді. Бұдан былай қосымша білім беру «1 бала – бір ваучер» қағидатымен жүргізіледі. Білім, мәдениет және спорт бағытында комиссияның үш тобы құрылып, оның құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, өнім берушілер қауымдастығының жетекшілері қосылған», – деді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Бағлан Үмбетбаев.

Ал Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Ермек Дәрменов кәсіпкерлермен кездесулер нәтижесінде, қызмет жеткізушілердің уәждері ескеріле отырып, қаулыға өзгерістер енгізіліп жатқанын жеткізді. «Мысалы, ғимараттағы бала санына шақталған душ саны азайтылды, кәсіпкерлердің басқа да тілек-талаптары ескерілуде. Аты аталып тұрғандай – бұл пилоттық жоба. Ең бастысы – барлығы балалардың денсаулығы, білімі үшін жүзеге асырылып жатыр. Тарифке де қатысты соны айтуға болады. Жалпы, қосымша білім беруге бөлінген қаражат мөлшері азайған жоқ. Тек оқитын, үйренетін балалардың қатарына бұрын болмаған санаттар қосылды, яғни сол қаржының бір бөлігі ерекше күтімді қажет ететін балаларға да арнайы бөлініп отыр», – деді Ермек Дәрменов.

Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер көптеген тауар мен қызмет құнының қымбаттағанын айтып, шығындары артып жатқанын, үйірмелерді жүргізуге едәуір қаржы құйғанын жеткізді. Осыған орай ваучердегі тариф құны айлық-есептік көрсеткішке байланыстырылса деген ұсыныстарын айтты. «Қала әкімі орынбасарының қатысуымен өткен жиында сіздер айтқан талаптар, ұсыныстар (мысалы, бөлменің биіктігі) қабылданып, қаулыға өзгерістер енгізілуде. Тарифке келер болсақ, базалық норматив ретінде 15 мың теңге қарастырылған. Ол өзгерген жоқ. Алдағы уақытта бұл тариф айлық-есептік көрсеткішке байластырылуы мүмкін», – деді Бағлан Үмбетбаев.

Кәсіпкерлер, сонымен қатар, көрсетілген қызметке аударылатын қаржыны кешіктірмеуді сұрады. Бұл орайда жергілікті атқарушы орган өкілдері «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен жиын өткенін айтып, қаржыны мерзімінде аудару бойынша барынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев өз сөзінде ваучерлік жүйе қосымша білім беруге енді енгізілгенімен, бұған дейін мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізіліп, осындай қызу талқылау болғанын атап өтті. «Мұндағы принцип – бір бала бір үйірмеге барып, барлық баланың үйірмелер мен секцияларға бірдей қатысу құқығы сақталуы керек. Пилоттық жүйені Білім және ағарту министрлігі бекітіп берген соң жергілікті атқарушы органдар оны жүзеге асыруға міндетті. Ал прокуратура органдары жүйенің жүзеге асырылуының заңдылығын қамтамасыз етеді. Егер қызмет көрсетушіге пилоттық жоба аясында талаптар қойылса, қызмет көрсетушілер оған сай болуға міндетті. Қазіргі таңда ваучер бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында шағымдар жоқ. Сондықтан, қандай да бір түйткілді мәселені шешу үшін осындай диалог алаңдары, кездесулер өте қажет. Осы бағытта прокуратура Кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс атқаруда. Қандай да бір күрделі проблема болған жағдайда прокуратура араласып, қадағалауға алады. Ең бастысы – балалардың болашағы үшін. Баршаңызды ваучерлік жүйеге сай болып, бәсекеге қабілетті болуға шақырамын. Мемлекет ешқандай кәсіпкердің немесе инвестордың құқығын топтауға жол бермейді», – деді Қайсар Қалдыбаев.

Жалпы Шымкент қалалық прокуратурасының мәлімдеуінше, заңдылық пен тәртіп кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып табылады, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуі мемлекеттік органдардың да, азаматтық қоғамның да заң нормаларын қатаң сақтауымен ғана мүмкін болады. Ваучер жүйесі мен оның тиімді жұмысы да тікелей заңдылықтың сақталуына байланысты. Бұл құқықтық мемлекетті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ұмтылысты көрсетеді. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты заңнаманың орындалуына мемлекеттік бақылауды күшейтуге, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға және іс жүзінде әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына басты назар аудару мемлекеттің қауіпсіздік саясатын, оның ішінде құқық қорғау органдарын, құқықтық тәртіпті және оның тетіктерін дамытуды жалғастыратынын білдіреді. Қоғамдық сананың белсенді трансформациясы жағдайында, оның ішінде реформалар мен цифрландырудың әсерінен азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық сананы қалыптастыруға және халықтың билікке деген сенім деңгейін арттыруға кепілдік беретін тетіктерді құру маңызды. Осылайша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын заң үстемдігі қағидаттарына, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамды топтастыруға берілгендік декларациясы ретінде қарастыруға болады.

Жалпы прокуратура өкілі айтып өткендей, ваучер жүйесінің тиімділігі сол мемлекеттен бөлінетін қаржы баланың артынан ереді. Шымкентте бірінші бұл жүйеге мектепке дейінгі білім беру ұйымдары өтті. Балабақшалар қазір түгел ваучерлік жүйеде. Бұрын ваучер жүйесі жоқ кезде мектепке дейінгі білім беру саласында көптеген кемшіліктер болған. Мәселен, балабақшаларда бүлдіршіндерді өтірік тіркеп қойған жәйттер орын алған. Ал балабақшаға кеп жүрген көп бала қаланың емес басқа өңірлердің тұрғыны болып шыққан. Ваучерлік жүйе кішкентайлардың тезірек балабақшаға кезекке тұруына жағдай жасады. 

– Бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша бала қабылданатын. Мәселен, 3 мың балаға конкурс жариялайтынбыз. Оған қатысуға 600-ге жуық кәсіпкер құжат тапсыратын. Комиссия қарап, зерделеп, 3 мың баланы мекемелерге бөліп беретін. Солардың ішінен жекеменшік балабақшаның иесіне 100 бала бұйырады. Ай сайын кәсіпкер сол жүз бүлдіршінге мемлекеттен ақша алады. Бірақ балабақшаға балалардың жүзі толық келе ме, жоқ па оған ешкімнің басы ауырмайды. Бір бала он бес күн келіп қалған уақытта келмеуі мүмкін. Соған қарамастан балабақша иесіне мемлекет бекітілген бала санының ақшасын төлеп отырды. Яғни бұрынғы жүйеде орын саны бөлінетін. Ал ваучер жүйесінде ақша орынға емес, 3 мың баланың өзіне шашылады. Ваучерлік бала балабақшаға қабылданған кезде ақша өзімен бірге еріп, мектепке дейінгі білім беру ұйымының бюджетіне келіп түседі. Егер бүлдіршін басқа балабақшаға ауысса, ақшаны да өзімен бірге ала кетеді. Осы жүйенің нәтижесінде балабақшалар арасында шынайы бәсекелестік туындады. Ваучердің ең үлкен пайдасының бірі де осы еді. Жекеменшік балабақша қожайындары балаларды өздерінде алып қалу үшін қазіргі таңда бар жағдайды жасауға тырысып жатыр. Біріншіден, материалдық-техникалық базасын жақсартады. Екіншіден, тәжірибелі тәрбиешілерді жұмысқа қабылдайды. Немесе мамандарды біліктілікті арттыру курстарына оқуға жібереді. Қысқасы ата-анаға балабақша қызықты болу үшін көп өзгерістер жасайды. Ең бастысы анау жүз бала балабақшадан ешқайда кетіп қалмау керек. Сонымен бірге ваучер жүйесіне қосымша білім беру мекемелері өтіп жатыр. Оған Оқушылар сарайы, түрлі үйірмелер кіреді. Осы уақытқа дейін бағытына қарай олар қалалық денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармаларына қарап келді. Жаңа ереже бойынша барлығы білім басқармасына біріктірілді. Яғни үйірмелерге ваучерлік жүйемен қаржы бөлуді біздің басқарма жүзеге асырады. Енді қосымша білім беру мекемелері де оқушылардан айырылып қалмау үшін өзара бәсекелестікке түседі. Үйірмелерді ваучерлік жүйеге көшіру Үкімет бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба. Оған республикадағы 6 өңірмен қосылып, біз де қатысып жатырмыз. Нормативтік құжаттардың барлығы дайын, тиісті қаулылар шықты. Осыған сәйкес 344 қосымша білім беру ұйымдарының қызметін тексеріп шығатын боламыз. Сосын хаттама түзіліп, үйірме басшыларына ваучерлік жүйеге қатыса алатыны немесе ол талапқа сай еместігі туралы хабарлама жіберіледі. Ваучерлік қаржыландырудан қағылған үйірмелер келешекте жабылып қалуы да мүмкін. Біз барлық үйірме басшыларына ғимараттарын стандартқа сәйкестендіру туралы ескертпе бергенбіз. Мониторинг нәтижесінде ескертпеге құлақ аспағандарға тағы да екі ай мерзім беруіміз мүмкін. Ол кезде де жағдай түзелмесе ондай үйірмелерді ваучерлік жүйемен қаржы алатындар тізбесінен алып тастаймыз. Мектепке дейінгі қосымша білім беру мекемелерінде жүріп жатқан қанатқақты жоба түбінде бекітіліп, балабақшалар секілді ваучерлік жүйеге түбегейлі көшеді деп сенемін,–  дейді білім бөліміндегі мамандар. 

Жиынды қорытындылаған Сабира Адамбекова жоба пилоттық болғандықтан, оны іске асыру барысында туындайтын сұрақтар мен ұсыныстар тиісті уәкілетті органдар назарына жеткізілетінін мәлімдеді.

Ә.БАЛТАБАЙ