Заң мен тәртіп: Есірткісіз қоғам құру қолымызда

Қысқаша

Заң мен тәртіп: Есірткісіз қоғам құру қолымызда

«Заң мен тәртіп» – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты қағида. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың бейбіт өмірі тек заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы арқылы мүмкін болады. 

image.png

Осы қағидатқа сүйене отырып, елімізде құқық қорғау органдары күнделікті күрделі әрі жауапты жұмыс атқарып келеді.

Соңғы жылдары Қазақстан есірткі қылмысына қарсы күресте жүйелі және кешенді шараларды қолға алды. Соның бір дәлелі –  республикалық деңгейде жүргізіліп жатқан «Қарасора-2025» жедел алдын алу операциясы. Бұл бастама заңсыз есірткі айналымын әшкерелеу, оның таралуына тосқауыл қою және болашақ ұрпақты уытты дерттен сақтау мақсатында жүзеге асуда. Осы ауқымды күрестің нақты көрінісі ретінде Шымкент қаласында жүргізілген соңғы арнайы операцияларды атап өтуге болады. Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жақында ғана екі ауыр есірткі қылмысының жолын кесіп, аса ірі көлемде зиянды заттарды тәркіледі. Бұл  тек жедел әрекет қана емес, заң мен тәртіпті басты бағдар еткен құқықтық мемлекетіміздің мызғымас ұстанымының көрінісі болды. Нақтырақ айтқанда, 19-тамыз күні Шымкент қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында күдік тудырған автокөлік тоқтатылып, тексерілген. Көліктің жүксалғышын ашқан тәртіп сақшылары көлеңкелі нарыққа таратылуға дайындалған аса ірі көлемдегі кептірілмеген марихуананы тауып, тәркіледі. Жалпы салмағы 14 келіден асып жығылатын бұл есірткі заты қылмыстық жолмен саудаға түссе, жүздеген адамға зиянын тигізуі мүмкін еді. Күдікті азамат оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, 15-тамыз күні есірткінің мүлде басқа түрімен байланысты қылмыс тіркелді. Бұл жолы тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізу барысында 400 грамнан астам синтетикалық психотроптық зат тәркіледі. Мұндай заттар, әсіресе, жастар арасында кең таралған, тез тәуелділік тудыратын әрі ағзаға орны толмас зиян келтіретін аса қауіпті препараттар санатына жатады. Айта кету керек, бұл көлемдегі синтетикалық есірткі де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс болып саналады. Сонымен, күдікті азамат қамауға алынып, тергеуге тартылған.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының өкілі: «Бұл тәркіленген заттар тек жеке пайдалану үшін емес, нақты сату және тарату мақсатында дайындалған. Қазіргі таңда біз бұл тұлғалардың есірткі жеткізу арналарын, байланыста болған делдалдарын, мүмкін ұйымдасқан топтарды анықтап жатырмыз. Мұндай қылмыстардың алдын-алу мақсатында алдағы уақытта да профилактикалық іс-шараларымыз жалғаса береді. Бұл ретте егер сіз бір азаматты есірткі сатады немесе тұтынады деп күмәндансаңыз тез арада 102 нөміріне хабарласуыңызды, болған жайтпен бөлісуіңізді сұранамыз. Есірткі қылмысымен қоғам болып күресейік»,– деді. 

Есірткі  адам өміріне қауіп төндіретін ең қауіпті құрал. Оның салдары тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік, психологиялық, экономикалық және құқықтық апатқа әкеп соғады. Бүгін бір адам есірткіге бой алдырса, ертең ол отбасының, қоғамның, тіпті келешек ұрпақтың қасіретіне айналады. Есірткінің кесірінен адам санасы тұманданады, отбасылар күйрейді, жастар болашағынан айырылады. Сондықтан бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі.

Ішкі істер министрлігі арнайы жоба ретінде «Қарасора-2025» операциясын қолға алған. Бұл жоба аясында жыл сайын көктемнен күзге дейін еліміздің барлық аймақтарында есірткімен байланысты қылмыстарды анықтау, қарасора өсімдіктерін жою, таратушыларды ұстау және заңсыз айналым арналарын бұғаттау жұмыстары жүргізіледі. Операцияға мыңдаған тәртіп сақшысы, кинологиялық қызмет, дрондар мен арнайы техника, экологтар, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысады.

– Жастарға «болмайды» деп тыйым салу жеткіліксіз. Біз олардың ішкі жан дүниесін түсініп, рухани және психологиялық қолдау көрсете білуіміз керек. Есірткі бос кеңістіктің орнын толтыратын дерт. Сондықтан алдын алу тек заңмен емес, жүрекпен жасалуы тиіс. Оларды қатып қалған қағидамен, қатал тәрбиемен өсіргеннің пайдасы жоқ. Баланың ішкі әлеміне кіріп, онымен дос болып, сөйлесе білуіміз керек. Бүгінгінің баласы қаталдықты көтере алмайды. Телефонды көп көретін болғандықтан, әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы бейнероликтерді көбейту керек. Психолог ретінде айтарым, есірткіге тәуелділік көбіне адамның ішкі жан күйзелісінен, шешілмеген эмоционалдық ауыртпалықтарынан, жалғыздықтан, қолдаудың жетіспеушілігінен басталады. Бұл медициналық емес, ең алдымен, психологиялық мәселе. Әр адамда қиын сәттер болады. Бірақ, сол қиындықтардан қашу емес, олармен күресуді үйрену нағыз ерлік. Есірткі ешқашан мәселені шешпейді, керісінше, тереңдете түседі. Біз жастарға қолдау көрсетіп, тыңдап, түсініп, бірге жол табуға көмектесуіміз керек. Отбасы, мектеп, қоғам, барлығымыз бірігіп, сенім мен мейірімге толы орта құра алсақ, есірткінің алдын алуға үлкен үлес қосамыз. Есірткіден бас тарту жәй ғана «жоқ» деп айту емес, бұл өмірге болашаққа «иә» деу. Сондықтан әрбір жасқа айтқым келетіні, сенің өмірің өте құнды. Тек үндемей жүрме, қол созудан, көмек сұраудан қорықпа. Біз бармыз. Біз бірге есірткісіз қоғам құрамыз, – дейді психолог Динара Қосжанова. 

Ал ұстаз Айнаш Ермағанбетқызы мектеп қабырғасынан бастап құқықтық білім мен есірткінің зияны туралы ашық айту қажет деп есептейді. «Ақпарат беру қорғаудың ең алғашқы сатысы. Жасөспірімдерге заңның үстемдігін жастайынан ұғындырып өсіру керек. Алкогольдік ішімдіктерді, есірткіні қолданатын жастар аз емес, жасырудың қажеті жоқ. Қоғам болып осының алдын-алу керекпіз. Тек полиция қызметкерлері мен психологтар ғана жұмыс істеу керек деген ойдан арылып, отбасындағы тәрбиеге де үлкен мән беру қажет. Үйінен, мектептен дұрыс тәрбие көрген бала жаман әдеттерден аулақ болады. Сонымен қатар, айналасындағыларын, араласатын ортасын да үнемі бақылауда ұстайық»,– дейді ұстаз.

Құқықтық мемлекет құру тек заң шығару емес, сол заңның өмірде мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміздің әр саласында басшылыққа алынуы тиіс ұстанымға айналды. Себебі, заңға бағыну азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, ол мемлекеттің тұтастығын, қоғамның тыныштығын, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құрал.

Шымкент қаласында болған соңғы арнайы операциялар  осы қағидаттың нақты іске асқан жарқын көрінісі. Қоғам үшін аса қауіпті екі есірткі таратушының жолы кесіліп, ірі көлемдегі зиянды заттар тәркіленді. Бұл тек бір қаланың тыныштығы емес, тұтас елдің қауіпсіздігіне қосылған үлес. Мұндай әрекеттердің артында беймәлім еңбек, күндіз-түні тынбайтын жедел қызмет, өмірін қауіпке тігетін тәртіп сақшыларының батылдығы жатыр.

Есірткімен күрес бір күннің ісі емес. Бұл ұрпақ тәрбиесіне, білім беру жүйесіне, ақпараттық саясатқа, отбасы құндылықтарына, тіпті әр азаматтың ар-ұжданына қатысты кешенді мәселе. Сондықтан бұл күресте полиция қызметкерлерінің еңбегімен қатар, ата-ананың қырағылығы, ұстаздың жауапкершілігі, қоғамның бейжай қалмауы аса маңызды. Есірткіге қарсы күрес заңсыздықпен ғана емес, сонымен бірге надандықпен, жалған сеніммен, немқұрайдылықпен күрес. Біздің болашағымыз  бүгінгі жастар. Ал олардың тағдыры бүгінгі біздің әрекетімізге тікелей байланысты.

«Қарасора-2025» сынды ауқымды бастамалар заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі шешуші қадам. Ұлт болашағына деген қамқорлықтың нақты көрінісі. Мұндай күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам жұмылып, ортақ жауапкершілік танытқанда ғана жеңіске жетуге болады. Полиция қызметкерлері «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көпшілікті есірткісіз қоғам құруға атсалысуға үндейді. Есірткіге байланысты күдік-күмән болса, тез арада 102 нөміріне хабарлау қажеттігін еске салады.

Аида ӨТЕП