Ата заңды құрметтеу – парыз

Қысқаша

Ата заңды құрметтеу – парыз

Тәуелсіз мемлекеттің тірегі – заң, сол заңға бағыну мен оны сақтау – қоғамның өркениеттілігінің көрсеткіші. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарына ғана қатысты емес, ол әр азаматтың өмір сүру дағдысына айналуға тиіс басты ұстаным. 

image.png

Қоғамда заң үстемдік құрғанда ғана әділет салтанат құрады, азаматтардың құқығы қорғалып, мемлекет пен халық арасындағы сенім артады. Бұл қағида Қазақстан Республикасы Конституциясының өзегін құрайтын басты бағыттардың бірі.

Биыл Ата заңымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміз көптеген тарихи сын-қатерден өтіп, құқықтық мемлекет құру жолында маңызды қадамдар жасады. Конституция тек құқықтық нормалар жинағы емес, ол Қазақстан халқының еркін таңдауын, ел болашағына деген сенімін білдіретін рухани және саяси манифест. Ата заңда белгіленген заң мен тәртіпке негізделген қоғам құру идеясы бүгінде мемлекетіміздің барлық саласында басшылыққа алынуда.

Осы орайда жақында Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ сарайында» өткен «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел ел Конституциясының қоғам өміріндегі рөліне, құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңыздылығына және құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы келелі мәселелерге арналған ауқымды алаң болды. Шымкент қаласының прокуратурасы ұйымдастырған басқосу «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іспен нығайтып, қоғамды құқықтық даму жолында біріктіруге бағытталған игі қадамның жарқын көрінісі болды.

Жиын елдің құқықтық мәдениетін арттыруға, Конституцияның өміршең қағидаттарын нақты іске асыру тетіктерін талқылауға арналған мазмұнды әрі өзекті диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел жұмысына Шымкент қалалық сотының судьялары, құқық қорғау және құқық қолдану органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, құқықтық саладағы сарапшылар мен жастар бірлестіктерінің мүшелері қатысты. Бұл азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуінің, ортақ құқықтық мүдделер жолындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі.

Іс-шараны Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марат Ержан ашып, Конституцияның ел өміріндегі, қоғам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты реттеудегі ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңымыз ¬¬¬– ел дамуының стратегиялық бағдары, барлық саланың негізгі құқықтық тірегі. Әсіресе адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау Конституцияның басты миссиясы. Спикер өз сөзінде: «Ата заң әр азаматтың қорғаны, әр отбасының берекесі, әр ұрпақтың бағыт-бағдары. Ол тек құқықтық құжат емес, ел тағдырын айқындайтын, ұлттық сананы қалыптастыратын идеологиялық негіз» деді. Сондай-ақ, еліміздің Конституциясында бекітілген «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретiнде орнықтырады» деген қағидаттың мәнін тереңнен түсінуге шақырды. Бұл норманың бүгінгі күнде қаншалықты маңызды екендігін айтқан прокурор орынбасары: «Заң мен тәртіп – мемлекеттің тынысы, азаматтың сенімі, қоғамның бейбіт өмір сүруінің басты кепілі. Егер заң үстемдігі болмаса, әділет те, даму да, еркіндік те болмайды. Мемлекеттегі әрбір орган, әрбір қызметкер осы қағиданы басты ұстаным етіп алуы тиіс», – деді.

Жиын барысында қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың ар-намысы мен бостандығын сақтау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында туындайтын құқықтық олқылықтардың алдын алу, қылмыстық қудалау мен қорғау қызметінің теңгерімділігін қамтамасыз ету сынды мәселелер қызу талқыланды. Сонымен қатар, құқық қорғау саласындағы реформа, әсіресе, құқық қорғау құрылымдарының ашықтығы мен есептілігі де жиын барысында назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қызметіне де ерекше тоқталды. 2023 жылдан бастап жаңа мәртебемен жұмысын бастаған Конституциялық Сот азаматтардың құқықтарын тікелей қорғауға бағытталған озық құқықтық тетік. Оның нормативтік қаулылары құқықтық жүйенің сапасына, соттардың шешімдеріне, тіпті заңнаманың дамуына айтарлықтай ықпал ететін, елдегі заң үстемдігінің мызғымас негізін қалайтын аса маңызды актілер. Бұл қаулыларды тек заңгерлер ғана емес, барлық мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе, шешім қабылдайтын тұлғалар толыққанды біліп, күнделікті тәжірибеде басшылыққа алуы тиіс деген ұсыныстар айтылды.

Жиынға қатысқан жастар өкілдерінің белсенділігі ерекше көзге түсті. Болашақ заңгерлер, студенттер мен жас мамандар еліміздің құқықтық жүйесіне деген сенімін білдіріп, өз ойларымен, тың идеяларымен бөлісті. Олардың айтуынша, құқықтық тәрбие мен заңға құрмет бала кезден басталуы тиіс. Бұл ретте білім беру мекемелерінің, отбасылық тәрбие институтының, бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік желілердің рөлі өте жоғары. Жастар өз пікірлерінде: «Конституцияны жаттап алу жеткіліксіз. Оны сезіну, түсіну, өмірлік бағдар ету азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Егер біз заңға өзіміз бағынсақ, өзгеден де соны талап ете аламыз. Қоғамдағы әрбір адам заңды сақтаса, құқық қорғау органдарына жүктелер салмақ та азаяр еді», – деп, заңды құрметтеу адамдық қасиеттің өлшемі екенін жеткізді.

Сонымен қатар, жиында ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық бірлік пен құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызы жайлы келелі ойлар қозғалды. Құқықтық мемлекеттің негізі әділеттілік, ал әділеттілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қасиетке айналуы тиіс. Ата-баба аманатын сақтап, келешек ұрпаққа әділ, қауіпсіз, өркениетті қоғам қалдыру барша қоғамның, әсіресе құқық қорғау саласының өкілдері мен заң үстемдігін қамтамасыз етуші органдардың борышы.

Жиын соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыру, құқықтық сауаттылықты кеңейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құру, елдің Ата заңына деген құрметті арттыру және оны күнделікті өмірде нақты іске асыру ортақ міндет екені айтылды. Бұл бағытта әр орган, әр ұйым, әрбір азамат жауапкершілік танытуы тиіс. Заң мен тәртіпке негізделген қоғам ғана өркендей алады.

Шымкент қаласында өткен «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық даму жолындағы терең тағылым мен ұлт тағдырына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі болды. Конституция әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттің тірегі ғана емес, халықтың бірлігі мен ел болашағының кепілі. Оның қағидаттарын нақты іске асыру, әр азаматтың құқықтарын шынайы қорғау, заңға деген сенімді арттыру мемлекет пен қоғамның тұрақты әрі баянды дамуының басты шарты. Ал, заңға құрмет ұлтқа деген құрметтің биік үлгісі. Ата заң мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, ал заң мен тәртіп сол мемлекеттіліктің тынысы мен тіршілігін қамтамасыз ететін темірқазық. Шымкент қаласында өткен «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел осы қағиданың шынайы көрінісі болды. Бұл басқосу тек Конституцияның 30 жылдығын атап өтумен шектелген жоқ. Ол еліміздің құқықтық жүйесін заман талабына сай жетілдіру, азаматтардың құқығын қорғауды одан әрі нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өміріміздің бұлжымас бөлігі ету жолындағы ұжымдық жауапкершілікті сезінуге бағытталған маңызды қадам.

Қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары көрсеткендей, қоғамдағы әділет пен тұрақтылықтың сақталуы заңның салтанат құруына тікелей байланысты. Мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, азаматтық қоғам және жастар бірлестіктері бірлесе отырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде ортақ мақсатпен жұмыс істеуге дайын. Себебі құқықтық мемлекет тек заңнамалық актілердің көптігімен емес, сол заңдардың нақты орындалуымен өлшенеді. Ал заңның үстемдігі тек мемлекеттік құрылымдардың күшімен емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен заңға деген құрметімен қамтамасыз етіледі.

Ата заңымыздың әрбір бабы ел тағдырын айқындайтын ұлы сенімнің айнасы. Конституция тек құқықтық негіз емес, қоғамның рухани тұтастығы мен ұлттық келісімнің кепілі. Бүгінгі ұрпақ үшін заңға бағыну, құқықты білу және оны құрметтеу азаматтық мәдениеттің, нағыз патриотизмнің белгісі. Сондықтан құқықтық тәрбие мектеп қабырғасынан бастап, қоғамның барлық деңгейінде жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Егемен елдің болашағы жастардың бойында әділеттілікке деген адал көзқарасты, заңға мойынсұну мен жауапкершілік сезімін қалыптастырумен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда прокуратура, сот және құқық қорғау органдарының жастармен жұмыс істеуі, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыруы аса маңызды міндет.

Мемлекеттің тұрақтылығы, халықтың әл-ауқаты, қоғамның бірлігі ең алдымен құқықтық тәртіпке сүйенеді. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты  жәй ұран емес, ел дамуының, азаматтардың сенімінің, ұлттық бірліктің берік тірегі болуы тиіс. Шымкенттегі дөңгелек үстел осындай ой мен мақсатты бөліскен, елдік мүдде жолында біріге қимылдауға шақырған мазмұнды алаң болды. 

Аида ӨТЕП