«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда Шымкент қалалық прокуратурасы тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып отыр. Қалалық прокуратура органдарының жұмысы Бас прокурордың айқындаған басым бағыттарына негізделіп, бірінші кезекте қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қылмыстылық жағдайды жақсартуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және аймақтың ерекшелігіне қарай туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталады.

Осы орайда уәкілетті органның жыл басынан бергі заңдылықты қадағалау мен сақтау бағытындағы жүргізген жұмыстарына шолу жасап өтсек. Жедел-іздестіру қызметі саласында қалалық прокуратура бастамасымен 6173 есірткі дүкендерінің банктік шоттарына «АнтиФрод» жүйесі арқылы шектеулер қойылды. 53.4 млн астам теңгеге ақша қаражаттары бұғатталып, сотпен 28.7 млн теңгеге тыйым салу санкцияланды. Қаржы пирамидалардың қызметін тоқтату мақсатында Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесе отырып, әлеуметтік желілерге, месседжерлерге талдау жүргізу тәжірибесі қолға алынды. Нәтижесінде, аталған санаттағы қылмыстардың анықталуы үш есе өсті (3-тен 10-ға). «Азия Сервис» ЖШС-ымен меморандумға қол қойылып, бірлесіп есірткі дүкендерінің банктік шоттарын анықтау басталды. Шымкент қаласының прокуратурасы мен әкімдігі арасында және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, профилактика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум аясында апта сайын жұма күнгі намазға жиналған халыққа құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ салауатты өмір салты мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған жүйелі ағартушылық іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Жалпы мамандардың айтуынша, қаржы пирамидасы – бұл инвесторлар компанияның пайдасынан емес, жаңа инвесторлардың салымдарынан кіріс алатын схема. Осы тұста пирамида қалай жұмыс істейтіні туралы қысаша ақпарат бере кетуді жөн санадық. Пирамиданың ең жоғарғы жағында – оның ұйымдастырушысы тұрады. Ол салымшыларды шақыртып, оларға жоғары табыс табатынына уәде береді. Қатысушылар пирамидаға салған ақша оның қалтасына түседі. Салымшылар басқа қатысушыларды шақырып, пирамида өседі. Жаңа инвесторлардың салымдары бір саты жоғары тұрған адамдар үшін табысқа айналады. Бірақ егер инвесторлар келуді тоқтатса, пирамида құлайды. Қаржы пирамидаларының танымал болуының себебі неде? Бірнеше себеп бар: Біріншіден, олар тез және оңай ақша табуды ұсынады. Ұйымдастырушылар үлкен табыс аласыз деп айтады – бұл барлық инвесторларды қызықтырады. Екіншіден, көптеген адамдар қаржы пирамидасына қатысып жатқанын түсінбейді. Пирамидалар көбінесе инвестициялық компаниялар ретінде жұмыс істейді, ал олардың қызметкерлері клиенттерді шатастыру үшін күрделі терминдерді қолданады. Үшіншіден, бұл жақта психологиялық фактор да үлкен рөл атқарады. Адамдар сенгісі келетін нәрсеге сенеді. Әсіресе пирамидада адамдар табысқа тез шығуға болады деп сенеді. Қаржы пирамидасының классикалық нұсқасынан басқа да түрлері көп екен. Мысалы, бір деңгейлі. Мұнда да салымшылар жаңа қатысушылардың жарналарынан пайда табады. Бірақ адамдарды ұйымдастырушының өзі іздейді. Сондықтан барлық қатысушылар тең болады. Ал көп деңгейлі компанияларда қатысушылардың өздері жаңа адамдарды өздерінің достары, туыстары, ата-аналары арасында іздеп, алып келеді. Пирамидалардың бұл түрінде иерархия бар: әр қатысушы белгілі бір деңгейде болады және өзінен төмен орналасқан салымшылардың жарналарынан табыс алады. Деңгей неғұрлым жоғары болса, табыс соғұрлым көп болады. Матрицалық – бұл жаңа және ең күрделі схема. Мұнда матрицада қатысушылардың белгілі бір саны болуы тиіс. Әрбір қатысушы бастапқы жарна жасап, матрицаның толтырылуын күтеді. Матрица толтырылғаннан кейін барлық қатысушы бонустар алып, келесі деңгейге өтеді. Көбінесе пирамидалар жоғары кірісті инвестициялық жоба болып көрінеді. Олар бағалы қағаздарды сатып алуды, криптовалютаға, жылжымайтын мүлікке немесе жоғары кірісті бизнеске инвестиция салуды ұсынады. Бірақ ол шындыққа сәйкес келмейді.
Арнайы прокурорлармен «КАРБОН Оператор» есірткі жүйесіне қатысты іс аяқталып, қазіргі таңда күдіктілер жауапқа алынып, қорғаушылар іспен танысу сатысында. Қылмыстық іс бойынша есірткі зертханаларын ұйымдастыру, синтетикалық есірткілерді сату, дропперлер және тасымалдаумен айналысқан 26 тұлға күдікті деп танылған. Тергеу барысында, күдіктілердің жалпы құны 511.8 млн тенгені құрайтын мүліктеріне (2 пәтер, 5 автокөлік, 1 қойма), банк есеп шоттарындағы 16.4 млн теңге ақша қаражаттарына тыйым салынды. Үкім шыққанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізуді жүзеге асыру нәтижесінде 1.4 млн тенге тәркіленді. Сонымен қатар, есірткі зертханасы және «DDD_Shym» Telegram-каналын құрып, аса ірі көлемде – 500 млн теңгенің айналымы бар синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелеріне қатысты іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілген. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері ұсталды. Зертхана жойылды. Мүліктері тәркіленіп, оларға тыйым салынды. Тергеу нәтижесімен қылмыстық іс ҚПК-нің 305-бабына сай 2025 жылғы 7 маусымда айыптау актісі негізінде қарау үшін сотқа жолданған. Бұдан бөлек «BINANCE» криптобиржасының «P2P» режимінде 7 млрд және 5.3 млрд теңге көлемінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан крипто айырбастаушылар Бегманов пен Махамбетовке қатысты ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен тіркелген қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Қазіргі таңда «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары» басқармасының лауазымды тұлғаларына және қайтарымсыз несиені әлеуметтік осал тобына жататындарға (наркоман, БОМЖ және т.б.) заңсыз рәсімдеген яғни осындай қылмыстық фактілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, қоғамдық мүддені қорғау саласында қадағалау актілерін қарау нәтижелері бойынша 874 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 12 бірінші басшы, 24 орынбасар және 132 бөлім бастығы бар. 13.2 млрд теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды. Бас прокуратура қадағалауды жақсарту және заңнамаға өзгерістер енгізу туралы 9 қызметтік жазбаны қолдады. Инвесторлардың түйткілді мәселелерін шешу үшін компания басшыларымен кездесіп, 100 инвестордың құқығы қорғалып, 20 кейс шешімін тапты. Инвестициялық жобалар «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін «Invest Shymkent» фронт-офисінің әлеуетін пайдалану арқылы сүйемелденіп, 208 кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Бюджет қаражатын тиімді жұмсалуын қадағалау барысында қадағалау актісіне сәйкес Шымкент қалалық мәслихаттың шешімімен негізсіз шығыстар алынып тасталып, 5.6 млрд теңге сомасындағы бюджеттің негізсіз ысыраптарының алдын алды. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес барысында бюджетке 474 млн теңге шығын келтірген 2 адам сотты болып, залал толық өндірілді. Жер заңнамасының сақталуы бойынша құны 6.2 млрд теңгені құрайтын жалпы ауданы 148 гектар болатын 22 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Уәкілетті органның мәліметінше, балаларды қорғауға ерекше көңіл бөлінуде, соның нәтижесінде әкімдікпен бірлесіп әзірленген алгоритмге сәйкес балалар үйінің 32 түлегі кезектілігін сақтай отырып, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды. Еңбек құқықтарын қорғау барысында қабылданған шаралармен зейнеткерлік жасқа толуына байланысты зейнеткерлікке шыққан 247 қызметкерге міндетті төленуге жататын 53.3 млн теңге өтемақы төленіп, конституциялық құқықтары қорғалды.
Қадағалаушы орган бастамасымен құқық бұзушылық профилактикасы қолға алынып, соның аясында бала тәрбиесіне арналған 5 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. 74 мың оқушыға ZOOM арқылы «Прокурорлық сағат» және ата-ана рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында 13 мыңнан астам ата-ана қатысқан жиын өткізілді. «Таңда. Өзгер. Жасампаз бол» мамандық тетіктерін түсіндіру мақсатында республикалық форум ұйымдастырылды. Оқушыларға тәлімгерлік жасау бойынша құқық қорғау органдарының ардагерлерімен меморандум жасалды. «Яндекс.Еда» және «Wolt» компанияларымен жасалған меморандумға сәйкес алкоголь өнімін тыйым салынған уақытта жеткізу шектелді. Коммуналдық қызметшілер 6 мыңнан астам есірткі жарнамасын жойды. 9 қылмыстық іс қозғалып, оның 2-уі бойынша сот үкімі шықты. 1720 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша 265 міндетті санаттағы істерге қатысып, 14 өтінішхат қанағаттандырылып, 489 млн теңгеге мемлекет мүддесі қорғалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау саласында жұмысты үйлестіру арқылы аса ауыр қылмыстарды – 57%, оның ішінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді – 21%, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды – 16% төмендетуге қол жеткізілді. Прокуратура, полиция, сот, сараптама және дағдарыс орталықтары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетудің және оның жолын кесудің тұрақты және үйлестірілген тетігін құруға бағытталған. Қалалық прокуратураның қолдауымен «Бір терезе» қағидаты бойынша жедел әрекет етудің бірыңғай тетігі құрылды. Бұдан кейін зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарлама бойынша зорлық-зомбылық құрбандары дағдарыс орталықтарына жеткізіледі. Құқықбұзушылар ҚПК-нің 128-131-баптарымен ұсталынып, уақытша ұстау изоляторына қамалады. Сараптама қорытындылары 3 сағат ішінде беріледі. Қылмыстық істер сотқа жолданып, айыптау үкімдері тәулік ішінде шығарылады. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап 42 іс бойынша сараптама қорытындылары алынып, айыптау үкімдері тәулік ішінде шығарылды. Бұл тәжірибе уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл жасауына құрылған алғашқы модель болып табылады. Және бұл тергеу сапасы мен тараптардың құқықтарын қорғауға нұқсан келтірмей, барынша жедел ден қоюды қамтамасыз ететін елімізде бұрын-соңды болмаған, баламасы жоқ бастама екенін атап өту керек.
Сонымен бірге мемлекеттік айыптауды қолдау саласында бірінші сатылы сотта қаралған істердің саны 10%-ға, апелляцияда 21%-ға өсті. Қалалық прокуратураның өтініш хатымен апелляциялық және кассациялық тәртіпте 27 адамға қатысты сот актілері заңдастырылды. Сапалы мемлекеттік айыптауды қолдау нәтижесінде 110 млн теңге аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған судьяға және басқаларға қатысты айыптау үкімі қабылданды. ҚК-ке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 6 ұсыныс Бас прокуратурамен қолдау тапты.
Ә.ҚОНЫСБАЙ
