«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында еліміздің жарқын болашағының кепілі - зиялы ұрпақ тәрбиелеудің маңызына ерекше мән берілген.
Ұлттың зиялылығын арттыру, ұлтжанды азаматтардың қатарын көбейту – бір күннің тірлігі емес. Осы мақсатқа жету жолында партия тарапынан түрлі креативті бастамалар мен жобалар іске асырылуда.
Солардың бірі - «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қолға алынған азаматтардың білімі мен зердесін ұштастыратын, ұлттық құндылық пен тарихи сананы дәріптейтін «AMANAT AQYLMAN» зияткерлік ойындары. Биыл осыменен төртінші рет ұйымдастырылып отырған ойындар Ата Заңымыздың 30 жылдығына арналды. Іріктеу кезеңдері барлық аудан, қалаларда өткізілді. Партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты бастамашыл болған бұл жоба өңір жастары үшін интеллектуалды бәсекелестікпен қатар, рухани дамуға жол ашатын ерекше платформа болып қалыптасты.
Зияткерлік ойындарға қатысқан 17 команданың әрқайсысы 5 ойыншысын ортаға шығарды Бұл жоба жастарды ел тарихын, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтарды жақсы меңгеріп, ұлт тағдырына алаңдаушылық танытатын, білімді де парасатты тұлға болып қалыптасуын мақсат тұтады. Зияткерлер жарысына түскен командалардың құрамында түрлі сала өкілдері болды. Сайысқа қатысушылар түрлі интеллектуалды тапсырмалар арқылы логикалық ойлау, командалық жұмыс және шешендік өнер бойынша сынға түсті. Зияткерлер өз дарынын, алғырлығын және елдік ұстанымын көрсете білді. Білім, тапқырлық, логика және стратегиялық ойлау қабілеттерін паш етті. Тарих, әдебиет, мәдениет, саясат, заманауи жаңалықтар мен қоғамдағы өзекті тақырыптар бойынша білімін көрсетті. Ойын аясында замандастар өзара сұхбат алаңын құрып, салмақты пікірлерін ортаға салды. Жарыс нәтижесі бойынша Сарыағаш ауданының командасы жеңімпаз атанса, екінші орын – Төлеби ауданына, үшінші орын – Отырар ауданының командасына бұйырды. «АМАНАТ» партиясы ұлтжандылықты, патриоттықты қалыптастыратын, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыратын осы секілді жобаларды алдағы уақытта да іске асыра бермек.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты