Мақсұт Исаховтың ісі сотқа түсті

Қысқаша

Мақсұт Исаховтың ісі сотқа түсті

whatsapp-image-2022-05-21-at-17.07.14-1-905x613-1.jpeg 

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке іліккен Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты тергеу амалдары аяқталды. Іс Шымкент қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотына келіп түсті. Ratel.kz сайтының жазуынша, бұрынғы орынбасарға Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлімімен (аса ірі көлемде пара беру) айып тағылған.

 Аталған сайттың жазуынша, 2020 жылдың мамырында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша Гагарин көшесіндегі жылу жүйелерін ауыстыруға тендер жариялаған. Лотқа қойылған ақшаның көлемі 685 миллион теңгені құраған. Конкурсқа тоғыз компания қатысып, біреуі жеңімпаз атанған. Алайда мұнымен келіспеген «Старт-Строй» компаниясы сотқа жүгінген. Сот оның талап арызын қанағаттандырып, конкурс хаттамасын жарамсыз деп тапқан. Осыдан кейін Мақсұт Исахов аталған компания  директорының орынбасарын әңгімеге шақырған.

Әңгіме барысында ол компания өкілігіне тендерге қайта қатысудан бас тартуды, оның есесіне 187 миллион теңге берген жағдайда  11 миллирад теңгені құрайтын басқа тендерді алып беретінін айтқан.  Екіарадағы әңгімені директор орынбасары телефонының диктафонына басып алған.

2021 жылдың желтоқсанында компанияның басшылары Бас прокуратураға арызданады. Прокурорлар істің анық-қанығын анықтауды антикорға, Шымкент қаласының аппаратына, Қаржы министрлігіне жүктеген көрінеді. Алайда бұл іс созбалаңға салынған. Осыдан кейін әділдік таппаған арызданушылар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барған. ҰҚК-нің Шымкенттегі департаменті  «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Істің насырға шауып бара жатқанын түсінген М.Исахов ҰҚК департаментінің тергеушісіне ірі көлемде пара бермек болғанға ұқсайды.

Былтыр 19 шілдеде тергеушіге арналған  200 мың доллар пара қаладағы дүкендердің біріне қалдырылған. Оның ҰҚК қызметкерлері айғақтық зат ретінде алып, артынша Мақсұт Исаховты ұстаған.

Бір қызығы, прокуратура былтыр 30 қыркүйекте Исаховқа қатысты   «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану»  бабы бойынша қозғалған алғашқы қылмыстық істі қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартып жіберген. Егер Исаховтың әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы болмаса, ол ҰҚК-нің тергеушісіне параны не үшін берген? Бұл сұрақтардың жауабын соттан кейін білетін боламыз.