Төлеби ауданында емдік туризм айтарлықтай жолға қойылған. Себебі мұнда балдай тәтті қымызымен танылған ауыл бар. Ол – Диханкөл ауылы. Соңғы жылдары мұнда саумалмен емдеу орталықтары көптеп ашылуда. Солардың бірі «Дихан тау» саумалы сауықтыру орталығы.
Екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде ашылған нысан бүгінде көптеген аудан, облыс және республика тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Құны 57 млн теңге болатын орталықтың иесі жеке кәсіпкер Эльмира Еспенбетова. Диханкөл елді мекенінде орналасқан кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдайды. Орталықта ем қабылдаушылар үшін үш мезгіл асы мен төрт мезгіл саумал және жатын орын қызметі ұсынылады. Кәсіпкер отбасылық бизнесін отағасы Бағлан Рысбаевпен бірге жүргізіп отыр. Орталық ғимараты 15 бөлмеден тұрса, ол толық қажетті жиһаздармен жабдықталған. Жалпы жер көлемі 37 соттық. Тау көрінісі мен керемет табиғат аясындағы түрлі жеміс ағаштарының саясындағы жаздық тапшандар, бассейн, орталыққа сән беріп тұр. Үш-төрт бие ұстап, сауып беруге арналған жер де қарастырылған. Демалушыларға атпен серуендеу де ұйымдастырылған.
Емдік бағыттағы туризмді дамытып отырған кешен талай жанның дертіне шипа беріп, жанына тыныштық сыйлап келеді.