Жыл басынан бері 102 заң қабылданған Сенаттың соңғы қорытынды отырысынан кейін депутаттардың жұмысы тіптен қызды деуге болады. Себебі, сенаторлар жаппай әр өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізіп, олардың талап-тілегін тыңдап, мұң-мұқтажына ден қоюда.
Жақында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкентке іссапармен келіп, қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен кездесіп, келелі кеңес құрды. Аталған кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолындағы міндеттер сөз болды. Қаланың дамуында Сенаттың ықпалы мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.
Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді.
Кездесу барысында мегаполистің дамуы, өзекті мәселелері, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.
«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», - деді Мәулен Әшімбаев.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласында соңғы кездері оңды өзгерістер бар екенін, алайда, шешілмеген мәселе де жоқ емесін де айтып өтті. Сонымен қатар Шымкенттің белсенді жастарымен арнайы кездесіп, Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында жас буынның атқаратын рөлі жөнінде сөз қозғады. Одан бөлек, үздіксіз білім алу, ұлттық мүддеге табан тіреу, алға үлкен мақсаттар қою, төл мәдениетіміз бен ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың мұрасын насихаттау және білім беру жүйесін заманға сай жандандыру жөнінде диалог құрды.