Халықтың шағымын тыңдауға дайынбыз

Қысқаша

Халықтың шағымын тыңдауға дайынбыз

Соңғы жылдары ел ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Еститін мемлекет» дейтін сөз тіркесі жиі айтылады. Алғаш рет бұл тұжырымдаманы 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтқан болатын. 

image.png

«Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымызға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», - деп айтылған еді жолдауда. 

Расында, осы тұжырымдамадан кейін билік пен қоғам арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қатынас реттеле бастаған сияқты. Осылайша әр азаматтың үнін ести алатын іргесі берік мемлекеттік аппарат қалыптасатынына сенім мол.

Сөз әлқиссасын бұл тұжырымдамадан бастау себебіміз, жуырда Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың кезекті қоғамдық қабылдауы өткен болатын. Қабылдау барысында әкім орынбасарлары, аудан әкімдіктері және басқарма басшылары азаматтардың талап-тілегін тыңдап, заң аясында шешу жолын қарастырды. 

Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы әлеуметтік салаға қатысты өтініш айтып келген азаматтарды қабылдады. Тұрғындар әкім орынбасарына әсіресе мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселесін жеткізді. 

Сонымен қатар, басқарма басшысы Жанат Өтебаева қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың әлеуметтік бағыттағы шағым мен ұсыныстарын тыңдап, заң шеңберінде кеңес пен бағдар берді. Азаматтар негізінен қайтарымсыз грант пен мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналасу жөніндегі өтінішін жеткізді. 

«Біз халықтың шағымы мен ұсынысын тыңдауға, кері байланысты нығайтуға әрқашан дайынбыз, әрқашан ашықпыз. Мақсатымыз – тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен нәтижелі жұмыспен қамтылуының әлеуетін арттыру» , - деді Жанат Өтебеаева.

Айта кетсек, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының тұрғындарды жеке қабылдауы әр аптаның сәрсенбі күні өтеді. Ол үшін алдын ала 77-11-03 телефон номеріне немесе Бәйтереков №89 мекен жайындағы 21 кабинетке келіп жазылуы тиіс.