Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағы ашылды. Алдағы уақытта екі елдің бизнесмендері бірлесіп, кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асырады. Шымкентте сиандық кәсіпорындардың тәжірибесі қолданылатын болады. Екі мегаполис арасындағы іскерлік байланыстар тереңдеп, тауар алмасу жақсарады.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация Сиань қаласында болып, бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов осы сапардың барысын баяндап берді.
- Шымкент пен Сиань қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнатудың 1 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Шымкент қаласының әкімі бастаған ресми және іскер делегациямен ағымдағы жылдың 24-25 маусымы аралығында Сиань қаласында болдық. Сапарымыз Сиань қаласындағы көлік-логистикалық терминалды аралаудан басталды. Қазақстан мен Қытай басшыларының Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын логистикалық орталық салу туралы келісімі аясында құрылған порттың ашылу салтанаты ағымдағы жылдың ақпан айында өтті. Жалпы Сиань қаласы Қытайдың транзиттік орталығы, ал құрғақ порты елдегі ең үлкені. Мұнда Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40 пайызға жуығы қалыптасады. Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа нарықтарға жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімдерін айтарлықтай қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі ұстанымын нығайтады,--деді әкімі орынбасары.
Осы сапар барысында Сиань қаласында шымкенттік «Жеті тандыр» мейрамханасы жобасының іргетасын қалау рәсімі өткен. Әрі қарай, Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығының ғимаратында Шымкент-Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы ұйымдастырылған. Аталған форум аясында қытайлық жергілікті 30-дан астам және қазақстандық 20-дан астам кәсіпкерлер арасында денсаулық сақтау, IT, металлургия, қоғамдық тамақтану, білім, ауыл шаруашылығы, электр жабдықтарының және құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салаларда В2В кездесулер болды.
Одан бөлек, қытайлық ірі компаниялармен кездесулер өткен. Атап айтқанда:
--«Jiangsu Xiandai Lighting Group Co., Ltd» компаниясымен жарықдиодты көше шамдары, ландшафт шамдары, көше шамдарының әртүрлі түрлері, сигналдық байланыс тіректері, электр тірек тіректері, бақылау тіректері, жол қауіпсіздігі құралдары және электромеханикалық жабдық, көп функциялы көше шамдары, қалалық кешенді жабдық, күн фотоэлектрлік панельдері өндірісінің жобасы талқыланған. Бұдан бөлек «Shaanxi Jingzhao carspan» компаниясымен автомобиль өндірісінен сервистік қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді автомобиль құрастыру зауытын құру жобасын іске асыру бойынша келісімдер жасалған.
Сапар барысында Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастық пен алмасуға ықпал ететін ұйым болып табылатын «Қазақстан – Қытай кәсіпорындар альянсымен» ынтымақтастық платформасын құру, іскерлік сапарларды ұйымдастыру және сауда - экономикалық форумдар өткізу арқылы екі елдің экономикаларының өркендеуі мен дамуы бойынша бірқатар келісімдер жасалған. Мәселен «Xian Typical Elevator Co., Ltd.» компаниясымен лифт өндірісі бойынша зауыт салу жобасы талқыланған. «Shaanxi Foreign Trade Import and export Group Co., Ltd.» компаниясымен көтерме сауданы, технологиялар мен азық - түлік импортын және экспортын, қойма қызметтерін, көлік қызметтерін, жеткізу тізбегін басқару қызметтерін, халықаралық контейнерлік тасымалдарды экспедициялау бойынша екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылған. «China Communications Construction Company Limited (CCCC) Tianjin Dredging Co., Ltd.» компаниясымен порттар мен су жолдарын тереңдету, жерді мелиорациялау, гидротехникалық құрылыстар мен іргетастарды жобалау, іздестіру, жобалау, кеңес беру және экологиялық тереңдету, сондай-ақ жабдықтар өндірісіне, инвестицияларға, жылжымайтын мүлікті дамыту, халықаралық тасымалдар, транзиттік сақтау бойынша екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланған.
Форум және екіжақты кездесулер нәтижесінде жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларына келісімдер жасалып, құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда: «Invest Shymkent» ЖШС және «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында өзара түсіністік туралы меморандум; «KazFerroGroup» ЖШС және «Shanxi Heynan New Metallurgical Electric Equipment Co. LTP» компаниясы арасында Ферроқорытпа пешін сатып алу туралы келісім (16,3 млн АҚШ долл.); «JT Food Expert» және «Xi'an Gang Tong Tian Xia Dian Zi Shang Wu You Xian Gong Si» компаниялары арасында тамақтану саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім; «KazBioTech» ЖШС және «Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd» арасындағы өсімдік майын сату туралы келісім (1,3 млн АҚШ долл.) жасалған.
Шымкенттік делегация осы сапар барысында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырза және қала мэрі Е Нюпин мырзамен кездесу өткзді. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты бастамалар талқыланды. Атап айтқанда, баламалы энергия көздері саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды әзірлеу, Шымкентте күн электр станциялары мен көлік-логистикалық орталықтар салу, жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу жобаларын дамыту ұсынылды. Кездесу нәтижесінде ағымдағы жылдың күз мезгілінде Шымкент қаласында екі қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу жоспарланды.
Сондай-ақ, шымкенттік делегация Үрімші қаласында «Тату көршілік пен достық, өзара тиімді ынтымақтастық» тақырыбында өткен «Қазақстан – Қытай үшінші өңіраралық ынтымақтастық форумына» қатысты.
Аталған форумда қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Мақашұлы Жұманғарин бастаған делегация да болды. Іс-шараның бірінші бөлігінде екі елдің ресми өкілдері екіжақты ынтымақтастық бойынша сөз сөйледі. Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков те қаланың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық ахуалы туралы баяндады.
Форумның екінші бөлігінде екі елдің кәсіпкерлері арасында кездесулер өтті, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар, форумның барлық қатысушылары «Қытай-Еуразия» халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалады. Көрмеде қытайлық нарыққа шығару мақсатында еліміздің әр өңірінен 40-тан астам компания өкілдері өз өнімдерін ұсынды.