Ең үлкен стадион - 35 орынға лайықталған спорттық нысан Шымкентте салынып жатыр

Қысқаша

Ең үлкен стадион - 35 орынға лайықталған спорттық нысан Шымкентте салынып жатыр

Естеріңізде болса, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков президенттің тапсырмасымен үшінші мегаполисте үлкен стадионның салынатынын айтқан болатын. Аталған спорттың нысанның қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. 

image.png

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша,  жаңа стадион  Тұран-2 шағын ауданында салынып жатыр. Жуырда нысанның капсула салу рәсімі өтті. Тарихи оқиғаға футбол ардагерлері мен қоғам белсенділері, «Ордабасы» клубының қызметкерлері, бапкерлері мен ойыншылары, БАҚ өкілдері мен жергілікті футбол жанкүйерлері де куә болды. 

Шымкенттегі жаңа арена 35 мың орынға арналған. Оның аумағы 21 гектарды алып жатыр. Осы жерде айта кетейік, дәл қазіргі уақытта елімсіздегі ең үлкен стадион елордадағы «Астана Арена»--30 мың 200 адамға лайықталған.  Шымкенттегі заманауи аренаның сыйымдылығы одан да асып түседі. Яғни, ол Қазақстандағы ең үлкен стадион болады деген сөз.  

Стадион құрылысы жоспар бойынша  2026 жылы аяқталады. Жаңа спорт нысаны халықаралық матчтарды өткізуге арналған УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттырады. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбековтың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, жаңа стадионды салуға қазынадан 40-45 млрд. теңге қаралған. 

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадион  1969 жылы салынған. Ол 18 мың адамға лайықталған. Жаңа аренаның құрылысы аяқталған соң Қажымұқан атындағы стадион қайта жөндеуден өтеді. Ол «Ордабасы» футбол командасының  қосалқы стадионы және жеңіл атлетикадан ұлттық команданың жаттығатын орнына айналады.