Ел Үкіметі үшін бүгінгі күні ең өзекті деген мәселелердің бірі -- халықтың табысын арттырып, күн күнкөріс жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты жою болып отырғаны белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» әзірлеп жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жедел қолға алынды. 2022 жылы Президент еліміздегі 1 миллионға жуық адам күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алатынына алаңдап, Үкіметке бұл іспен шындап айналысуды тапсырған болатын. Нәтижесінде мемлекет ел азаматтарының шағын кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қайтарымсыз гранттар бөліп, жаңа мамандықтарды игере бастауына мұрындық болды. Қайтарымсыз грант – қайырымды мемлекеттің саясаты болса керек.
Міне, Президенттің өзі алаңдаушылық білдірген мәселе Шымкент қаласында да ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2024 жылдың І лек бойынша грант иегері атанған азаматтармен кездесті. Жиынға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары арнайы шақырылып, грант иегерлеріне алдағы уақытта кәсібін дамыту, оған мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайында толықтай түсіндіріп өтті.
Алдымен басқарма басшысы азаматтарға қайтарымсыз қаржы берудегі негізгі мақсатты түсіндірді. Кәсібін дөңгелетуге, өндіріс орындарын ашуға ниеттенген жандар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп екенін де айтты.
«Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес, бизнес-жобасы бар адамға грант беру арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытып, ірі кәсіпорындармен әріптестік орнату арқылы қала экономикасының ілгерілеуіне жол ашу басты мақсатымыз. Сіздердің бизнес-жобаларыңызды жүзеге асыру үшін берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, мақсатсыз жұмсалған жағдайда қайтарылатынын ескертеміз. Осы орайда, 2023 жылы грант алған 452 адамның нәтижесін баяндап өтсем. Бүгінге дейін мониторинг бөлімі 268 адамның қаржыны мақсатты жұмсағанын анықтаса, 137 адамның ісі «Құқықтық қамтамасыз ету» бөліміне өткен. Оның ішінде есеп тапсырмағандар, қаржыны мақсатқа жұмсамағандар және ісі сотқа өткендер бар. Ал, 184 грант иегерін зерделеу жұмысы осы жылдың қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады»,- деді Жанат Өмірсейітқызы.
Шынында грант иелері кәсібінің есебін тапсыру мәселесіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайды, бұл жөнінде Еңбек мобильді орталығы директорының орынбасары Бекболат Алиханов егжей-тегжейлі баяндап берді.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының маманы Мұрат Салимов 400 АЕК-ке дейінгі гранттан бөлек, 5 млн. теңге және жеңілдетілген несие жөнінде түсіндірді. Ал, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілі бизнес-жобасын ауыл шаруашылығы бағытында қорғаған азаматтарға мемлекеттен берілетін субсидиялар жайында тарқатып айтты.
Айта кетейік, Шымкент қаласында биыл 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Маусым айында алғашқы лек бойынша үміткерлер өздері ұсынған бизнес-жобасын комиссия алдында қорғап, нәтижесінде 214 адамға 400 АЕК-ке дейінгі грант мақұлданды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығын, 52 –сі қызмет көрсету, 34-і кондитер және нан өнімдері, 41-і тігін саласын, 16-сы жартылай фабрикат өнімдерін, 3-уі жиһаз өндірісін, 35-і өндіріс саласын, 8-і тамақ өнеркәсібін қамтыды.
Естеріңізге сала кетейік, грант тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді.