Біз бір-бірімізге жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек

Қысқаша

Біз бір-бірімізге жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Парламент Сенатының отырысында: «Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш. Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз», - деген болатын. 

image.png

Жуырда ғана Праламент Сенатында «Бір ел - бір мүдде» депутаттық тобының отырысы өтті. Сенатта «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасы қолға алынған.

Айта кетейік аталған жобаның мақсаты – Парламент депутаттарының, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, мемлекеттік органдардың және Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара тұрақты іс-қимыл жүйесін ұйымдастыру. Сенатор Закиржан Кузиев Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этиканы орнықтыруда орталық органдар ғана емес, сонымен қатар өңірлік билік рөлінің маңыздылығын да атап өткенін тілге тиек етті. Яғни, қоғамда өскелең өмірді бағдар ететін және дүниетанымның ажырамас бөлігіне айналатын ұстанымның кеңінен қанат жаюы үшін тиімді тетіктер іздеу мен ұсыну және ілгерілетуде орталық пен өңірлер тығыз байланыста жұмыс істеуі керек.

Аталған жобаның мән-маңызы мен берер нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиев былай деді: 

«Жобаны іске асыру барысында халықтың өзекті мәселелері айқындалатын болады, ол Парламент, мәслихаттар депутаттарының жұмысында және олардың өзара іс-қимылында көрініс табады. Біз өз жұмысымызда Ассамблеяның және өкілді биліктің өзекті мәселелері мен міндеттерінің барлық саласын қамтитын боламыз, сондай-ақ Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ҚХА өкілдері мен этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен жергілікті жердегі этносаралық қатынастар мәселесін тұрақты қарауды қамтамасыз етеміз. Біздің жұмысымыздың басты бағыты әрқашан этноәлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын алу болуы тиіс», - деген болатын Сенат депутаты. 

Ал сенатор Ольга Булавкина Қазақстанда 100-ден астам этнос өмір сүріп жатқанын, яғни, біздің еліміз әлемдегі ең көп ұлтты елдердің бірі екенін айтып өтті. Сондай-ақ «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасының ауқымындағы сындарлы диалог заңмен бекітіле отырып, қоғамдық, конфессияаралық және этносаралық келісімді сақтаудың негізгі құралдарының біріне айналатынын, ал пісіп-жетілген әлеуметтік өзгерістерді уақтылы және қолайлы шешуге, лайықты өмір сүру жағдайын жасауға ықпал етуге болатынын да сөзге тиек етті. 

Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков өз кезегінде өңірлер мәслихаттарының және ҚХА құрылымдарының жұмысы туралы айтып берді. Мәселен, мәслихат төрағалары мен депутаттар кеңестердің отырыстарына, өңірлік сессияларға қатысатыны және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесетіні жайлы айтты. Ал аталған қоғамдық жобаны іске асыру бұл жұмысты барлық өңірлерде жүйелеуге, мекемеаралық жұмыс жоспарлары мен жол карталарын әзірлеуге мүмкіндік беретініне кәміл сенімді екенін де айтып өтті. 

Аталған қоғамдық жобаны ел арасына тарату шараларын Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары бастап та кетті. Олар Сайрам тұрғын алабына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. «Наурыз» саябағында ашық аспан астында өткен кездесуде мәслихат депутаттары Қ. Имашев, М. Қалмұратов, А. Молдабек, аудан әкімі Р. Мүлкеманов, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г. Дәрібаева, қала прокурорының аға көмекшісі Н. Базарбаев, қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі А. Әмзеева тұрғындар көтерген сауалдарға тиянақты жауап берді.

Еркін форматта өткен жиында қалалық мәслихат депутаты Қ.Имашев ішкі бірлікті бекемдеу жайында сөз сөйлесе, М.Қалмұратов мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Қала прокурорының аға көмекшісі Н.Базарбаев этносаралық сипаттағы фактілер үшін жауапкершілік жайында баяндап берді.