«Жақсы маман екенімді дәлелдеуге бар күш-жігерімді саламын»

Қысқаша

«Жақсы маман екенімді дәлелдеуге бар күш-жігерімді саламын»

Еліміздің мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі -- халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау, яғни еңбек нарығындағы жағдайды реттеу болып табылады. Мемлекеттік саясат өз азаматтарын әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге және олардың әл-ауқатының өсуіне ықпал етуге арналған. Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы жаһандық сын-қатерлер жағдайында мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларын жетілдіру мәселелері ерекше өзекті болып отыр.

image.png

Міне, осы бір өзекті мәселенің күрмеуін шешу мақсатында жақында Шымкент қаласында Еңбек мобильдігі орталығының ұйымдастыруымен пробация қызметі есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған және алимент берешегі бар тұлғаларға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмысқа орналасуға көмек беретін тиімді іс-шаралардың бірі болып табылады. Сондықтан бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің мақсаты -- жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ жоғарыда  айтылған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту.

 Жәрмеңкелерде әр компания өкілдеріне өз кәсіпорындарының мүмкіндіктерін таныстыруға мүмкіндік беріледі, ал жұмыс іздеушілер қысқа уақыт ішінде кадрларды іріктеуге мүдделі жұмыс берушілермен сөйлесе алады, қызығушылық танытқан бос жұмыс орындарды таңдап және сол жұмысқа орналасу үшін әңгімелесуден өтеді.

Халықты, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін былтыр ғана өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен болатын.

«Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», - деген болатын Мемлекет басшысы. 

Шымкентте өткен іс-шараға Шымкент қаласының полиция департаменті, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының басқармаларында тіркелген, сотты болған азаматтар қатысты. 

Жәрмеңкеге жалпы 10 жұмыс беруші қатысып, одан өзге 63 мекемеден коммуналдық-шаруашылық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету салалары бойынша мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрғын азаматтарды жұмыспен қамту квотасына қатысушы 4 мекеменің 20 тұрақты бос жұмыс орны да бар. 

Нәтижесінде, жәрмеңкеге жалпы 25 адам қатысып, 10 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды. Оның ішінде 7 адам квотада белгіленген жұмыс орындарына ие болды. Қалған  азаматтар жәрмеңке барысында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер алды.

Аталған іс-шара арқылы тұрақты жұмыс орынан жолдама алған Б. есімді азамат елімізде жұмыссыз ретінде ресми тіркеліп, жұмыс істеуге ниеттенген адамға мүмкіндік көп екенін айтады.

«Бас бостандығынан айыру мекемесінен босатылған адамдардың жұмысқа орналасуына кедергілер өте көп. Сотты болғанымызды есіте салысымен бірден бізге деген көзқарас өзгереді. Бүгінгі жәрмеңкеге қатысып, мекемелерде біз секілді адамдарға мемлекеттен жұмыс орындары квотасы бар екенін есіттім. Бұл мүмкіндікті оңды пайдаланып, тұрақты жұмысқа жолдама алдым. Айлық жалақысы да көңілге қонымды. Жалпы, ресми түрде жұмыс істеген адамға көп мүмкіндік бар. Ипотека арқылы тұрғын үй алуға, емхананың қызметін қолдану секілді мүмкіндіктерге ие болады. Алда жоспарым өте көп. Өзімнің жақсы маман екенімді дәлелдеуге бар күш-жігерімді саламын», - дейді есімін атаудан бас тартқан кейіпкер.

Айта кету керек, әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Ал сол бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындап, жоспарларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің міндеті. Халықтың басым көпшілігі аудан-ауылды жерлерде шоғырланғандықтан, бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату да басты мақсат болуы тиіс. Анығын айтсақ, «Еңбек адамы» бейнесін танымал етуді, жұмыспен қамтуды одан бөлек «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі» бағдарламасының орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру Шымкент қаласында өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деуге болады.