Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу және бүкіл үдерісті автоматтандыру, жалпы қоғамдық көлік саласын реформалау, жолаушылар тасымалының сапасы мен жайлылығын үнемі жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес Шымкентте бірқатар жобалар әіске асуда. Солардың бірқатарына жуырда Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов тоқталып өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, мегаполисте қоғамдық көлік мәселесі өзекті проблема екендігі ескеріле отырып, жыл басынан бері бірқатар өзгерістер енгізілген. 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Схемаға сәйкес, 77 бағытты құрайтын жаңа маршруттық желі әзірленді. Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен және 36-сы бензинмен жүреді. Қала аумағындағы сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен 100% қамтылған.
Қазіргі уақытта мегаполисте жолаушыларға 11 көлік компаниясы, 916 автобус қызметін көрсетеді. Биылдың бес айында 36 738 679 жолаушы тасымалданған.
Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде «Автоимпульс» ЖШС тарапынан алынған «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобусы наурыз айынан, «Санжар моторс» ЖШС және «Абдуганиев» ЖК-і тарапына алынған «SAZ LE 60» маркалы 12 автобус мамыр айынан бастап, «Ман-оңтүстік» ЖШС тарапына алынған «Youtong» маркалы 3 жаңа автобус қызмет көрсетуде. Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Биыл мамырдан бастап Шымкентте валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Шымкентте тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар биыл 10 мамырда толық аяқталды. Нысанды сенімгерлік басқаруға беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта вокзалда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған. 1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді құрайтын, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мыңнан аспайтын. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты.
Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.
Ролан Ибрагимовтың айтуынша, Шымкент қаласы бүгінде автокөлік санының көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұр. Осыған орай, қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2312,3 шақырымда асфальт жабындысы бар. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2% жеткізу жоспарланған.
Биыл Шымкент қаласының жол желісін дамыту 47 нысанда немесе 159,6 шақырымда жүргізілуде. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз үшін 450 шақырым жолдарды таңбалау, 85 000 м2 шұңқырларды жамау, тегістеу қабаттарын салу, тротуарларда пайда болған ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 296 бағдаршам нысанын, 16 500 дана жол белгілерін күтіп ұстау, 16 дана жаңа бағдаршам орнату, 4000 дана жол белгілерін орнату жұмыстары атқарылуда. Ағымдағы жылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін 800 метр жасанды жол кедергілері орнатылған.
Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесі енгізіледі. Жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі ITS-ке қосылады.
Басқарма басшысы қала әуежайының жаңа терминалына да тоқталды. Жаңа әуежай терминалының құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылуда. Терминалды іске қосу арқылы жолаушылар ағыны сағатына 200-ден 2000-ға дейін артады, ал өткізу қабілеті жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін көбейеді. Сондай-ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Жаңа жолаушылар терминалы 2000-нан астам жұмыс орнын құруға, халықаралық бағыттардағы маршруттық желілерді дамытуға, шетелдік әуе тасымалдаушылар мен инвестицияларды тартуға, әуе жүк тасымалын дамыту және туристік сервисті дамыту үшін тартымды имидж жасауға мүмкіндік береді.