Биыл 8-14 қыркүйекте елордада 5-інші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бүкіл әлем көз тіккен дүбірлі жарысқа 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деген жоспар бар.
Жарысқа қатысушылар көшпенділерге тән ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сияқты 20 ойын түрінен бәсекелеседі. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтпек.
Шымкент қаласында осы дүбірлі жарысқа мықтыларды жіберетін «Толағай» алыптар сайысы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Жарыс Шымкент қаласы әкімдігінің және қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Республикалық іріктеу жарысына Шымкенттен барлығы 10-нан аса спортшы қатысты. Олардың ішінде көптеген байрақты бәсекелердің жеңімпаздары, спорт шеберлері сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, аталған жарыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған. Іріктеу жарысы бірнеше кезеңдерден тұрады. Үміткерлер 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 100 келі табиғи тасты көтеріп жүру, 100 келі қапты көтеру, салмағы 200 келі арбаны сүйреу, найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша кім мықтыны анықтады. Қайталап айта кетейік, бұл іріктеу жарысының мақсаты - 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларды анықтау. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынға Бағдат Маматқұл ие болды. 2-орынды Бағлан Мырзатаев иеленсе, Нимаджан Халметов пен Сәулет Абдусаликов үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.
Сонымен бірге 23 маусым--Қазақстан полициясы күніне орай Шымкенттегі үш мектепте кадет сыныптары ашылды. Үш сыныпқа өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полицейлер Нұраш Байтіленов, Нұржан Шойынбаев және Тайыр Шералиевтің есімдері берілді. №90, 89 және 135 мектептердің 75 оқушысы салтанатты түрде ант қабылдап, кадет атанды.
Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов пен Шыкент қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Думан Таев қатысты.
Салтанатты шара барасында қатысушылар кадеттерді құттықтап, алдағы уақытта құқықтық тәртіпті сақтауда еліміздің лайықты азаматтары болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын білімді табандылықпен игеруге және өздерінде адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастыруға шақырды.
Айта кетейік, қала мектептерінде кадет сыныптарын ашу оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ықпал етеді.