Шымкентте 200-ден аса адам қайтарымсыз грант иегері атанды

Қысқаша

Шымкентте 200-ден аса адам қайтарымсыз грант иегері атанды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын.

image.png

Бұл бағытта Шымкент қаласында да ауыз толтырып айтарлық шаралар жүзеге асуда. Соның бірі жуырда Шымкентте 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырысы жұмысын аяқтаған болатын. 

Алғашқы лекте Шымкент қаласының Еңбек мобильдігі орталығына 1 162  адам өтінім беріп, бизнес-идеяларын ұсынған соң, кейін үміткерлер комиссия алдында жобаларын қорғап, нәтижесінде 214 адам қайтарымсыз грантқа ие болды. Әлеуметтік осал топ  азаматтарының  бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз қаражат алуға өтінімдер электронды форматта қабылданды. Бұл қолдауға еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түсті. Қатысушылардың жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Сонымен қоса, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуы шарт. 

Комиссия өкілдері бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне назар аударды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығын, 52 –сі қызмет көрсету, 34-і кондитер және нан өнімдері,  41-і тігін саласын, 16-сы жартылай фабрикат өнімдерін, 3-і жиһаз өндірісін, 35-і  өндіріс саласын, 8-і тамақ өнеркәсібін қамтыды.

Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылып, қала тұрғындары жұмыс барысына қоғамдық бақылау жасады. 

Айта кетейік, кәсіпкерлерді қолдау үшін атқарылып жатқан қайтарымсыз грант жобасы тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді.