Мемлекет басшысы былтыр қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтау сөзінде: «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады.
Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады», - деген болатын.
Расында да еліміздегі отбасы институтын нығайту, отбасылар арасындағы араздықты азайту мәселелері бүгінде ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Міне, осы бағытта былтыр әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелері елімізде де ресми мереке ретінде белгіленген еді. Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі, әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі. Атаулы толықтырулар «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне ҚР Үкіметі қаулысымен енгізілген болатын.
«Қоғам отбасынан бастау алады. Қазіргі уақытта мерекелік күндердің тізбесінде отбасы күні жыл сайын атап өтіледі. Дегенмен ата-аналардың мәртебесін көтеру үшін ана мен әке статусына ерекше көңіл аударғанымыз жөн», – деген болатын сол кездегі Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі аталған күндердің мән-маңызы туралы.
Осы күндердің символы ретінде халқымызда киелі саналатын ақ кимешек, ақ орамал, жеті ата ұғымдарын жандандыру ұсынылды. Мереке күндерінде балалары анасына кимешек кигізіп, ақ орамал тарту етсе, әкелеріне жеті ата есімі жазылған қол еңбектерін сыйға беріп қуанта алады және ата-бабаға тағзым жасайды. Бұл ұсынымның да маңызы зор. Себебі өскелең ұрпақ ананың, ақ орамалдың киесін ұғынып, шежірені білу арқылы шыққан тегін, тарихын зерттеуге ынталанады.
Қабылданғанына көп болмаған Аналар және Әкелер күні жыл сайын тойланатын жаңа жыл және туған күндермен бірге жанұя мүшелері бас қосатын отбасылық мерекелердің қатарына қосылуы шарт деп есептейміз.
«Әке, ата ұғымы біз үшін киелі, қасиетті. Сондықтан атажұрт дейді, атамекен дейді. Туған жер атаның, әкенің атымен тікелей байланысты.
«Мен бүгін әкемді ойланып толғанамын» деп ақындар талай жыр жазған. Біз де алғаш рет қолымызға қалам ұстағанннан әкемізге арнап «Сағыныш» деген жыр жаздық. Мерекелік күндердің тізбесіне «Әкелер күні» мерекесін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар», - деген Дархан Қыдырәлі жас ұрпақтың бойында әкеге деген махаббат пен құрмет болуы керек екенін де айтып өткен еді.
Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, мұндай мерекенің қажет екенін мойындамасқа болмайды. Қазақстанда мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6% ғана қатысады екен. Яғни, өкінішке қарай әкелер балалармен көп уақыт өткізбейді. Балаларды мектепке апару, олармен сабақ оқу көбінесе аналарымыздың мойнында. Сондықтан осы әкелерді ардақтау арқылы әкелердің жауапкершілігін арттыру қажет.
Жоғарыда айтқандай балалардың әкелеріне арнап арнаулар жазып жатқаны әкелердің жауапкершілігін арттыруға өз әсерін тигізеді.
Отбасына әкелер көбірек көңіл бөлуі тиіс. Өйткені отбасында әкелердің атқаратын рөлі зор. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жалпы отбасыда кикілжіңдер көп, ажырасулар саны азаймай тұр. Балаларымыз әкесіз қалмасын. Әрбір перзент өзінің әкесімен мақтансын!
Бүкіл әлемде ер адамдар балалар күтімімен және үй шаруасымен күннен күнге көбірек айналысуда. Алға даму байқалады, алайда өзгерістер өте баяу жүзеге асуда. 1997 жыл мен 2012 жылдар арасында әйелдер мен еркектердің үй жұмысымен айналысуға бөлетін уақытындағы айырмашылық күнделікті тек жеті минутқа қысқарған. Әйелдер үйден тыс уақытта ер адамдармен бірдей уақыт жұмыс істегенде де, бұл теңсіздік сақталады. Бүгінгі күні Қазақстандағы әйелдер ер адамдармен салыстырғанда үй жұмысына екі есе көп уақыт жұмсайды. Сонымен қатар, қазақстандық әйелдердің 66%-ы үйден тыс жұмыс істейді. Салыстыратын болсақ, еңбек нарығындағы ерлер үлесі тек 11%-ы ғана артық және жалпы 77% құрайды.
Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменова да аталған мерекенің қоғам алдындағы орасан пайдасы барын айтты.
«Ең алдымен ұлттық комисссия осы ұсынысты Әкелер одағы құрылған сәттен бастап қолдап келе жатыр. Әкелердің қоғамдағы абыройы төмендеп кетті. Оның себептері көп. Қоғамда әкелердің мықты болуы қоғамның мықты болуының негізі. Қазіргі уақытта материалдық жағдайға көп көңіл бөлініп кетті. Әке – баланың қорғаны. Баланың өмірінде қиындықтар болса, оған сенім ұялататын – әке. Біз аналар кейде эмоцияға берілеміз. Әке шығу жолын көрсетеді. Әкесі бар бал тұрақты болып өседі. Менің әкем бар деп»,- дейді ол.
Әкелер күні маусымда үшінші жексенбіде әкелерді тойлау және құрметтеу үшін әлем елдерінде бұрыннан тойланады. Бүл меркені тойлау туралы Вашингтон штатындағы Сонора Смарт Додд ұсынған. Әкелер күнін ресми түрде өткізу 1913 жылдан бастап, әкелердің күнін ұлттық деңгейде тану үшін заң жобалары съезге жіберілді.
1916 жылы Президент Вудро Уилсон Әкелер күнін ресми түрде өткізуді ұсынды, бірақ Конгресстің қолдауына ие болмады. 1924 жылы Президент Кальвин Кулидж Әке Күнін ұстануды ұсынды, бірақ ұлттық жариялауға дейін бармады.
1957 жылы Мэнден келген сенатор Маргарет Чейз Смит Конгрессті 40 жыл бойы әкелерді елемей, айыптап, аналарды ғана құрметтейтінін жазған. 1966 жылы президент Линдон Джонсон президенттік жарлыққа қол қойды, ол маусымның үшінші жексенбісі еді.
1972 жылы Президент Ричард Никсонның кезінде Әкелер күні АҚШ үшін ұлттық мерекеге айналды.
Аталған айтулы күннің қарсаңында Шымкент қаласында да алғаш рет жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Otbasy fest» жобасы шеңберінде «Әкелер күні» аталып өткен болатын.
Отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, нығайтуға арналған іс-шара Орталық саябақта ұйымдастырылды. Осында жиналған тұрғындар қаламыздағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, 10 отбасының спорттық ойындардан сайысына жанкүйер болды. Одан бөлек, саябақта қолөнер шеберлерінің көрмесі мен «Бақытты жанұя» орталығының психологтарының қатысуымен отбасында татулықты нығайту жөнінде тегін кеңес бұрышы жасақталды.
«Әкелер күні» мерекесінің аптаның жексенбі күніне бекітілуінде де үлкен мән жатыр. Отбасыда әкенің тәрбиесі мен өнегесі перзент үшін өмір бойы азық. Сондықтан демалыс күндері әкелер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлсе, отанға қызмет ететін, елдің дамуына үлес қосатын ұрпақ тәрбиеленіп шығары анық. Бүгінгі іс-шарадағы 4 түрлі спорттық сайыста әкенің сабырлығы, отбасындағы ұйымшылдық, тілсіз бір-бірін ұғынуы сынға түспек. Жеңімпаздарға «Бақытты жанұя» орталығындағы тігін курсының білім алушылары қолынан шыққан қолөнер бұйымдары сыйға беріледі», - деді «Бақытты жанұя» орталығы басшысының орынбасары Ерлан Альжанов.
«Жүзден жүйрік» деп аталатын спорттық ойындардан жарыс бірнеше бөлімдерден тұрады. Таныстыру бөлімінде әр отбасы өз командасының аты мен ұранын таныстырды. Мұнан кейін, асық ату, кедергілер арасынан жүгіріп жарысу, арқан тарту, «кім жылдам?» ойынында эстафета таяқшаларын бір-біріне ұзатып жарысты. Жарыстың соңғы түрінде әкелер кір тасын көтеруден күш сынасты. Ал, қатысушылардың спорттық ойындардағы шеберлігін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жаттықтырушылары бағалады.
Айта кетейік, аталған отбасылық жарыстан қазылар алқасының қорытындысы бойынша, ІІІ орын Қожабековтер отбасына, ІІ орын Мигматовтар отбасына бұйырды. Жүлделі І орынды Маликовтар жанұясы қанжығалады. Сонымен қатар, қатысушыларға «Үздік ойыншы» мен көрермендер арасынан «үздік жанкүйер» номинациясы бойынша алғыс хаттар табысталды.