«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел».
Естеріңізде болса бұған дейінгі Жолдауында Мемлекет басшысы осылай деген болатын. Президент осы бағытта
синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиістігін, сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажеттігін тапсырған болатын. Сонымен бірге интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарға тоқталып, алаяқтыққа жол бермес үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейту қажеттігін алға тартқан болатын.
Биыл Атыраудан өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы есірткіге, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымы проблемасына тағы да назар аударды.
- Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын,-деген болатын Мемлекет басшысы.
Жуырда Шымкент қалалық әкімдігінде Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында дәл осы есірткі мен алаяқтық қылмыстарына қарсы күрес мәселесі талқыланды. Жиынға мегаполистегі құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудан әкімдері және басқарма басшылары қатысты.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және нашақорлықты алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізілді. Биыл есірткіге қатысты 201 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Ал өткен бес айда 265 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға төмен.
Дегенмен де қазіргі уақытта алаяқтық кең тараған қылмыстардың біріне айналып отыр. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары А.Манатұлының мәліметінше, биылдың бес айында мегаполисте қаржы пирамидаларына қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. Оның 1-еуі өндіріспен аяқталған. Қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан сақтандыру үшін халық арасында түсіндіру шараларын күшейту жолдары қарастырылуда.
Жиынға төрағалық еткен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың қауіпсіздігі күн тәртібіндегі бірінші мәселе болып қалуы тиіс екенін айта келе, жауаптыларға аудандық полиция басқармаларымен бірлесіп, кешенді шаралар қабылдауды, жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Арман Бейсенбаев есірткі және алаяқтықпен күрес мәселесіне өткен аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брфиингте арнайы тоқталды.
--Еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткімен байланысты 2 мың астам интернет сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 100 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, оларды жасаған 38 азамат ұсталып, жауапқа тартылған. Оның ішінде 16-ы қамауға алынды.
5 айдағы азаматтарға келтірілген шығын көлемі 354 млн теңгеден асады, оның 57 млн теңгесі кері қайтырылған және есепшоттары бұғатталған. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін Полиция департаментінде тәжірибелі қызметкерлерден құралған «Киберпол» жұмыс тобы қызмет атқаруда. «Киберпол» барлық қажетті замануи құрал-жабдықтармен, ақпараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған. Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде 120 мәтіндік хабарлама, 135 бейнеролик жарияланып, 6 мыңнан астам жадынамалар таратылды. Кинотеатрларда, сауда үйлерінде, банктерде азаматтарға алаяқтардың әрекеті туралы ұдайы ескертілуде,--деді А.Бейсенбаев.
Жалпы алғанда биыл Шымкентте тіркелген қылмыстардың саны былтырмен салыстырғанда 28,6 %-ға азайған. Кейбір қылмыс түрлері, атап айтқанда, пәтер ұрлығы – 23,6 %-ға, мал ұрлығы – 66,7%-ға, алаяқтық – 34,1%-ға төмендеген.
- Ал, аса ауыр және ауыр санаттағы қылмыстардың ашылымы 100 пайызды құрады, - деді полиция полковнигі.
Мегаполисте профилактикалық бағыттағы жұмыстарға басымдық берілуі нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 29,1 пайызға, көшелерде жасалғандар 26,8 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қатынастағылар 23,1 пайызға, кәмелетке толмағандармен жасалғандар 23,1 пайызға азайған. Ал, жыл басынан кәмелетке толмағандармен жасалған 3329 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 249 кәмелетке толмағандар мен 138 жайсыз отбасылар есепке алынды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарауына 11 материал жолданып, оның шешімімен 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектепке жіберілді, қалғандары бойынша жақын күндері шешім қабылданады. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 323 бала орналастырылды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жергілікті атқарушы органмен, қалалық білім басқармасымен бірлесіп жүргізуде.