Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жыл соңына дейін жалғаса беретін болды.
Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысында осы акцияның жай-жапсары талқыланды. Жиында алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің құрылысы қаралды. Мегаполис басшысы білім беру нысандарын заман талабына сай жабдықтауға баса назар аудару қажеттігін және жобаны жүзеге асыруға мүмкіндігінше жергілікті тауар өндірушілерді тарту маңызды екенін атап өтті. Барлық мектеп ғимараттары мен жиһаздары жайлы, қауіпсіз және оқушылардың білім алу қажеттілігіне сай болуы керек. Қала әкімі бос орындарға конкурс өткізу кезінде білікті кадрларды тартуға баса назар аударуды тапсырды.
Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау мақсатында жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда акция аясында Қошқар ата өзенінің жағалауы, балалар темір жолы, магистральдық көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, абаттандырылып жатыр. Апта сайын әр ауданда сенбілік өткізіліп, тазалыққа қала тұрғындары, еріктілер мен белсенділер атсалысуда.
Сондай-ақ, биыл бес аудандағы 20 көше көгалдандырылып, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жалпы ауданы 376 мың шаршы метр көшелерді көгалдандыру жоспарлануда. Оның ішінде 7 мың қылқан жапырақты, 40 мың жапырақты ағаш отырғызылады. 46 ұңғыма бұрғыланып, автоматты суару жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр.
Жиын соңында қала басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы қалада тек тазалықты ғана емес, қоғамдық тәртіпті де сақтау маңызды екенін атап өтті.
Мегаполисте «Таза Қазақстан» экологиялық акцияның аясында жалпы қалалық тазалық іс-шарасы белсенді түрде өтуде. Оған қала мен аудан тұрғындары, ардагерлер мен жастар атсалысуда. Қатысушылар шөп өру, ағаштарды кесу, тазалау және қоқыстарды шығару жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Орталық саябақта орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішінің аумағы тазаланды.
«Бұл елі үшін құрбан болған арда азаматтарды еске алу мен оларға деген көрсетілген құрмет», - дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.
Іс-шарада Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры – Мария Асқарова «Қасірет» мемориалындағы іс-шараның маңыздылығына тоқталып, оның әрі жас ұрпаққа өнеге, әрі өткен ата-бабалардың рухына көрсетілген тағзым екендігін айтып өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласындағы Бадам өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстарына Тұран ауданының тұрғындары мен коммуналдық сала қызметкерлері, эко-белсенді жастар қатысты.
Қаланың солтүстік-батыс аумағын қамтитын Бадам өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына және қала маңындағы елді мекендерде егін және бау-бақшаларды сумен қамтамасыз ететін бірден-бір өзен.
100-ден астам аудан тұрғындары өзен аумағындағы түрлі қоқыстарды, бей-берекет шөп-шаламдарды және өзеннің суымен жиналған түрлі қоқыстарды тазалап, өзен маңайындағы су көздерін тазалады.
Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника жұмылдырылып, өзен бойындағы шөптер шабылды.
Іс-шараға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.
Эколгиялық акция Қаратау ауданы аумағында да қызу жүргізілуде. «Нұрсәт» шағынауданындағы «Астана» аллеясында 400-ге жуық тұрғындардың қатысуымен кезекті тазалық жұмыстары өтті.
Акция барысында аллея аумағын қоқыстан тазарту, ағаштарды әктеу, көгалдарды қырқу, орындықтарды сырлау және тағы басқа да жұмыстар атқарылды.
Акцияға жергілікті тұрғындардың қатысуымен қатар 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жалпы 50 тонна қоқыс шығарылды, шамамен 500 килограмм бояу пайдаланылды, 3000 метрге жуық қоршаулар боялып, ақталды.
Қоршаған ортаны тазартуға және көгалдандыруға ынталы қатысқан жергілікті балалар мен жасөспірімдердің қатысуы ерекше маңызды болды. Олар үшін бұл олардың тазалық шарасына көмектесудің жолы ғана емес, достарымен және отбасымен ашық ауада уақыт өткізу мүмкіндігі болды.
Көгалдандыру бойынша санитарлық жұмыстар Қаратау ауданының барлық елді мекендерінде көктемнің бірінші күнінен бастап жүргізілуде.
Таңертеңнен басталған «Таза Қазақстан» акциясы Еңбекші ауданындағы Цементшілер шағын ауданында да жалғасын тапты.
Жалпы Цементшілер ауданы қаланың Оңтүстік аумағындағы өндірістік аумаққа жақын орналасқан. Қаладағы түрлі құрылысқа қажетті материалдар осы аумақтан шығарылады. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен тазалыққа жанының құмарлығынан бұл ауданда мұндай тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылып тұрады. Тұрғындар өз аулаларында тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кірісті. Ауладағы шөптер шабылып, ағаштардың түбі қопсытылды. Орындықтар сырланып, балалардың ойын алаңшалары тазаланды. Ал аудандық коммуналдық қызмет өкілдері ағаштарды бұтау, жиналған күл-қоқыстарды арнайы техникаларға тиеу жұмыстарын жүргізді.