Жуырда Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова жұмыс сапарымен келген болатын. Алдымен вице-министр «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, жұмыс барысымен танысты. Аталған орталық 2023 жылдың 2 сәуірінде «Қамқорлық қорының» бастамасымен ашылған еді. Онда аутизм спектрі бар, ментальды бұзылыстар және психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді.
Мекеме 110 орынға лайықталған. Қазіргі сәтте 105 бала қызмет алып жатыр. Балаларды 56 педагог-маман қоғамдық ортаға бейімдеуге ықпал жасайды.
Қызмет алушылар үшін «Қамқорлық қоры», «Қазақстан халқына қоры», «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорлары бірлесе қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаз жиынтықтары және компьютерлік құрылғылар Финландия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізіп, орнатқан.
Балалардың психологиялық жағдайын жақсарту үшін проекциялық интерактивті бөлме, сенсорлық бөлме, музыка-терапия, робото-техника лего, тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. Сонымен қатар, мұндай кабинетте балалармен дефектолог-логопед, психолог мамандар бірге жұмыс-жасайды.
Вице-министр Назгүл Ерікқызы ерекше балалардың ата-аналарымен тілдесіп, орталықтан қызмет алудың нәтижесі туралы, балалардың денсаулығы жайында пікірін тыңдады. Ата-аналар мәртебелі мейманға балаларда оң өзгеріс бар екенін, тілі шықпаған балғындар сөйлей бастағанын, қалада тағы бір осындай орталық ашылса нұр үстіне нұр болар еді деген өтінішін жеткізді.
Қалада ерекше балаларды қоғамға бейімдейтін тағы бір орталықты іске қосу бойынша жұмыстардың алғашқы сатысы басталып кетті. Қазір орталық үшін ғимарат қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева ата-аналарға ғимаратты жабдықтау, арнайы мамандарды даярлау үшін уақыт қажет екенін түсіндірді.
Одан бөлек вице-министр Назгүл Сағындықова «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жұмысымен де танысты. Зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізуге, әлеуметтендіруге арналған орталықта жыл басынан бері 6000 мыңға жуық ардагер қызмет алған екен.
Қала бойынша 89 000-нан астам зейнеткер бар. Орталық қызметтері үлкен сұранысқа ие болғандықтан, Шымкент қаласының әр ауданында бөлімшелер ашуға қажеттілік туындады. Қазірдің өзінде орталықтың үш бөлімшесі зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетіп келеді.
Назгүл Ерікқызы орталықты аралап болған соң үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер және бірқатар мүгедектігі бар азаматпен кездесті. Министрлік тарапынан ақтарылып жатқан жұмыстарды баяндаған вице-министр әлеуметтік саладағы жаңалықтарымен де бөлісіп өтті:
«Өздеріңізге белгілі 2023 жылдың шілдесінде Әлеуметтік Кодекс қабылданды. Кодексте мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, қажетті инфрақұрылыммен қамтуға басымдық берілген. 2025 жылдан бастап әлеуметтік салада жан басына қаржыландыру жүйесі іске қосылмақ. Яғни, әлеуметтік салаға кәсіпкерлерді жұмылдыру жобалары жүзеге асырылады. Жан басына қаржыландыру білім мен медицина саласында жақсы қолданысқа енгізілген. Ендігіде әлеуметтік салаға инвестиция тарту жоспары бар», - деді Назгүл Ерікқызы.
Жиын барысында қоғамдық ұйым жетекшілері сұрақтарын қойып, вице-министрден тұщымды жауап алды.
Аталған ұйымдардан бөлек Назгүл Сағындықова “Ізетті зейнеткер” сауықтыру кешенінің жұмысын да барлап қайтты. Үш қабаттан тұратын мекеме бір мезетте 70 зейнеткерге қызмет көрсетеді.