Жастарға діни экстремизм жайында түсінік берілді

Қысқаша

Жастарға діни экстремизм жайында түсінік берілді

Қазіргі кезеңде дінді өздерінің саяси мақсаттарында қолданатын экстремизм мен терроризм өкілдері мемлекеттер мен қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Дін мен оның құндылықтарын бетперде еткен жалған уағызшылар жаһандық деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызып, төзімсіздік пен зорлық орнатып жатқаны да рас.

Screenshot_6.jpg

Діни экстремизмнің басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану арқылы өз мүдделеріне біртабан жақындай түседі. 

Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің зорлықпен, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп. Экстремизмнің кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру екенін қарапайыи халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. 

Сол үшін де Шымкент қаласы Дін басқармасының ұйымдастыруымен қала жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында «Noextremism, Noterrorism» акциясы өтті. Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мамандары Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Шымкент көпсалалы колледжінде болып, жастарға қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған діни-ағартушылық шараларын жүргізуде. 

Семинарда исламтанушы, РАТТ мүшесі Ермек Бекбосынов, дінтанушы, РАТТ мүшесі Мәди Бесбаев баяндама жасап, іс-шара барысында 500-ге жуық жас қатысты. 

Кездесу барысында экстремистік ұйымдардың негізгі мақсатты аудиториясы идеологиялық көзқарасы қалыптаспаған жастар санаты екендігі айқындалды. Жастардың интернет желісінде белсенділігін пайдаланып, әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылықты насихаттаудың, радикалды идеялардың таралуының стратегиялық құралы ретінде қолданылатындығы, әлеуметтік желілер мен SMM жарнамалық құралдарын пайдалану арқылы халықаралық террористік ұйымдардың көшбасшылары өз аудиториясының негізгі қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес материалдар дайындайтындығы туралы ақпарат берілді. Жаңа технологиялардың даму ғасыры жастар арасында онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетігін құру қажеттілігін айқындады.

Сонымен қатар бұл экстремизм мен терроризмнің алдын алу және қарсы әрекет бойынша заманауи әдістердің жасақталуына және енгізілуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кездесу барысында қатысушылардың мазалаған сұрақтарына тұщымды жауаптар да берілді.