Сан емес сапа маңызды: Шымкентте жол инфрақұрылымын жамыту үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынуда

Қысқаша

Сан емес сапа маңызды: Шымкентте жол инфрақұрылымын жамыту үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында жол инфрақұрылымы, жолдардың сапасы туралы Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге бірқатар тапсырмаларды жүктегені белгілі. Осы бағытта  Шымкентте бірқатар жоспарлы жұмыстар іске асырылып жатыр.  Жұмыстар қаладағы жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендеуіне бағытталған. 

Screenshot_2.jpg

Шымкент қаласы Өңірлдік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қаладағы негізгі жолдардың бірі - Қонаев даңғылы. Ондағы жол құрылыс жұмысы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. Ал 2 және 5-кезеңдер бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Қонаев 2-кезеңі мен Өтегенов 1,2-кезеңін биыл аяқтау жоспарланған. 

Айта кету керек, А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрса, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілген болатын. Қазіргі кезде 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 5 және 6- кезеңдері қолданысқа беріледі.

Мегаполистегі Алтынсарин көшесін қайта жөнделмек. Ондағы негізгі мақсат- Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту Сондай-ақ, шаһардағы Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы, биыл орташа жөндеуден 144 көше өтеді.

Қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және кейбір көшелердегі шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу жұмыстары жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. Яғни, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарланған.

Бүгінде Шымкент ерекше қарқынмен өсіп, тұрғындар саны да жылына артып келеді. Бұл әрине ,қаланың жол инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіреді. Себебі, автокөлік көбейіп, нәтижесінде кептеліс орын алады. Сондықтан, көшелердің сапалы, қауіпсіз, оңтайлы болуы маңызды.

Шаһарда осы бағытта қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылып, 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Айта кету керек, микросюрфейсинг технологиясының ерекшелігі суды сіңірмейді, жол сораптарын болдырмайды, жолдың пішінін түзейді, автомобиль көлігінің қозғалыс барысындағы шуды азайтады. Аталған жол жабындысы ауыр салмақтың түсуіне төзімді келеді және 5 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. 

Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылмақ. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.

Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғырту да негізгі жұмыстардың бірі. Осы бағытта бірқатар қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, жол белгілері, бағдаршамдар орнатылып, жаңартылуда. 

Жалпы, қалада қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Сонымен бірге, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде қала аумағында 1886 аялдама бар. Оның 500-і жаңа.  Ал, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылмақ. Сонымен бірге, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Кейбір қауіпті учаскелер, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілер қойылады. 

Тағы бір маңызды іс-шараның бірі- жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Ол жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыратын болады. Өйткені, заманауи қаланың нәтижелі әрі қарқынды дамуы үшін оның талаптарын қанағаттандыра алатын көлік жүйесі болуға тиіс. Осыған орай жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі ITS-ке қосылады.