1900 отбасы арендалық пәтермен қамтылады

Қысқаша

1900 отбасы арендалық пәтермен қамтылады

Президент тапсырмасына сәйкес биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы саны 1900 отбасы арендалық пәтермен қамтылатын болады. 

Screenshot_18.jpg

Оның ішінде тұрғын үй кезек реттілігі бойынша 449 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Бұдан бөлек 900 пәтерге жұмыс істейтін жастар қоныстанатын болады.

Өткен жылы қалада 1687 арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз үлестірілген болатын. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жұмысшы жастар мен түрлі санаттағы кезекте тұрған азаматтар бар.

Құрылыс басқармасы тарапынан биыл 239,0 мың шаршы метрді құрайтын 2 950 пәтерлі 73 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін Тұран шағынауданында 2 үй, Бозарық елдімекенінде 38 үй, Ақжайық шағынауданында 33 үй салынады.

Сонымен қатар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1264 пәтер сатып алуға бюджеттен 22,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеуметтік осал топтарына 364 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланып отыр.