Үкімет қаулысымен «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» жаңартылып, ол 2029 жылға дейін ұзартылғаны мәлім. Аталмыш бағдарлама өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, бюджет қаражаты есебінен жалақыны көтеру бойынша міндеттемелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау сынды 5 бағытты қамтиды.
Бағдарламада қамтылған бағыттардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Түркістан облысына 2023 жылы республикалық бюджеттен 11,0 млрд теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Соған сәйкес 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтан қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады.
Жобаны іске асыру аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде пилоттық жобаға қатысатын ауылдық округтерде тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша құрылған жұмыс тобы Сайрам ауданы Қайнарбұлақ, Көлкент ауылдық округтарында және Түлкібас ауданы Т. Рысқұлов пен Шақпақ ауылдық округында жиналыс өткізді. Жиын барысында несиелеу шарттарын, кооперация құру механизмі, пилоттық ауылдық округтағы жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру тиімділіктері түсіндірілді. Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілмек. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде 5,5 млрд теңгені құрайтын 843 өтінім қабылданған. Несие комитетімен 2,1 млрд теңгені құрайтын 437 өтінім мақұлданды. Қазіргі таңда 164,5 млн теңге көлемінде 31 жоба қаржыландырылды.