Филология ғылымының докторы, профессор Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов көз жұмды.
Ол 1929 жылы 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Аршалы ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті орыс журналистика бөлімін үздік дипломмен бітірген. 1951–1959 жж. Шығыс Қазақстан облыстық "Алтай большевигі", кейін "Коммунизм туы" газетінде істейді. 1963 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет теориясы бөлімінің аспирантурасына түседі. "Қазақ романы және қазіргі заман" тақырыбына кандидаттық диссертация қорғайды.
1964 жылы «Газет жанрлары» атты оқу құралы, 1968 жылы "Казахский роман и современность" атты монографиясы жарық көрді. "Мағжан" монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕНклубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері. Көркем публицистикасы үшін Ш.Елеукеновке Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығы берілген.
"Емтихан" атты сатиралық комедиясы Абай атындағы Жамбыл облыстық және Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрларында қойылды. Бірқатар пьесаларды қазақ тіліне тәржімалады. Екі дүркін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құрамына, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болды. Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесінің мүшесі, ГДРмен достықтың Кеңес қоғамы қазақ бөлімінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі секілді қоғамдық жұмыстарды ұзақ жылдар бойы атқарып келеді.
"Құрмет Белгісі" орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрмет Грамоталарымен марапатталған. "Баспа және полиграфия ісінің қайраткері". Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиянты. "Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері".