Инвестиция–игілік көзі

Қысқаша

Инвестиция–игілік көзі

шымкент май фото.jpg

Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, мегаполистің сыртқы сауда айналымы өткен 2 жылдың (2021-2022 жылдар) қорытындысы бойынша 2 млрд. 603,8 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұған дейін (2019-2021 жылдары) бұл көрсеткіш 1 миллиард 924,8 миллион АҚШ доллары болған еді.

Яғни өткен екі жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскен. Есесіне импорт та 1. 7 млрд. АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға ұлғайған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібі секторында 54 кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты түрде экспорттап отыр. Сыртқа жөнелтілген өнімдердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Түркия, Қытай елдеріне жол тартқан.

Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өнімдерін экспортқа жылжыту мақсатында басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынған. Мәселен, 2022 жылдың сәуірінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ бірлескен өңірлік кеңес өткізген болатын. Онда қала экспортын дамытуға қатысты тосқауыл, кедергілер мен шектеулер мәселесі талқыланды. Экспорттаушы кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ 19 компанияның 32 өтінімін мақұлдаған. Отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жеткізу шығындарының бір бөлігін өтеуге 559,6 миллион теңге субсидия тағайындалды. Мемлекеттік қолдауға ие болған компаниялар ішінде «Бал Текстиль», «Шымкентмай», «Asia Trafo», «Стандарт Цемент» секілді белгілі өндіріс орындары бар.

Сонымен бірге «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» шымкенттік 3 компанияның өтінімдерін мақұлдады. Жалпы құны 5.4 млрд теңгені құрады. Бұл компанияларға «Шымкентмай» АҚ, «AIIG KAZAKHSTAN», «Sweet ldeas-KZ» ЖШС-лар кірді.

 Осылайша мемлекет мегаполис экономикасының дамуына қолдау білдіріп отыр. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтып өткен.

 «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз.  Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және  цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.  Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар: Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту; Бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру; Сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу» деді Мемлекет басшысы.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімдігі Президент тапсырмасына орай экономиканың негізгі капиталына инвестиция тарту жұмыстарымен қызу айналысып жатыр. «SHYMKENT INVESTMENT - 2023» өңіраралық инвестициялық форумы осы міндетті іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Ауқымды шарада еліміздің оңтүстік өңірлері — Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының инвестициялық әлеуетін арттыру, экономикалық ахуалды күшейту мен өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша мәселелер талқыға түсті.

 Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша форумның басты ерекшелігі — алғаш рет оңтүстік өңірлермен бірлесіп, инвестиция тақырыбында маңызды басқосу өтті.

 «Үш облыс пен мегаполис кәсіпкерлерін бір ортаға жинап, оған қоса атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқыладық. Мұнда Шымкенттің ғана емес, тұтас оңтүстік аймақтың мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделді. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдірді. Нәтижесінде жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Ең ірі жобалардың ішінде үндістандық «Medanta» компаниясының қаржыландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақ үйі бар» деді басқарма басшысы.

 Ә.БАЛТАБАЙ