Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласынн абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы жауапты мамандарға санитарлық талаптарды сақтап, сақтық шараларын қолға алу керектігін ескертті.
«Коронавирус инфекциясына қатысты өңірдегі көрсеткіштер қуантарлық емес. Облыс аумағында карантин және шектеу іс-шаралары коронавирус індеті эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталатын болады. Осыған орай, барлық аудан– қала әкімдері, басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік органдар шектеу шараларына сәйкес жұмыс атқарулары қажет. Түркістан облысында карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Әсіресе құрылыс саласында сақтық шаралары мен тәртіпті күшейту керек»,-деді Өмірзақ Шөкеев.
Айта кетейік, қаладағы «Желілік саябақ» абаттандыруы аяқталуға жақын. Субұрқақ құрылысы мен жалпы суару жүйесі толық біткен. Қазіргі таңда сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы мен ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары мен аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстары аяқталуға жақын. Саялы бақта бассейндер салынып, жарық шамдар қойылған. Сан алуан түрлі гүлдер мен бағалы ағаш түрлері отырғызылған. Ал, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстары 4 кезеңге бөлінген. Мұражай аумағында жер тегістеліп, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Субұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 82 жұмысшы жұмылдырылған. Тұңғыш Президент саябағында кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталды. Жер тегістеліп, жарық жүйесі жүргізіліп, сыртқы су сүйесімен толық қамтамасыз етілген. Саябақ аумағында 2000-ға жуық түр ағаш егілген.