«Vivood Tau» – экотуризмнің жаңа тынысы

Қысқаша

«Vivood Tau» – экотуризмнің жаңа тынысы

image.png

Соңғы жылдары табиғат аясында жайлы демалысты қалайтындардың арасында глэмпинг ерекше сұранысқа ие бола бастады. Табиғатпен етене жақын болуды заманауи жайлылықпен ұштастыратын бұл демалыс түрі әлемнің көптеген елдерінде кеңінен дамып келеді. Қазақстанда да экотуризмнің жаңа бағыты ретінде глэмпингке қызығушылық артып, табиғаты көркем өңірлерде осындай демалыс орындары көбейіп келеді.

Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан «Vivood Tau» демалыс кешені – осы бағыттағы ерекше туристік нысандардың бірі. Таза тау ауасы, мөлдір өзен, жасыл табиғат пен таңғажайып күннің шығуы мен батуын тамашалауға мүмкіндік беретін кешен жыл бойы келушілерге қызмет көрсетеді.

image.png

Кешенде панорамалық терезелері бар заманауи шағын үйлер мен глэмпингтер орналасқан. Табиғат аясындағы жайлы демалыс үшін қажетті барлық жағдай қарастырылған. Қонақтарға таза төсек-орын, мангал, самауыр, қазан, ас үйге қажетті ыдыс-аяқ ұсынылып, таңғы ас қызметі де қамтылған.

image.png

Белсенді демалысты ұнататындар үшін қосымша қызмет түрлері де қарастырылған. Қонақтар атқа мініп серуендеп, садақ атуды сынап көре алады. Бұл демалысқа ерекше әсер сыйлап, табиғатпен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Табиғаттың көркем көрінісі мен заманауи жайлылықты үйлестірген «Vivood Tau» бүгінде Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің туристік әлеуетін арттырып отырған ерекше демалыс орындарының бірі саналады.