Түркістанда «Brownfield» үлгісіндегі 2 өндірістік ғимарат салынуда

Қысқаша

Түркістанда «Brownfield» үлгісіндегі 2 өндірістік ғимарат салынуда

Screenshot_30.jpg

Кәсіпкерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отырған Түркістан индустриалды аймағының бүгінгі жай-күйі, тыныс-тіршілігі жайлы білу мақсатында қалалық "Түркістан" газетінің тілшілері «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының бас директоры Талғат Алпысбайұлы Қыдырбаевқа жолығып, сұхбат алды.

– Түркістандық кәсіпкерлердің арасында жаңашылдыққа ұмтылғандары бар ма?

– Иә, осы жөнінде айтайын деп отырған едім. Түркістан облысында бұрын-соңды жасалмаған құрылысқа қажетті «3D» торлар шығарыла бастады. Облыста алғашқы рет Түркістан қаласында өндіріліп отыр. Бұл Шымкент қаласында да қолға алынбаған болатын. Осы торды жергілікті «Мирас ДАМУ лтд» ЖШС шығарып отыр. Арнайы құрал-жабдықтарын шетелден алып келді.

– Алдағы іс-жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Біз қазір жаңадан ұлғайтылған 310 га жерді 3 кезеңге  бөлдік. Атап айтсақ, 2019 ж, 2020 ж, 2021 жылда атқарылатын жұмыстар. Бүгінде республикалық бюджеттен 4 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге, жалпы 5,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл жұмыстар Үкіметтің 5 жылдық өңірлік кешенді даму жоспарына енгізілген. Алғашқы 1-інші кезең бойынша 100 га жерді игеріп жатырмыз. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймақтың «Аркасы» мен қоршау жұмыстары жасалынуда. Сонымен қатар, АБК және «Brownfield» үлгісіндегі 2 өндірістік ғимарат салынып жатыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын өте мұқият бақылауда. Айына екі рет кәсіпкерлермен кездесіп тұрады. Облыс басшысының қолдауымен жұмыстарымыз жандануда.

2019 жылы 3 сәуірде индустриалды аймақтардың басқарушы компаниялары және арнайы экономикалық аймақтар туралы заң шыққан болатын. Қазіргі таңда біз осы заң аясында көп шаруаларды атқарып жатырмыз.

Қазіргі жаңалығымыз қыркүйек айынан бастап электр энергиясын сатуға лицензия алдық. Бұл дегеніміз, индустриалды аймақтағы кәсіпорындарға арзандатылған бағада электр қуатын жеткізу мүмкіндігіміз пайда болды. Дәл қазіргі таңда Түркістанда кәсіпкерлер электр қуатының бір киловатына 27 теңгеден төлеп отыр. Біз осыны 15-20 пайызға азайтсақ деп отырмыз.

Жаңа заңның тағы бір жаңалығы кәсіпкерлерге жерді біз өзіміз келісім-шарт бойынша береміз. Бұрын оларға аудан, қала әкімі қаулы шығарып, жер комиссиясына баратын. Бұдан кейін облыс әкімінің қаулысы шыққаннан кейін жер берілетін. Жаңа заң бойынша оның бәрі алынып тасталды. Басқарушы компания жерді өзімізге 49 жылға аламыз. Бүгінгі күнге дейін Қазығұрт, Кентау қаласының жерлерін өзімізге рәсімдеп алдық. Түркістан қаласының жерін өзімізге алуға құжаттары дайындалу үстінде. Біз жерді өзімізге алғаннан кейін кәсіпкерлерге келісім-шарт арқылы беретін боламыз. Олар келісім-шартты әділет басқармасына тіркеткеннен кейін заңды түрде сол жерге меншік құқы пайда болады. Сонда бір құжатпен жерді өздеріне жеңілдікпен рәсімдеп алады. Мысалы: бұрын 6-8 айға дейін созылатын құжат рәсімдеу жұмысы бір келісім-шартпен бітетін болды.