Кәсіпкерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отырған Түркістан индустриалды аймағының бүгінгі жай-күйі, тыныс-тіршілігі жайлы білу мақсатында қалалық "Түркістан" газетінің тілшілері «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының бас директоры Талғат Алпысбайұлы Қыдырбаевқа жолығып, сұхбат алды.
– Биылғы жылы жаңадан өз істерін бастап отырған кәсіпкерлер бар ма?
– Иә, жаңадан 2 мекемені іске қосатын боламыз. «Соут Aлю Пласт» ЖШС мекемесі құны 600 млн. теңгеге жақын зауытын іске қоспақшы. Бүгінгі таңда бұл мекеме дайын асфальт шығарып, Түркістан қаласының жолдарының жақсаруына өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, «Айбек ЛТД» ЖШС мекемесі құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын 240 млн теңгелік өндіру цехын іске қоспақшы. Бұл екі кәсіпорын да желтоқсан айының соңына дейін іске қосылатын болады. Қазіргі таңда жұмыстарын жүргізу үстінде. Жалпы жаңадан 60 адам жұмыспен қамтылмақ.
– Түркістан индустриалды аймағын дамыту мақсатында қандай игі тірліктер атқарылуда? Дәл қазіргі таңда осы аймақта қандай құрылыс жұмыстары жүргізілуде?
– Әлемдік тәжірибені ескеріп, 40-50 жыл тәжірибесі бар индустриалды аймақтарда қолданылатын «Brownfield» үлгісінде 2 өндірістік ғимарат салып жатырмыз. Әрқайсысы 2400 шаршы метр алаңда, оның ішінде 3 қабатты кеңселік ғимараты қоса салынады. Бұл «Brownfield» үлгісіндегі ғимаратта кәсіпкерлер мен инвесторлар өздерінің өндірістік құрал-жабдықтарын қойып, бірден іс жүргізуіне мүмкіндік беріледі. Ендігі жерде кәсіпкер бұрынғыдай жер алып, оған құрылыс жұмыстарын жүргізбейді. Біз кәсіпкерлерге өз жұмысын бірден бастап кетуге дайын ғимарат береміз. Бұл орын Балтакөлге барар жолдың бойында. Бұдан бөлек әкімшілік тұрмыстық кешен (АБК) салып жатырмыз. Бұл мекеме бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін болады. Жаңадан кәсібін ашқалы жүрген кәсіпкерлерге біздің мамандар кеңес беріп отырады. Сонымен қатар, әкімшілік тұрмыстық кешен (АБК) ғимаратының ішінде көрме залы болмақ. Бұл көрмеге индустриалды аймақта өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің шығарған өнімдері қойылады. Біз келген тұтынушыларға кәсіпкерлеріміздің шығарған өнімдерін жарнамалап, көрсететін боламыз.