Сұлулыққа ұмтылған адамның денсаулығына қауіп төнеді деп кім ойлаған? Әсіресе пластикалық хирургияға жүгінгенде адам ең алдымен маманның кәсіби біліміне, тәжірибесіне және медициналық қызмет көрсетуге қажетті рұқсаттарының бар-жоғына сенеді.

Алайда тиісті біліктілігі мен лицензиясы жоқ адамның қолына түсу орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Шымкентте осындай жағдайға байланысты қылмыстық іс қаралып, сот тиісті құжаттары жоқ адамның медициналық қызмет көрсетуінің ауыр салдарын анықтады. Шымкент қаласы прокуратурасының хабаралуынша, сотталушының пластикалық хирургия саласында қажетті маман сертификаты мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткені белгілі болған. Ол жәбірленушіге блефаропластика, яғни қабаққа жасалатын пластикалық операция жүргізген.
Алайда операция күткендегідей нәтиже бермеген. Медициналық араласудан кейін жәбірленуші бір көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан. Сөйтіп, сыртқы келбетін өзгерту мақсатында жасалған ота адамның денсаулығына ауыр зардап әкелген.
Сот үкімімен тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сотталған адамға 3 жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Бұл жағдай медициналық қызметті кімнен және қай жерде алу керектігіне тағы бір мәрте назар аудартады. Әсіресе хирургиялық операция, оның ішінде пластикалық ота жасататын азаматтар үшін маманның кәсіби біліктілігі мен медициналық ұйымның лицензиясы маңызды.
Абай ауданының прокуратурасы азаматтарға лицензиясы жоқ, тиісті біліктілігі мен рұқсат құжаттары болмаған адамдарға медициналық қызмет көрсетуді сеніп тапсырмау қажеттігін ескертеді.




