«Заң мен тәртіп» баршаға ортақ

Қысқаша

«Заң мен тәртіп» баршаға ортақ

чШымкенттің тазалығы мен көркіне көлеңке түсіретін келеңсіздіктердің бірі – қоқысты белгіленбеген жерге төгу. Қаланың әр аумағында мұндай әрекетке жол бермеу мақсатында бақылау күшейтіліп, құқық бұзушыларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Screenshot_9.png

Өйткені тазалық мәселесі тек абаттандыруға ғана емес, тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаның жағдайына да тікелей қатысты.

Жуырда осындай бақылау шараларының барысында белгіленбеген орынға қоқыс төккен КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Құқық бұзушылық бейнебақылау жүйелері мен дрондардың көмегі арқылы жүргізілген мониторинг кезінде тіркелген. Тазалық талаптарын сақтамаған жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ауыр жүк көлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Бұл – қала аумағын ластауға немқұрайлы қарайтындарға жасалған кезекті ескерту. Қоқысты кез келген жерге төгу, құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген аумаққа шығару немесе тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастау қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етеді. Оның үстіне мұндай әрекеттер елді мекеннің сыртқы келбетіне нұқсан келтіріп, тұрғындарға қолайсыздық туғызады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қала тазалығына, экологиясына және абаттандырылуына кері әсер ететін 32 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Осы фактілер бойынша салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы мөлшері 90,5 миллион теңгеге жеткен. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Бақылау барысында қоғамдық орындардың тазалығы, абаттандыру талаптарының орындалуы және қоқысты белгіленбеген жерге төгу фактілеріне баса назар аударылуда.

Әрине, қала тазалығын тек полицияның немесе коммуналдық қызметтердің жұмысы арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл мәселеде тұрғындардың жауапкершілігі де айрықша маңызды. Қоқысты белгіленген орынға шығару, ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластамау және табиғатқа ұқыпты қарау – өркениетті қоғамның қарапайым талаптары. Таза қала – ең алдымен, оның тұрғындарының мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан Шымкенттің көркін сақтау әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталады.