Қазір телефонға келген бір қоңырау немесе әлеуметтік желідегі бір хабарлама адамның тағдырын әп-сәтте өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұрын алаяқтан сақтану үшін көшеде әмиянға, базарда қалтаға абай болу жеткілікті болса, бүгінгі қауіптің ауқымы әлдеқайда кең.

Алаяқ енді жаныңа келіп тұрмайды. Бір қоңыраумен, жалған сілтемемен, қолдан жасалған сайтпен немесе әлеуметтік желідегі хабарламамен-ақ адамның есепшотына қол жеткізе алады. Сондықтан интернет-алаяқтық бүгінде жекелеген азаматтың мәселесі емес, қоғам қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселеге айналып отыр.
Шымкентте де бұл бағыттағы жағдай алаңдатпай қоймайды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мегаполисте интернет-алаяқтықтың 330 фактісі тіркелген. Оның ашылу деңгейі 41,3 пайыз болған. Кейінгі мәлімет бойынша, жыл басынан бері қалада мұндай 363 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 155-і ашылған.
Бұл сандардың ар жағында нақты адамдардың тағдыры тұр. Біреу банк картасының деректерін айтып қояды, енді бірі өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтың сөзіне сенеді. Кей жағдайда «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «шотыңыздан күдікті операция жасалды», «қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» деген сияқты тәсілдер қолданылады. Соңғы кезде мемлекеттік органдардың атын жамылып хабарласатындар да көбейген. Бас прокуратура қыркүйекте алаяқтардың өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға олардың атына электрондық цифрлық қолтаңба рәсімделгені немесе басқа да әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат беретін жаңа тәсіл пайда болғанын ескертті.
Демек, интернеттегі қауіптің түрі өзгерген сайын оған қарсы тұру тәсілі де өзгеруі тиіс. Қылмыскерді іздеп, қолға түсірумен қатар, азаматтың өзін алаяқтың құрбаны болмауға үйрету маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Шымкентте қолға алынған жұмыстардың мәні зор.
Бұған дейін де хабарлағанымыздай, Шымкентте қыркүйек «Кибермәдениет айы» ретінде белгіленіп, білім беру ұйымдарында ақпараттық қауіпсіздік пен кибергигиенаға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – жастарға ғана емес, жалпы тұрғындарға цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдысын қалыптастыру. Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында өткен кездесулерде дербес деректерді бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау, белгісіз файлдарды жүктемеу, күрделі құпиясөздер пайдалану және аккаунттарға екі факторлы қорғау орнату мәселелері түсіндіріліп келеді.
Осындай түсіндіру жұмыстарының бірі М.Әуезов атындағы оқу орнында өтіп, оған 400-ге жуық студент қатысты. Шымкент қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастарға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері мен қаскөйлер қолданатын әдістер туралы айтып берді. Әсіресе банк картасының нөмірі мен құпия кодтарын, SMS арқылы келетін растама кодтарын ешкімге айтпау, күмәнді ұсыныстарға сенбеу қажеттігі ескертілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек оқу орындарындағы кездесулермен шектеліп отырған жоқ. 17 қыркүйекте Шымкентте «Киберқауіпсіздік күні: цифрлық гигиена және деректерді қорғау технологиялары» тақырыбында қалалық форум-семинар ұйымдастырылды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, IT мамандары мен студенттер қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу, дербес деректерді қорғау және цифрлық сауаттылық мәселелерін талқылады. Бұған дейін М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялық колледжінде, №90 мектеп-гимназиясында, №89 мектеп-лицейінде және басқа да білім беру ұйымдарында осындай түсіндіру кездесулері өткен. Яғни қалада киберқауіпсіздік мәселесін жастардың санасына ертерек сіңіруге бағытталған жүйелі жұмыс қолға алынған.
Әрине, алаяқтықпен күресте полиция мен мемлекеттік органдардың жұмысы маңызды. Бірақ цифрлық кеңістікте ең бірінші қорғаныс шебі – азаматтың өз сақтығы. Телефонның ар жағындағы адамның кім екенін анық білмей тұрып оның талабын орындау, банк деректерін айту немесе бейтаныс сілтемеге өту – үлкен тәуекел.
Сондықтан киберқауіпсіздік мәдениеті бір айлық науқанмен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы керек. Өйткені интернеттегі алаяқтықтың әдісі өзгеруі мүмкін, ал сақтық пен сауаттылық әр адамның өз қолында.




