Қала қауіпсіздігі

Қысқаша

Қала қауіпсіздігі

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 

Screenshot_7.png

Бұл ретте басты назар қылмыс орын алғаннан кейін оның салдарымен күресуге ғана емес, заңбұзушылықтың алдын алуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамда кез келген тәртіп бұзушылыққа төзбеушілік қалыптастыруға аударылуда. Өйткені қауіпсіз қала қалыптастыру полицияның ғана міндеті емес, тұрғындардың да белсенді ұстанымын талап етеді.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мәні де осында. Заңға құрметпен қарау, белгіленген талаптарды сақтау және құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамау қоғамдық өмірдің ажырамас қағидасына айналуы тиіс. Осы бағытта Шымкент қаласының Полиция департаменті профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда.

Соның бірі – есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы мен жарнамасының алдын алуға бағытталған «Шымкент есірткісіз қала» акциясы. Ауқымды шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды қоса алғанда, 3000-ға жуық адам қатысты. Қатысушылар саптық жиыннан кейін қаланың бес ауданына бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірге белгіленген аумақтарды аралады. Қала аумағындағы тұрғын үйлердің қабырғалары, қоршаулар және басқа да нысандар тексеріліп, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды.

Мұндай шаралардың маңызы – тек заңсыз жазуларды өшірумен шектелмейді. Есірткіні насихаттау мен таратуға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру да маңызды. Әсіресе жастар арасында заңсыз әрекеттің салдарын түсіндіру, есірткіге қатысты кез келген ұсынысқа күмәнмен қарауға үйрету және күдікті фактілерді тиісті органдарға хабарлау – алдын алу жұмысының тиімділігін арттырады.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде азаматтардың белсенділігі мен құқық қорғау органдарына деген сенімінің орны ерекше. Тұрғындар құқық бұзушылық туралы ақпаратты уақтылы жеткізген сайын полицияның да тиісті шара қабылдау мүмкіндігі артады. Ал азаматтардың хабарламасына заң аясында жедел әрі сапалы жауап беру құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайта түседі. Осылайша қауіпсіздік саласында мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік қалыптасады.

Шымкентте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар есірткі мәселесімен ғана шектелмейді. Қала аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – атыс қаруын пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, заңсыз айналымдағы қаруды анықтау әрі тәркілеу, сондай-ақ қару айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту.

Іс-шара барысында азаматтық қару иелерінің тұрғылықты мекенжайлары бойынша қаруды сақтау талаптарының сақталуы тексеріліп, қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және пайдалану фактілерін анықтауға ерекше назар аударылды. Мұндай бақылау қару қолданылатын қылмыстардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.