Қыркүйек – «Кибермәдениет айы»

Қысқаша

Қыркүйек – «Кибермәдениет айы»

Шымкентте қыркүйек «Кибермәдениет айы» ретінде  белгіленді. Қалалық цифрландыру басқармасы цифрлық қоғам үшін аса маңызды бастамалардың бірін қолға алып отыр. Өйткені интернет пен заманауи технологиялар адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі саналады.

Screenshot_6.png

Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі де қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының біріне айналуда. Әсіресе жастардың интернетті белсенді пайдаланатынын ескерсек, оларды киберқауіптерден қорғау тек техникалық мәселе емес, құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілікке тікелей қатысты міндет.

Осыған байланысты Шымкентте жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде киберқауіпсіздікке қатысты ауқымды түсіндіру жұмыстары басталды. Қаланың білім беру ұйымдарында өтіп жатқан кездесулердің басты мақсаты – жастарға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйрету ғана емес, оларды цифрлық ортада кез келген күмәнді әрекетке сыни көзбен қарауға, өз құқықтары мен жауапкершілігін білуге тәрбиелеу.

Бұл бағыттағы жұмыстар Орталық Азия инновациялық университетінде де жалғасын тапты. Мұнда студенттер мен оқытушылардың қатысуымен кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды. Жиынға цифрлық сауаттылық саласының сарапшылары, полиция қызметкерлері мен заңгерлер қатысып, интернет кеңістігінде кездесетін қауіптердің түрлері мен олардан қорғану жолдарын түсіндірді. Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері көбейіп келеді. Алаяқтар адамдарды жалған инвестициялық жобаларға тарту, банк қызметкерлері ретінде хабарласу, әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы сенімге кіру немесе жеке мәліметтерді иемдену сияқты әдістерді қолданады. Мұндай жағдайда азаматтың цифрлық сауаты оның жеке басы мен қаржысын қорғаудың маңызды тетігіне айналады.

Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаевтың айтуынша, тиімді алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында басқарма құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты жолға қойған. «Полиция департаменті мен біздің басқарма арнайы жұмыс тобын құрып, белсенді жұмысқа кірісті. Басты мақсатымыз – оқушылар мен студенттерге заң талаптарын түсіндіру, қазіргі таңда кездесетін қауіп-қатерлер туралы ақпарат беру, қателіктерге жол бермеуге көмектесу және алаяқтардың арбауына түсуден сақтандыру. Жастарды күмәнді схемалардан аулақ болуға шақырамыз», – деді Ернұр Қырғызбаев.

Бұл жерде «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де айқын көрінеді. Цифрлық кеңістікте жасалған құқық бұзушылық та нақты өмірдегі заңбұзушылықпен бірдей жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан интернетті пайдаланатын әр азамат өзінің әрекеті үшін жауап беретінін түсінуі қажет. Әсіресе жастардың алаяқтардың схемасына кездейсоқ немесе әдейі араласуының алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымдары мен жалпы қоғамның ортақ міндеті.

Профилактикалық жұмыстардың ауқымы да біртіндеп кеңейіп келеді. Ернұр Қырғызбаевтың айтуынша, бүгінде бес университет, үш колледж және үш мектеп қамтылған. Алдағы уақытта мұндай түсіндіру жұмыстары қаланың барлық білім беру ұйымдарында жалғаспақ. «Қазіргі таңда интернет-алаяқтық кең таралған. Сондықтан біздің міндетіміз – нақты мысалдар арқылы цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын түсіндіру. Цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын заманда жастардың алаяқтардың арбауына түспеуі үшін барынша сақ болғаны маңызды», – деп атап өтті Ернұр Қырғызбаев.

Мамандар жастарға күнделікті қолданатын қарапайым қауіпсіздік талаптарын да еске салуда. Күрделі құпиясөз пайдалану, екі факторлы аутентификацияны қосу, күмәнді сілтемелерді ашпау, бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу – киберқауіпсіздіктің негізгі ережелері. Сонымен бірге интернеттегі кез келген ақпаратқа сене бермеу, күмәнді ұсыныстарды тексеру және эмоцияға берілмей шешім қабылдау да маңызды.

Кездесулер барысында дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Өзінің банк картасын немесе есепшотын бөгде адамдарға беріп, заңсыз қаржы операцияларына қатысудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан жастарға «оңай ақша» туралы ұсыныстардың артында заңсыз әрекет тұруы ықтимал екені түсіндірілуде.

Мұндай профилактикалық шаралар «Қауіпсіз қоғам» жобасының мақсаттарымен де үндеседі. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін азамат тек қылмыстан қорғалуы жеткіліксіз. Ол заңды білуі, құқық қорғау органдарына сенуі, күмәнді немесе заңсыз әрекетті байқаса, тиісті органдарға хабарлай алуы және өзі де заңбұзушылыққа жол бермеуі қажет.

Бұл ретте полиция мен басқа да құқық қорғау және арнайы органдардың халықпен ашық байланысы ерекше маңызға ие. Азаматтар қауіп-қатер туралы ақпаратты жасырмай жеткізгенде, ал мемлекеттік органдар олардың мәселесіне уақтылы әрі заң аясында жауап бергенде өзара сенім қалыптасады. Мұндай сенім қоғамның құқық бұзушылыққа қарсы иммунитетін күшейтеді.