Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Қысқаша

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. 

Screenshot_5.png

Бұл ретте тәртіп сақшыларының басты міндеті құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу, азаматтарға заң талаптарын түсіндіру және әр адамның өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету болып отыр.

«Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе жаңа оқу жылы басталған кезеңде мектеп маңындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Шымкент қаласының полицейлері ата-аналарға балаларын мектепке әкеліп, алып кету кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыруда. Көлікті тек арнайы рұқсат етілген және қауіпсіз орындарға тоқтату – жүргізушінің ғана емес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де маңызды талабы. Жол жиегіне, жаяу жүргіншілер өткеліне немесе басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіретін орындарға тоқтау жолдағы қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін. Кей жағдайда ата-ананың баласын мектепке жақынырақ жерден түсіремін деген әрекеті өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайсыз жағдай туғызады. Сондықтан полиция қызметкерлері ата-аналарды жол қозғалысы талаптарын сақтауға, мектеп маңында көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Баланың қауіпсіздігі – тек полиция мен мұғалімдердің емес, ең алдымен ата-ананың тікелей жауапкершілігі.

Қауіпсіздік мәселесі тек жол қозғалысымен шектелмейді. Жуырда Шымкент қаласында түнгі кезекшілік кезінде патрульдік полиция қызметкерлері көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген екі кішкентай баланы байқап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тәртіп сақшылары балаларды патрульдік көлікке отырғызып, 102 арнасы арқылы олардың ата-аналарын анықтау жұмыстарын жүргізген. Көп ұзамай ата-аналарымен байланыс орнатылып, бүлдіршіндер аман-есен отбасына жеткізілді. Балаларының дін аман табылғанына қуанған ата-аналар полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Бұл оқиға да балаларды қараусыз қалдырмаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Кішкентай балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген немқұрайлылық күтпеген жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты полиция ата-аналарды балаларының қайда жүргеніне, кімдермен араласатынына және бос уақытын қалай өткізетініне тұрақты назар аударуға шақырады.

Шымкентте жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – қоғамда құқықтық сананың деңгейін арттыру. Құқықтық сана дегеніміз тек заңдарды білу емес, оларды күнделікті өмірде сақтау, өз құқығыңды пайдалана отырып, өзгенің құқығы мен қауіпсіздігіне де құрметпен қарау.

Заңның үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары әрбір азаматтың әрекетінен басталады. Жол ережесін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау – құқықтық мәдениеттің нақты көрінісі. «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамда орнығуы үшін полицияның жұмысы ғана жеткіліксіз. Бұл іске ата-ана, ұстаз, жастар және жалпы қоғам болып үлес қосуы қажет.