Шымкентте комплаенс қызметтері мамандарының кәсіби форумы өтті. Маңызды жиынға қаладағы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында еңбек ететін 170-тен астам комплаенс маманы қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы заңнамалық өзгерістерді талқылап, тәжірибе алмасты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған жиынның негізгі мақсаты – комплаенс қызметінің жұмысын жетілдіру, ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ғана әрекет ету жеткіліксіз. Ең басты міндет – заңбұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, олардың жолын кесу. Осы тұрғыдан алғанда комплаенс қызметінің маңызы артып келеді.
Комплаенс қызметі ұйым жұмысының заң талаптарына, ішкі ережелер мен іскерлік этика қағидаларына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оның мамандары сатып алу, кадрлық шешімдер, қаржылық операциялар және басқа да бағыттардағы ықтимал тәуекелдерді саралап, олардың алдын алу жөнінде ұсыныстар береді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбековтің айтуынша, комплаенс қызметінің басты міндеттерінің бірі – квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Форум барысында мемлекеттік қызмет саласына 1 шілдеден бастап енгізілген өзгерістер мен 13 тамыздан күшіне енген комплаенс қызметінің жаңа үлгілік ережесі түсіндірілді. Жаңа талаптар комплаенс қызметінің мәртебесін нақтылауға, оның жұмысын жүйелеуге және ұйымдардағы ішкі бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Жиынға қатысқан Республикалық комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының сарапшысы Айпара Адибай мамандарға комплаенс институтын дамыту, тәуекелдерді басқару және халықаралық тәжірибені қолдану бағытында ақпарат берді. Форумның практикалық бөлігінде қатысушылар нақты кейстермен жұмыс істеуде. Мамандар топтарға бөлініп, түрлі жағдайлардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, олардың деңгейін бағалап, алдын алу бойынша нақты шешімдер әзірлеуде.
Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарға да ерекше назар аударылып келеді. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, қызмет көрсету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтармен кері байланысты күшейту және мемлекеттік органдар қызметіндегі адам факторын азайту – осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі. Әсіресе құрылыс, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлік және әлеуметтік саладағы шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Халқы миллионнан асқан мегаполисте мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіне қоғам тарапынан қойылатын талап та жоғары.
Комплаенс қызметінің тиімді жұмысы ұйымдардағы заңбұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, басқару сапасын арттыруға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтуге ықпал етеді. Сондықтан мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және заманауи тәуекелдерді басқару тәсілдерін енгізу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Шымкентте өткен форум осы бағыттағы өзекті мәселелерді ортаға салып, комплаенс мамандарының кәсіби байланысын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жиында алынған тәжірибе мен ұсыныстар алдағы уақытта ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және ашық әрі жауапты басқару мәдениетін қалыптастыруға қызмет етпек.




